Дариға Назарбаева жеңіл өнеркәсіпті дамыту бұған дейін назардан тыс қалғанын айтты
Дариға Назарбаева жеңіл өнеркәсіпті дамыту бұған дейін назардан тыс қалғанын айтты
354
оқылды
Сенат төрағасы жеңіл өнеркәсіптің әлеуметтік маңыздылығы туралы айтты, – деп хабарлайды «ҚазАқпарат». «Бүгін талқылайтын тақырыбымыз жеңіл өнеркәсіп саласына арналған. Бұл Қазақстанның өнеркәсібіндегі ең проблемалы сектор деп айтуға болады. Себебі, экономикада өңдеуші саланың айрықша басымдықта болуына байланысты бұл сала көп уақыт бойы назардан тыс қалып келді. Жеңіл өнеркәсіп экономиканы түрлендіруге, әсіресе, пайдалы қазбалар қорының азайып, мұнай бағасының төмендеген кезінде дағдарыс толқынына қарсы тұру мүмкіндігінің бірі болып саналады», – деді Дариға Назарбаева. Осы орайда ол жеңіл өнеркәсіп әлеуметтік маңызға ие сала екенін, халықтың, яғни әйелдердің жоғары деңгейде жұмыспен қамтылуын қамтамасыз ететінін атап өтті. «Бүгінгі таңда еліміздегі шағын және орта бизнес субъектілерінің барлық активтерінің 44 пайызын әйелдер басқарады. Олар шағын және орта бизнес секторындағы барлық жұмыс орындарының 31 пайызын қамтамасыз етеді. Жеңіл өнеркәсіптегі стартаптардың негізгі үлесі әйелдерге тиесілі. Олардың белсенділігінің арқасында сала жандана бастады», – деді Дариға Назарбаева.