Бесінші алтынды велошабандоз алды
Велошабандоз Алексей Луценко тасжолдағы жекелей сайыста 39,7 шақырымды 48:05.75 уақытта еңсеріп, жазғы Азия ойындарының чемпионы атанды. Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері А.Луценко 2014 жылы Оңтүстік Корея өткізген Азия ойындарында да чемпион атанған еді. Ал 2018 жылы Индонезия ұйымдастырған жазғы Азия ойындарында жекелей сында һәм топтық тартыста алтын медаль олжалаған болатын. Осылайша, орда бұзар отыз жастағы Алексей Луценко жазғы Азия ойындарының үш дүркін чемпионы атанды.
Жеңісті жолды тағы бір велоспортшы Рината Сұлтанова жалғастырып, Азия ойындарының қола жүлдегері атанды. Ол тасжолдағы жарыстың жекелей сынына қатысып, мәре сызығын үшінші (+1:00.11) болып кесті. Өзбекстан өкілі Ольга Забелинская (24:35.99) мен жапониялық Эри Ёнамине (+59.60) бірінші және екінші орынды өзара бөлісті.
Ал ағайынды Емельяновтар Азия ойындарының күміс жүлдегері атанды. Олар каноэ есуден 1 мың метр қашықтықта мәреге өзбекстандықтардан кейін екінші болып жетті. Үндістандықтар үздік үштікті түйіндеді. Айта кету керек, бұған дейін Сергей Тимур Хайдаровпен бірге Азия алтынын алса, Тимофей жекелей сында қола жүлдеге қол жеткізген болатын. Ал дәл осы сайыс түрінде әйелдер құрамасынан Маргарита Торлопова мен Ульяна Киселева күміс жүлде иеленді. М.Торлопова мен У.Киселева 200 метр қашықтықта каноэдан жұптасып өнер көрсетуде тек қытайлықтарға ғана есе жіберді. Өзбекстандық дуэт қола жүлдені қанағат тұтты. Осылайша, жарыстың оныншы күні қазақстандық ескекшілер Азиадада қос күміс, бір қола жүлдеге ие болды. Қола медальды 18 жастағы Мария Бровкова еншіледі. Ол бір адамдық каноэда 200 метр қашықтықта мәре сызығын үшінші болып қиды. Қытай спортшысы чемпион атанса, таиландтық ескекші екінші келді. Бұл – батысқазақстандық Мария Бровкованың Азия ойындарындағы екінші жүлдесі. Ол Руфина Искаковамен бірге 500 метр қашықтықта жұптасып, каноэ есуде күміс медаль олжалаған болатын.
М.Бровкованың жеке бапкері, анасы Елена Бровкованың айтуынша, бұл Азия ойындарында ескек есуден олимпиадаға жолдама үлестірілмейді. Алдағы жылы көктемде лицензиялық Азия чемпионаты өтетін болады.
Ал жанкүйерлер мүлдем жеңіс күтпеген батут гимнастикасынан Данил Мұсабаев күміс медаль иеленді. Қазақстандық спортшы финалда 57.100 ұпай жинап, екінші орынға қол жеткізді. Бас жүлде қытайлық Лангю Янге бұйырса, жапондық Хирото Ямада үздік үштікті түйіндеді.
Осылайша, жарыстың оныншы күні ел қоржынына жеті медаль түссе, он бірінші күні үш медаль алдық. Атап айтсақ, кеше қазақстандық балуан Азат Садықов пен боксшы Наталья Богданова қола жүлдегер атанды. А.Садықов 77 келіге дейінгі салмақта күреспей-ақ жүлдегерлер қатарына ілікті. Оның қарсыласы, камбоджалық Кео Сопхак жарақатына байланысты кілемге шыққан жоқ. Тағы бір қазақстандық Мақсат Сайлау 87 келіге дейінгі салмақта қола жүлде үшін бәсекеде жапониялық Масато Сумимен күресіп, қарсыласына еш амал қыла алмады – 1:9. Осылайша, байрақты бәсекені бастаған қазақстандық балуандар алғашқы күні бір күміс, бір қола жүлдеге қол жеткізді. Ал бүгін грек-рим күресінен екі салмақта жеңімпаз-жүлдегерлер анықталады. Содан кейін әйелдер күресіне кезек тиеді.6 қазан күні жарысты еркін күрес шеберлері қорытындылайды.
