Жазғы демалыс уақытын басқалар сияқты қыдыруға емес, толықтай зерттеу жұмысына арнаған жас ғалыммен Қазақстанға келген қысқамерзімдік демалысы кезінде кездесіп, шағын сұхбат алудың сәті түсті.
– Нұрсұлтан, көпшілігіміз кинодан ғана көретін NASA ұйымы қандай екен? Ол ұйымның зерттеу жобаларына қалай қатысып жүрсіз?
– Америка университетіндегі сабақтарыма бірден қызығушылықпен кірісіп кеттім десем өтірік болар. Себебі университеттің бірінші курсында оқытып жатқан сабақтарды өзім білім алған Атыраудағы Назарбаев зияткерлік мектебінің 11-12 сыныбында оқыған болатынмын. Бірақ 100 пайыз белсенді болмасам да, сабақтан қалмай қатысып жүрдім. Күзгі семестрден кейін бізде қысқы оқулар басталады. Сол кезде «Мен не істеп жүрмін? Осылай сабаққа текке келіп-кетіп жүремін бе?» деп өзіме сұрақ қойдым. Сөйтіп, Гуглды ашып, кампустағы зерттеу жұмыстары туралы ақпараттарды іздей бастадым. Үлкен тізімге тап болдым. Сол тізімнің ішінде өзім оқып жатқан химиялық инженерия бағытына сәйкес келетін бір ғана зерттеу жұмысы болды. Тақырыптың астындағы түсіндірме аннотацияны оқып жатпастан, бірден таңдауымды жасадым.
Қазір өзім білім алып жүрген Дрексель университеті Филадельфия қаласындағы жоғарғы мектептің бірімен арада бірлескен жоба атқарып жатыр. Сол жобаның аясында екі оқу орны бірлесіп, түрлі зерттеу жұмыстарын жүргізіп отырмыз.
Мен өтінім бергеннен кейін, арада бір ай өткен соң сол жоба аясында университетте жиын өтті. Онда химия профессоры мен таңдаған зерттеу жұмысының NASA-ның зерттеу тақырыбы екенін айтты. Мен қатты таңырқап, қуанып қалдым. Себебі зерттеу жұмысын таңдаған уақытта ондағы түсіндірме аннотацияны оқымаған болатынмын. Осылайша, менде зерттеу жұмысын жасауға деген ерекше құлшыныс пайда болды.
– Сонда зерттеу жұмысыңыз не туралы?
– Ғылыми жұмысымыз күн тұтылуы кезінде жер қабатын қорғап тұрған озон концентрациясының қандай күйге түсетінін анықтауға негізделген. Күн тұтылған кезде біздің зерттеушілер тобы ғарышқа шар ұшырамыз. Яғни, жоғары атмосфераға арналған шарды гелиймен толтырып, арнайы датчиктер орнатып, ғарышқа жібереміз. Жердің сыртқы қабатын қоршап тұрған озон қабаты бар екенін бәріміз білеміз. Міне, күн ысыған кезде озон концентрациясы әдетте жоғары болады. Күн суығанда ол концентрация төмендейді. Бұл – қалыпты процесс. Біздің зерттеу жұмысымыздың басты мақсаты – күн мен түннің тұтылуы кезінде озон концентрациясының қандай күйге түсетінін анықтау. Бұл біз үшін жаңа бағыт. Күн мен түннің тұтылуы әрі кетсе, 4-7 минут уақытқа ғана созылады. Біздің зерттеу жұмысымыздан нәтиже шығаруымызға осындай ғана уақытымыз бар.Егер осы уақыт ішінде шарымыз ұшпай қалса, траекториядан сәл қисық кетсе немесе жарылып қалса, біздің жұмысымыз нөлге кетеді. Сондықтан нақты күн тұтылуы кезінде атқаратын миссиямыздың алдында бірнеше кезеңнен тұратын сынақтар бар.
– Өте қызықты тақырып. Десе де, зерттеу жұмысы кезіндегі сіздің міндетіңіз қандай?
– Өзім химия инженері болғаныммен, резюмемде компьютерлік бағдарламалау тілін білетінімді жазған болатынмын. Сол себепті маған зерттеу барысындағы барлық мәліметтерді СD картаға жазуға тапсырма берілді. Ол арнайы код арқылы жасалады.Осы күнге дейін біз шарды ғарышқа екі рет ұшырдық. 14 қараша күні Техас штатына барамыз. Ол жерде зерттеу жұмысының бірінші миссиясын орындаймыз. Ал сәуірдің 8-і күннің тұтылу процесін толық зерттейтін боламыз. Мен зерттеу тобының ұшыру командасында боламын. Екінші команда шардың қозғалу траекториясын бақылайды. Үшінші команда шардың түскен жерін бақылайды.
– Өзің қазір шетте жүрсің. Жалпы, бұрын Қазақстаннан шықпаған балаға жат елге бейімделу қиын болмады ма?
