Өнер ұлтқа, тілге, дінге бө­лінбейді. Ендеше әдебиет те – адамзатқа ортақ құнды­лық. Бір ұлттың туынды­­сының екін­шісі­не жаттығы жоқ. Өйт­кені көр­­кем шығар­ма көпке ор­тақ мә­­­­­се­­­­­­лелерді көтеріп, ру­хани ке­­­­мелдікке жете­лейді.
Жемиле Кынажы: Қазақ әдебиеті – ең көп сатылатын кітап
798
оқылды

Бүгінде қа­­зақ әдебиеті әлем халық­та­­­­ры­­­ның тілдеріне ауда­рылып жа­­­тыр. Біз қазақ клас­сик­терін түрікше сөйлетіп жүр­ген аудар­­машы, Хаджи Бай­рам Вели атын­дағы Анкара уни­верситеті Әдебиет фа­культе­тінің Зама­науи түркі тілдері және әдебиеті ка­фед­расының до­центі, док­тор Жемиле Кы­на­жымен сұх­бат­тастық. 

– Түркияда тұрып, қазақ тілін үйренуге деген қызығушылық қалай пайда болды? 

– Университетте қазіргі түркі диалек­тілері мен әдебиеті бөлімінде оқыдым. Бұл бөлімде түркітілдес халық­тардың барлық диалектісімен таныстық. Сол кез­де-ақ қазақ тілі мен әдебиетіне, та­рихына деген қызығу­шылығым пайда болды. Осылайша, қазақ тілін үйрендім. Өйткені Қазақстан Түркі әлемінің қақ ортасында орналасқан. Түркі әлемінің інжу-маржанына айналған түркі мем­лекеті. Қазір де өте ықпалды және басқа елдермен тығыз қарым-қатынас­­тағы ел. Сол себепті қазақ тілінің маманы болғым келді. Қазақ тіліне, әдебиетіне, тарихына деген қызығушылығым осылай басталды.

Әйелдердің қиындықтары күні бүгінге дейін өзгерген жоқ

– Сіз «Қазақ әдебиетіндегі әйелдер бейнесі» тақырыбын зерттеумен айналыс­тыңыз. Жалпы өзіңізге қазақ әдебиетіндегі қай әйел образы жақын? Қандай жаңалық аштыңыз?

– Иә, мен қазақ әдебиетіндегі әйел бейнесін зерттеумен айналысамын. Бір ғана кейіпкерді емес, бірнеше әйел об­­раз­ын зерттеуге үлкен қызығу­­­шы­­­лық таныттым. Мысал келтіретін болсам, Мір­­­­­­­жақып Дулатовтың «Балқия», Сәбит Мұқановтың «Ботагөз», Жүсіпбек Ай­мауы­товтың «Ақбілек», Ғабит Мүсіре­повтің «Ұлпан» шығармалары... Бұлар­дың барлығы – мен жақсы көретін қазақ әйелдерінің бейнесі.

ХХ ғасырдың басында өмір сүрген қазақ зиялыларының, әсіресе Алаш зия­лылары атанған қаламгерлердің ХХ ға­­сырдың басындағы әйелдер тұрмысына көп көңіл бөлгенін байқадым. Көптеген жазушы поэзия, әңгіме, роман және дра­­ма сияқты жанрларда әйелдердің тұрмы­­сына ерекше назар аударып, әдеби шы­ғар­маларын жазды. ХХ ғасырдың ба­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­сын­­­­­­да­­­ғы әйелдердің кейбір қиындық­тары бүгінгі күнге дейін жалғасып келе жатыр. Жазушылардың ХХ ғасырдың басындағы әйелдердің өзекті мәселелерін көтеріп, оны өзгертуге тырысып, әдеби шығармалардың көмегімен қазақ хал­қының бойындағы өзіндік сана-сезімді қалыптастыруға тырысқаны таңғаларлық жағдай.

