Аударма жұмысымен Әзербайжанның көрнекті әдебиет өкідері П. Хәлилов, М. Ибрахимов, К.Пашаева, Ф. Агаева,Е. Кулиев, Ф. Вәлиева айналысқан.
– Жинаққа Қазақстандағы Абай Құнанбаев мемориалдық кешені ұсынған архивтік материалдар, сондай-ақ Әзербайжандағы музей материалдары енгізілді. Оған қоса, жинақта мақалалар түрінде публицистика ұсынылған. Жинаққа салынған суреттер де ұлы ойшыл өмір сүрген дәуір мен уақытты бейнелейді, – деді Президент орталығы директорының орынбасары Ботагөз Қайыпова.
Кітаптың тұсаукесеріне қоғам және саясат қайраткерлері, оның ішінде Халықаралық түркі мәдениеті мен мұрасы қорының президенті Гүлнай Эфендиева, Түркі академиясының президенті Шаһин Мұстафаев, Парламент Сенатының депутаты Руслан Рүстемов, «Егемен Қазақстан» республикалық газетінің бас директоры Дихан Қамзабекұлы келді.
– Абай Құнанбаев Қазақстанда және бүкіл әлемде классик, ақын, ойшыл, композитор ретінде танымал. Қазақ халқына сіңірген зор еңбегінің бірі – Ыбырай Алтынсаринмен қатар қазіргі әдеби қазақ тілінің негізін қалағаны. Ол іс жүзінде қазақ және орыс әдебиеті, қазақ ақын поэзиясы мен Шығыстың классикалық поэзиясы арасында мәдени көпір құра алды. Абай – қазақ тілінде классикалық шығармаларды жаза бастаған алғашқы адам, ол қазақ зиялылары буынына әсер етті. Абай Құнанбаевтың шығармалары мен идеяларында тәрбиеленген дәл осы зиялы қауым отаршылдыққа қарсы қозғалыстарды басқарды, – деді Түркі академиясының президенті Шаһин Мұстафаев.
К.ҚАРҚЫН