Қарапайым серіктестік жұмысшысын күрзі жұдырықтың астына алған Острогор ауылдық округінің экс-әкімінің ісін қарап, ауыл әкімін әкімшілік жауапкершілікке тартты, – деп хабарлайды Aikyn.kz тілшісі.
Естеріңізге сала кетсек, жоғарыда аталған ауылда ауыз судың берілмегеніне қапаланған серіктестік жұмысшысы ауылдық округ әкімімен сөзге келіп қалған. Жұдырығын ала жүгірген әкімнің қақ желкеден тиген ауыр соққысынан ауыл тұрғыны жерге оңбай құлап бет-аузы түгелдей қанға боялған.
Қызуқанды әкімнің кінәсі жәбірленуші мен куәгерлердің, сонымен қатар сарапшының қорытындысымен толықтай дәлелденген. Оған сәйкес ауыл тұрғынына дене жарақаттары жасалып, қан кеткені анықталды.
Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 73-бабының 1-тармағы бойынша адам денсаулығына келтірілген жеңіл залал келтіру 15 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл немесе 15 тәулікке қамауға алуды қарастырады.
– Сот ауыл әкімі К-нің бұрын әкімшілік жауапқа тартылмағанын, жазаны күшейтуге жағдайдың болмағанын ескеріп оған 15 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салды. Мұнымен қоса сот облыс әкімінің атына қарамағындағы әкімдердің қызметіне бақылаудың жоқтығына назар аудару және тиісті шаралар қабылдау үшін жеке қаулы шығарды, – дейді Ақмола облыстық сотының өкілі.
Сот қаулысы заңды күшіне енген жоқ.
Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, Ақмола облысы
Фото: yandex.kz