Мен де жазушылардың осы ерек­ше­ліктерін шығармаларымда көрсетуге ты­рыстым. Олардың өз уақытында әйел­дерді қаншалықты бағалағанын және оларға қамқор болғанын көрсеткім келді. Мұны көптеген мақаламда, мәлімдеме­лерімде және «Қазақ театрындағы әйел­дер мәселесі» кітабымда алға тарттым.

– Қазақ әдебиетін басқа тілдерге ау­дару үшін ауызша сөйлеу жеткіліксіз екені белгілі. Кәсіби аудармашы болу үшін Қазақстанға келіп оқығаныңыз рас па? 

– Иә, 2009-2010 жылдары мен Қа­­­­­­зақстанның Қызылорда қаласындағы Қорқыт ата университетінің арнайы шақы­­руымен дәріс оқыдым. Онда болған кезімде қазақ тілін одан әрі жетілдірдім. Қызылордада адамдар таза қазақ тілінде сөйлейді. Орысша сөйлеп немесе басқа тілді араластырмайды. Сол себепті Қы­зыл­­­ордада жүрген кезімде қазақ тілін үйрену жеңіл болды. 

Қазақ әдебиетіндегі репрессия тақырыбы қызықтырады

– Қазақтың қай жазушысын сүйіп оқисыз? Не себепті? 

– Мен негізінде қазақ әдебиетінен көптеген авторды оқимын және олар­ды өте жақсы көремін. Маған Жүсіпбек Аймауытов, Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлин, Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқа­нов, Ғабит Мүсірепов, Әбіш Кекілбаев, Мұхтар Мағауин сияқты Кеңес дәуірінің жазушылары ұнайды. Осы авторлардың романдары мен повестерін оқығанды ұнатамын. Сондай-ақ «Қазақ әдебиетін­­­дегі имидж және бірегейлік» атты кіта­­бым­да әдеби өмірді және осы жазушының барлығының романдарын қарастырдым. Ал қазіргі әдебиеттен Смағұл Елубай, Бексұлтан Нұржекеұлы, Нағашыбек Қапалбекұлы, Нұрдәулет Ақыш, Нұрғали Ораз, Шәрбану Бейсенова, Роза Мұ­қанова, Мәлік Отарбаев сияқты жазу­­шыларды оқығанды ұнатамын. Маған осы жазушылардан ұнайтыны олар қазақ тілін көркемдік шыңға жеткізді және қазақ болмысын нығайтуға тырысып, ұлтқа әсер ететін шығармалар жазды.

– Осы уақытқа дейін қандай шы­­ғар­­маларды аудардыңыз? Болашақта қай шығармаларды аударуды көздеп отыр­сыз? 

– Бүгінге дейін Ғабит Мүсіреповтің «Ұлпан» романын, Бердібек Соқпақ­­­­­баевтың «Менің атым Қожа» романын, Шәрбану Бейсенованың «Бозоқ аруы», «Бір махаббат баяны» атты романдарын аудардым. Роза Мұқанованың «Мәңгілік бала бейнесі» пьесасын да тәржімаладым. Ақын Ғалым Жайлыбайдың өлеңдерін ау­­­дардым. Ендігі аударғым келетіні – Баққожа Мұқайдың «Өмір зая» романы. Бұл романды аударғым келетіні жазушы кеңестік кезеңдегі тарихшы академиктің басынан өткен қуғын-сүргін үдерісін баяндайды. Соңғы жылдары мені қазақ әдебиетіндегі репрессия та­қырыбы қызықтырып, осы тақырыпта зерттеулер жүргізе бастадым.

– Ал түрік ағайындардың қазақ әде­­биетіне деген қызығушылығы қандай?

