Бүгінде Батыс Қазақстан облысында жалпы саны 2 143 тарихи және мәдени ескерткіш болса, соның ішінде республикалық маңызы бар 30 ескерткіш, жергілікті маңызы бар 2 111 ескерткіш мемлекеттік тізімге енгізілген.
Ұлттық тарих пен мәдениеттің құнды жәдігерлері болып есептелетін бұл байлығымызды қалай қорғап жүрміз? Біз осы сұрақты БҚО-ның Мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Сайран Дүйсеновке қойдық.
– Айрықша тарихи-мәдени мұра нысандарын қайта қалпына келтіру мен сақтау, музейлендіру мәселелері отандық мәдениет саласы үшін қашанда өзекті екені белгілі. Өңірде 1996 жылдан бастап тарихи-мәдени мұраны есепке алу, қорғау және сақтау бағытында басқармаға қарасты облыстық тарихи-мәдени мұраларды қорғау жөніндегі мемлекеттік инспекция жұмыс істейді. 2022 жылы мекеме ғимаратына жөндеу жұмыстары жүргізілді, сонымен бірге бөлінген қаражат шеңберінде материалдық-техникалық базасын жабдықтау жалғасуда, – дейді басқарма басшысы Сайран Дүйсенов.
Еліміздің заңмаларына сәйкес тарихи және мәдени ескерткіштердің бес түрі бар.
Біріншісі, археология ескерткіштері. БҚО-да 1945 археологиялық нысан бар. Мәдени-тарихи ескерткіштердің екінші түрі – қала құрылысы және сәулет ескерткіштері. Аймақта бұл тізімге 135 нысан кіреді. Үшіншісі, ансамбльдер мен кешендер. Батыста 26 нысан осы тізім бойынша қорғауға алынған. Төртіншісі – киелі объектілер. Облыс бойынша Қазақстанның жалпыұлттық киелі нысандар тізіміне 9 нысан енгізілген. Олардың қатарында Жайық қалашығы, Хан Ордасы музей-қорығы, Тақсай қорғандар кешені, Жұмағазы Хазірет кесенесі (Дәдем ата), Ғұмар Қараш кесенесі, Дәулеткерей кесенесі, Алашорда музей, Сегізсай және Қырықоба қорғандар кешені кіреді.
Тарихи-мәдени ескерткіштердің бесінші түрі – монументтік өнер құрылыстары.
– Біздің өңірде ондай 37 нысан бар, – дейді басқарма мамандары.
Ескерткіш — ұлттық тарих пен мәдениеттің құнды жәдігері. Олар елдің өткенінен сыр шертетін халықтың байлығы ғана емес, тәрбие берудің құралы. Ескерткішті қорғау мен насихаттау мемлекеттік деңгейдегі шара болғанмен, оған жергілікті билік пен тұрғындар барынша атсалысуы керек.
– Орал қаласының тарихи-сәулет тірек жоспары жасақталды. Бұл жергілікті жердегі тарихи және мәдени ескерткіштердің аумағы мен орналасқан жерін тіркейтін құжат. Аталмыш жоспар республика бойынша облыста ғана жасақталғанын және салалық министрлікпен келісілгенін атап өтеміз. Биыл республикалық бюджет есебінен 4 нысанға, соның ішінде Орал қаласындағы 1901 жылғы бұрынғы көпес А. Каревтің үйі, қазіргі Ғ. Құрманғалиев атындағы облыстық филармониясы мен 1896 жылғы бұрынғы әскери шаруашылық басқармасы, қазіргі Х. Есенжанов атындағы балалар және жасөспірімдер кітапханасы ғимараттарын ғылыми-реставрациялау жұмыстарына 252 млн теңге қаражат қарастырылған. Аталмыш жұмыстар 2024 жылы аяқталатын болады. Ал 1872 жылғы Хан Ордасы музей-қорығы құрамындағы Аурухана-амбулатория ғимараты мен 1842 жылғы мемлекет және қоғам қайраткері А. Оразбаева үйіне 170 млн теңге қаражат қарастырылған және биыл қайта қалпына келтіру жұмыстарын аяқтау жоспарлануда, – дейді БҚО-ның Мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Сайран Дүйсенов.
Хан Ордасы музей-қорығында келушілерді қабылдауға арналған визит-орталық пен әкімшілік ғимаратының құрылысына 432 млн теңге жұмсалды. Жұмыс «Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг б.в.» компаниясының инвестициялық қаражаты есебінен жүргізілді. Қазан айында салтанатты ашылуы жоспарланып отыр. Бұл өз кезегінде музей-қорықтың инфрақұрылымын жақсартып, туристік әлеуетін арттыруға себеп болары сөзсіз деп отыр мамандар.
Облыс аумағында ғылыми-реставрациялау жұмыстарын жүргізуді қажет ететін тарихи-мәдени ескерткіш баршылық. Оларды реставрациялау үшін үлкен көлемді жұмыс істелуі тиіс.
Мәселен, Орал қаласының тарихи бөлігінде орналасқан бұрынғы 1864 жылғы орыс-қазақ мектебі. Ол қазір облыстық тарихи музей болып тұр. Ал кезінде атамандар үйі болған ғимарат 1823 жылы салынған. Ол жерде қазір облыстық Полиция департаментінің емханасы бар госпиталі және бұрынғы типтік қалалық тұрғынжай бар. Бұдан бөлек, 1878 жылғы қазіргі Орал гарнизонының әскери прокуратурасы ғимараттарына жедел түрде ғылыми-реставрациялау жұмыстарын жүргізу қажет. Осы жұмыстар үшін қазір мүдделі мемлекеттік мекемелермен келіссөздер жүргізіліп жатыр, – деп мәлімдеді басқарма басшысы Сайран Темірғалиұлы.
Бүгінгі ғаламдану процесінде ұлттық құндылықтарды сақтау мен өзінің бет-бейнесін, ізгі дәстүрлерін сақтау жолындағы күрес – ұлттық сананы сақтау күресі. Ұлттық сана тек ұлттық құндылықтар арқылы қалыптасады.
Қарапайым тілмен айтқанда, ұлттық мәдени құндылықтар – белгілі бір ұлтқа, ұлт азаматына тән зат, адами қадір-қасиет, яғни халық ғасырлар бойы жинақтаған ұлттық рухани және материалдық құндылықтар. Бұл ретте біздің кешегі жүріп өткен жолымыздың куәсі тарихи ескерткіштердің келесі ұрпаққа аман-есен жетуі, аманатталуы аса қажет екенін ұғындырса керек.
Жанат ҚАЙЫРҒОЖИНА,
Батыс Қазақстан облысы