Алматыда жоғары оқу орнын бітіріп, экономист-менеджер мамандығын алып шыққан Айболат ойлана келе, жиһаз жасаумен айналысқан әкесінің ісін жалғастыруды дұрыс көреді. Қазір өзінің таңдауы дұрыс болғанына көзі жетіп отыр. Жергілікті жердегі бизнесін табысты әрі тұрақты деуге болады. Кәсіпорын алғаш іске қосылған кезден бері өзінің сапалы қызметімен ел сеніміне ие бола білді. Қазір жергілікті тұрғындар мен мемлекеттік мекемелер арасында тұрақты тұтынушылары пайда болды. Өзара ынтымақтастықта жұмыс істейтін еңбек ұжымы қалыптасты. Бұрыннан істеп келе жатқан тәжірибелі шеберлер келген жас мамандарды оқытып, үйретудің арқасында қатарларын толықтырып отырады. Балпық би ауылындағы «Айболат» ЖШС – жиһаз цехы қазір аудандағы ғана емес, облыстағы ең ірі цехтардың бірі. Ай сайын кемінде 10 тапсырысты табысты орындайды.
– Компьютермен басқарылатын арнайы заманауи станоктар сатып алып, орнатудың арқасында қазір шеберханадағы қол еңбегі 50 пайызға азайды. Бізде бүгінгі күн талабына сай 4 құрылғы бар. Олардың әрбірінің құны 2,5 мен 8 млн теңгенің аралығында. Осы станоктардың көмегімен кесеміз, тегістейміз, пленкамен қаптаймыз, өрнектер саламыз. Бояу, әрлеу жұмыстары қолмен атқарылады. Құрылғылардың ең жаңаларының бірі – биыл сатып алған триммер. Қалғандарын бұрынғы жылдары сатып алдық. «Даму» қоры арқылы 7 жылға 14% несие алдым, оның 7-%-ін өзім төлеймін, қалғанын мемлекет субсидиялайды. Бұл едәуір қолдау болды. Бүгін біз шкафтардың барлық түрін, сондай-ақ ішкі есіктер шығарамыз. Өндіріске арналған материалдар мен фурнитураны Алматы қаласынан сатып әкелеміз. Бүгінде бізде жасалған жиһаздарға жергілікті тұрғындармен бірге облыстың басқа аймақтарынан да тапсырыстар түседі. Жиһазды әр сатып алушының қалауы мен мүмкіндіктеріне қарай, әрі түрлі модификация мен конфигурацияға сүйене отырып жасаймыз. Көбіне клиенттер өздерінің интерьеріне сай дизайн мен түстерді ұсынып жатады. Өлшем жасаудан бастап дайын өнімді жеткізуге дейін түгел бастан-аяқ атқарамыз. Тауарларымыздың сапасы мен қызмет ету мерзімдеріне кепілдік береміз, – дейді жиһаз цехының директоры Айболат Махай. «Айболат» ЖШС алдағы уақытта тендерлерге қатысуға ниетті. Кәсіпкер үлкен тапсырыстарды орындауға өзінің де, командасының да тәжірибесі, құрал-жабдықтары мен мүмкіндіктері жететініне сенімді.
Цехтағы жиһаз жасау өндірісінде
4 адам еңбек етеді. Олардың екеуі – өз ісін мықтап меңгерген нағыз шеберлер. Жалақылары 200 мың теңгеге жуықтайды. Сонымен бірге орындалған тапсырыстар санына байланысты шеберлерге негізгі жалақыға қосымша ақы төленеді.
– Күрделігіне байланысты бір тапсырысты орындауға 7 күнге дейін уақыт кетеді. Егер бояу қажет болса, онда одан да көп уақыт жұмсалады. Жалпы, бұл салада 2005 жылдан бері еңбектеніп жүрмін. Алғашында Алматыда жұмыс істедім, ол жақтан көп нәрсені үйрендім, кейін туған жеріме оралып, жерлестеріме көмектессем деп шештім. Қазір осы цехта екбек етемін. Біраз жыл болды. Жұмыс жақсы жүріп жатыр. Жергілікті жастарға да мамандығы мен тұрақты табысы болуы үшін білгенімді үйретуге тырысамын, – дейді цех шебері Серік Сметұлы.
Көксу ауданы әкімдігінің мәліметінше, ауданда 3 950 кәсіпкер бар, олар негізінен ауыл шаруашылығы, қызмет көрсету, тамақтану, жеңіл өнеркәсіп, туризм салаларында еңбек етеді. 2023 жылдың қаңтар-тамыз айларында Жетісу облысында жұмыс істеп тұрған ШОБ субъектілері саны 59,7 мың-ға жеткен. Өнім мен көрсетілген қызмет көлемі 133 млрд теңгеден асыпты. Бұл ретте 2023 жылғы қаңтар-тамызда бюджетке салық түсімдері 2022 жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда 46,7%-ға ұлғайып, 27,7 млрд теңгеге жеткен. Жалпы, облыс бойынша Талдықорған қаласы мен 7 аудан оң өсім көрсетсе, соның ішінде Көксу ауданы бұл көрсеткішті 2,4 есеге ұлғайтқан.
Болат Абаған, Жетісу облысы