– Менің Америка еліне алғашқы қадамым 2022 жылы 13 қыркүйекте басталды. Өзге адамдар, өзге мәдениет, өзге орта болғанымен, тілді жетік білгенімнің пайдасы болды. Бейімделу маған аса қиын болмады. Ерекше атап өтерлігі, ол жақта сыйластық бірінші орында тұрады. «Сіз маған тиіспесеңіз, мен сізге тиіспеймін» деген ұғым бар. Америкада көшеде кездескен кез келген адаммен еркін сөйлесіп кете аласыз. Бір тақырыпты бастап кетсеңіз, ол кісімен бірге түстік ас ішіп те отыруыңыз мүмкін. Бастапқыда осындай жағдайларға таңданысым болғаны рас.
Бір қызығы, біздің университетте арнайы бір апта бар. Сол аптада студенттер сабақ оқымайды, ол уақытты бір-бірімен танысуға арнайды. Кампуста түрлі интеллектуалдық, спорттық ойындар ойнайды. Сол кезде бір-бірін бұрын мүлде көрмеген екі американдық танысып, достасып кеткеніне куә болғаным бар. Қазір мен де бөтен адамдармен еркін сөйлесе алатын болдым. Шынымды айтсам, мен үшін бұл да бір жетістік.
– Десе де, қазақстандық жастар мен америкалық жастар арасында қандай да бір айырмашылық бар ма?
– Білім деңгейі бойынша, қазақстандық жастардың білімі жоғары деп айта аламын. Неге? Себебі Америкадағы жоғарғы сыныптар мен Қазақстандағы жоғары сыныптардың арасындағы білім беру айырмашылығы жер мен көктей. Америкада оқушыларға сабақты таңдауына қарай оқуға мүмкіндік беріледі. Ал Қазақстанда оқушы барлық пәнді оқу міндетті. Жалпы, ТМД елдері оқушыларының артықшылығы да осында дер едім.
Енді қараңыз, егер мен америкалық болсам, математиканы оқығым келмеуі мүмкін. Сөйтем де, физика мен химияны таңдаймын. Бірақ университетке келгенде бәрібір математиканы оқуыма тура келеді. Жанымдағы студенттердің осындай сабақтардан біраз қиналғандарын көрдім. Тіпті, кейде оларға ментор болып, математика бағытында көмек көрсеткен кездерім де болды. Сондықтан «керек емес» деген пән болмайтынын түсіндім.
– Шет мемлекетте тәжірибе жинақтап жүрген маман ретінде айтыңызшы, қазақстандық білім жүйесін әлі де дамыту үшін не істеу керек деп ойлайсыз?
– Білім саласына қолы ашық инвесторларды көбірек тарту керек. Америкада ғылыми жобалар ең үлкен құндылық саналады. Инвесторлар өзінің болашағы бар екенін дәлелдеген жоба үшін қаржыны аямайды. Сондықтан Назарбаев зияткерлік мектебі, Білім және инновация лицейімен ғана шектелмей, қарапайым мектептерге, ауыл мектептеріне инвесторлар көбірек тартылатын болса, ғылыми жоба жасайтын өнертапқыш оқушыларымызды дамытуға болады.
Сонымен бірге білікті мамандар саны артуы керек. Мұғалімдер жетіспеушілігі мәселесін шешуіміз қажет. Баланы мектеп жасынан өзінің қызығушылығына қарай дамытуға да көңіл бөлгеніміз дұрыс.
– Алдағы мақсаттарың туралы айтып өтсең?
– Алдағы мақсатым – химиялық инженерия бағытында жақсы маман болу. Қазірдің өзінде әлемде химиялық инженерия мамандығында оқып жатқан жастар аз. Сондықтан бұл салада мейлі ғылыми орта болсын, мейлі еңбек нарығы болсын, бәсекелестік күшті. Сондықтан көптеген тәжірибелерден өткім келеді. Оқуымды бітіргеннен кейін, менде кемінде үш жыл Америкада тұрып, зерттеу институттарында жұмыс істеуге мүмкіндік бар. Елге шетелдік дипломмен ғана емес, үлкен білім, тәжірибемен келгім келеді. Алға қарай, қазақстандық жастарды АҚШ-тың мықты ғалымдары, инвесторларымен жалғайтын көпір болсам деймін. Себебі қазақстандық жастардың ғылым саласында әлеуеті жоғары.
– Өзің сияқты өсіп келе жатқан жастарға не айтасың?
– Адам неше жаста болса да, оған мүмкіндіктер беріледі. Адам сол мүмкіндіктерді жіберіп алмауы керек. Адам өзін жеке тұлға ретінде дамытуға көп көңіл бөлуі қажет. Өйткені, жеке тұлға ретіндегі құндылығымыз ғана бізді алған білім, жинақтаған тәжірибемізбен даралап тұрады.
– Әңгімеңе рақмет!
Сұхбаттасқан
Баян ЖАНҰЗАҚОВА