Асланбекке алтын бұйырмады
Бокс бәсекесінде қазақстандық Наталья Богданова жартылай финалда 66 келіге дейінгі салмақта таиландтық Суваннафенг Джанджаймен қолғап түйістіріп, үш рет нокдаун алып, нокаутпен жеңіліп қалды. Сөйтіп, ол финалдан тыс қалып, қола жүлдені қанағат тұтты. Қазақстаннан бокс финалында Қамшыбек Қоңқабаев пен Карина Ибрагимова ғана өнер көрсетеді. Бокстан әлем чемпионы Асланбек Шымбергенов те Азия ойындарында қола жүлдені қанағат тұтты. Қазақстан ұлттық құрамасының капитаны А.Шымбергенов 71 келіге дейін салмақта 2021 жылғы әлем чемпионы, жапониялық Севон Окадзавамен қолғап түйістірді. Ширек финалда өзбекстандық әлем чемпионы Асадхуджа Муйдинхуджаевтан төрешілер шешімімен алғашқы екі раундта жеңіліп жатып, ақыры нокаутқа жіберген Асланбекке барша қазақ елі осы Азия ойындарында үлкен үміт артқан еді. Бірақ бабы келіскен капитанға бармақтай бақ бұйырмады. Спорт сарапшылары мен жанкүйерлер «төрешілер Асланбекке әділетсіздік жасады» деп отыр. Себебі қарсыласы С.Окадзава – өте жылдам қимылдайтын, қаша жүріп, ұпай алуға тырысатын боксшы. Соған қарамастан бірінші раундта бес төрешінің үшеуі Асланбек басым деп тапты. Екінші кезеңде де солай болды. Алайда төрешілер жекпе-жек қорытындысында жеңісті жапониялық боксшыға беріп жіберді – 2:3. Енді С.Окадзава алтын жүлде үшін тайбэйлік Кан Чиа Вэймен таласады. Қазақстан бокс федерациясы Азия ойындарының жартылай финалында қола медаль алған Асланбек Шымбергеновтің соңғы жекпе-жегіне қатысты Халықаралық олимпиада комитетіне ресми жүгініп, наразылық білдіретін болды.
– Төрешілердің Азия ойындары тарихындағы ең әділетсіз шешімі. Құрметті жанкүйерлер, әлем чемпионы, Қазақстан құрамасының капитаны Асланбек Шымбергеновтің жартылай финал кездесуінде төрешілердің өте әділетсіз шешіміне қатысты өрескел оқиға болды. Шымбергенов бүкіл жекпе-жек бойы жапониялық Севон Оказаваны соққының астына алды. Жұдырықтары қарсыласқа дәл тиіп жатты. Барлық жағынан мықтырақ әрі басым болды. Бірақ олар Шымбергеновтың қарсыласының қолын көтерді. Халықаралық олимпиада комитеті IBA-дағы төрешілікке әрдайым шағым білдіріп келген еді, бірақ Ханчжоудағы Азия ойындарының жартылай финалында болған оқиға тым шектен шығып кетті, – деп мәлімдеді бокс федерациясының президенті Кеңес Рақышев.
Осыған байланысты Қазақстан бокс федерациясы Азия ойындары бойынша ХОК төрешісіне өз пікірлерін ресми түрде жолдады.
– Бұл ретте турнирдің ең мықты боксшылары біздің былғары қолғап шеберлерімен бірдей жеребеге түсуі, жалпы жеребенің өткізілу реті, төрешілердің жұмысына сұрақтар туындатты. Ал жергілікті боксшыларға «қызыл кілем» төселді. ХОК қамқорлығындағы турнирлерде төрешілер шешіміне наразылық пен шағым беруге болмайды. Қазақстан — бокс державасы, бокстың көшбасшысы ретінде рингтегі мұндай әділетсіздік фактілерімен келісе алмайды. Мен өз тарапымнан Асланбек Шымбергеновке жеке қолдау білдіремін! Мұндай фактілер капитанымызды сындырмайды, еңсесін түсірмейді деп сенемін және ол бокстан ең маңызды халықаралық турнирлерде Қазақстан Туын биікте желбіретеді деп ойлаймын,– деді Кеңес Рақышев.
Осылайша, бокс федерациясы да, жанкүйерлер де шаршы алаңдағы жекпе жектің әділетсіз өткенін айтып отыр. Тіпті, желі қолданушылары жапониялық боксшы Севон Окадзаваның парақшасына кіріп, жүлдені Асланбекке қайтарып беруді жаппай жазып жатыр. Алайда халықаралық жарыста төрешілердің шығарған шешімі өзгермейді. Ендеше қолдан келер басқа амал жоқ. Ал капитан Асланбек Шымбергеновке жасып қалмай, олимпиадада алтын алуына тілектеспіз!
Кербез ЕСІМ