1 қазан – Халықаралық қарттар мерекесіне орай «AMANAT» мүшелері «Ардагерлерді ардақтайық» партиялық жобасы аясында ел аумағында бірқатар іс-шара өткізді.
Мәселен, Астана қаласындағы «Шарапат» әлеуметтік қызмет көрсету орталығында «Ардагерлерді ардақтайық» атты мерекелік іс-шара ұйымдастырылды.
«Бұл – құрмет пен сыйластықтың, ізет пен ілтипаттың мерекесі. Аға буын өкілдерінің ел мен жерге сіңірген ерен еңбегі елеусіз қалған жоқ. Олардың естен кетпес естеліктері мен даналығы, халқымыздың өткені мен болашағын байланыстыратын тәжірибесі мен дағдылары – баға жетпес құндылық. Сондықтан, тек бұл күні ғана емес, қарияларға деген құрмет күнделікті өмірдің амалына айналуы тиіс», – деді қалалық мәслихат депутаты Бауыржан Смайылов.
Өз кезегінде, мәслихат депутаты Алтыншаш Табулдина қарттардың қадір-қасиетіне тоқталып, олардың ұрпақ тәрбиесіндегі алар орнын атап өтті.
«Қариялар – әр шаңырақтың алтын қазығы. Тәжірибесі мол аға буынның өмір жолы әр отандасымыз үшін аса құнды. Сіздер сабырлы, қарапайым қалыптарыңызбен жастарды мейірімділікке, еңбексүйгіштікке үндейсіздер. Өскелең ұрпақты Отанға адал болуға тәрбиелеп келесіздер», – деді ол.
Кездесу соңында партияластар түрлі сый-сияпат жасап, ғимаратқа күрделі жөндеу жүргізу жұмысы қолға алынатынын жеткізді.
Дәл осы күні Қызылорда облысы Қазалы аудандық партия филиалына қарасты «Шипагер» бастауыш партия ұйымының мүшелері «Ардагерлерді ардақтайық» жобасы аясында қариялардың шаңырағына барып, оларға медициналық көмек көрсетті. Ал облыс орталығындағы «Шұғыла» бастауыш партия ұйымында атаулы күнге орай мерекелік іс-шара өтіп, партияның Қызылорда қалалық филиалының атқарушы хатшысы Гүлшат Мұсаева көнекөз қариялардың жас ұрпаққа беретін тәлім-тәрбиесі, бағыт-бағдары аса маңызды екенін атап өтті. Жалпы, өңірде «Ардагерлерді ардақтайық» жобасы аясында мерекеге орай түрлі бағыттағы 71 іс-шара ұйымдастырылып, онда 300-ден астам қария қамтылды.
Мереке күні Атырауда «Ардагерлерді ардақтайық» жобасы аясында партия депутаттары мен белсенді мүшелері қаладағы қарияларды мерекемен құттықтады.
«Біз ақ сақалды атамызды ардақтап, ақ жаулықты әжемізді құрметтей білген елміз. Олардың ақыл-кеңесін сұрап, батасын алған жұртпыз», – деді Атырау қалалық мәслихатының депутаты Ақылбек Құлбарақов.
Шығыс Қазақстан облысында «Ардагерлерді ардақтайық» партиялық жобасы аясында 211 ардагерді қамтыған 36 іс-шара ұйымдастырылды. Оған облыстық және қалалық мәслихат депутаттары, бастауыш партия ұйымдарының мүшелері, партия белсенділері қатысты.
«Қарияларды құрметтеу – ұрпаққа парыз. Байыпты сөз айтып, тағылымды жол көрсеткен аға буынның ақыл-кеңесіне баға жетпейді. Олар еліміздің дамуына, өңіріміздің өркендеуіне өлшеусіз үлес қосып, ерен еңбек сіңірді. Қарттарымыз қандай құрметке болсын лайық», – деді «AMANAT» партиясы Шығыс Қазақстан облыстық филиалының төрағасы Сайрангүл Жұмаділова.
Айта кетейік, аталған партиялық жоба аясында жыл басынан бері еліміздің барлық өңірінде 17,8 мың қарияға атаулы көмек көрсетілді. Партиялықтардың бастамасы бойынша 41 мың адамға үйде медициналық қолдау ұйымдастырылды.