– Түрік оқырмандары басқа түркі халықтарының әдебиетіне қарағанда қа­зақ әдебиетін жақсы біледі. Бүгінде қазақ әдебиетінің көптеген шығармасы түрік тіліне аударылған. Түркияда қазақ ро­­ман­дарын, хикаяларын, поэзия кітап­­­тарын табуға болады. Әсіресе, Еуразия жазушылар одағы Бенгу басылым­дары көптеген қазақ жазушысының шығарма­­ларын жарыққа шығарды. Түркияда Ғабит Мүсірепов, Ілияс Есенберлин, Смағұл Елубай, Бексұлтан Нұржекеұлы, Рахымжан Отарбаев, Мархабат Байғұт, Нағашыбек Қапалбекұлы, Бердібек Соқпақбаев, Шәрбану Бейсенова, Роза Мұқанова және тағы басқа қазақ жазу­шыларының шығармалары жарық көрді. Анкарада жылына екі рет ұйымдас­тыры­латын кітап көрмесіндегі Бенгу басы­лымдарының стендінде осы автор­лардың кітаптары да тұр. Оқырманның көбі қа­зақ жазушылары мен олардың шығар­маларына қызығады. Мысалы, Ғабит Мүсіреповтен аударған «Ұлпан», Шәр­ба­ну Бейсеновадан аударған «Бозоқ аруы» («Bozok Güzeli»), «Бір махаббат баяны» («Kizil Kiırgıin’ıin Kadiınları Marguva»)  әр кітап көрмесінде ең көп са­ты­латын кітаптар­дың қатарында. 

Жазушыны танымал ететін– сапалы аударма

– Бір сұхбатыңызда «Аудармашы ав­тордың обалына қалмауы керек» депсіз. Сонда автордың шығармаларының кең таралмауына аудармашылардың әлсіздігі себеп пе? 

– Әрине, бүгінгі оқырман қауым са­палы емес аударманы қабылдамайды, сүйсініп оқымайды. Дегенмен сапалы жа­­салған аударма қай тілде болса да оқыр­­­­манның назарын жақсы аудартады. Бұл тұста, сапалы аударма шығарманың қалың оқырманға жетіп, оқырманның ризашылығына ие болуын қамтамасыз етеді. Жазушыны танымал ететін де сапа­лы аударма. Сол себепті авторлардың шығармаларын кең ауқымда таратуда аударманың атқаратын рөлі зор.

– Қазақ әдебиетінің гүлденген кезеңі деп қай шақты айтар едіңіз?

– Бұл сұраққа жауап беру өте қиын. Мен қазақ әдебиетінің әр кезеңін жақсы көремін. Кеңес Үкіметі кезінде әдебиет қа­­таң бақылауда болса да, қазақ жазушы­лары сол уақытта да өте керемет шығар­малар тудырды. Әсіресе, Алаш зиялы­­­лары жасаған әдебиет айдынын жақсы көре­мін. Яғни, ХХ ғасырдың басындағы әде­биеттер. Бұл кезеңде Алаш зиялылары әде­­­биеттің барлық жанрында керемет шығармалар жазып, қазақ әдебиетін жо­ғары деңгейге көтерді. Олар әдебиетті халықты ояту құралы ретінде көріп, поэ­зия, повесть, роман, драматургия жанр­­­ла­­­­рында көптеген туынды жазды. Сон­­­дай-ақ тәуелсіздік алғаннан кейінгі әде­­­­­­­­­­­­­­­­­биетті де жақсы көремін. Өйткені қа­­зақ жазушылары кеңестік кезеңде жа­­­­­зылмай, айтылмай, жасырынып жат­қан шындықтарды айта бастады. Қазақ жазу­шылары қазақтың ұлттық болмысын ны­­ғайтуға бағытталған туындыларға қалам тербеді. Олар өз шығармаларында тіл, мәдениет, руханият сияқты тақы­­­­­­рыптарға тоқталды. Шығар­­­маларына бұ­рын-соңды жазылмаған аштық пен қуғын-сүргін тақырыбын қосты. Сол себепті бүгінгі әдебиет мазмұны жағынан өте бай, құдіретті. Сәтті жазылған туын­­дылар күн санап жарыққа шығып та жа­­тыр. Қазақ әде­­­биетінің әр кезеңін жақсы көремін, табысты деп есептеймін десем, дұрыс болар еді.

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Көктем ҚАРҚЫН