Алғашқы жартыжылдың қорытындысы бойынша, Қазақстанда ішкі туристер саны 3,1 млн адамды құрады.
Қонақжай болу  «қонақүймен» шектелмейді
604
оқылды

Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда көрсеткіш 400 мың адамға өсті. Ал пандемияға дейінгі ұқсас кезеңінен1 миллионға артық. Туризм және спорт министрлігінің мәліметінше, жыл қорытындысы бойынша ішкі туристер саны 9 млн адамға жуықтайды деп болжануда. 

Шетелдік туристер саны 1,8 есе өсіп, бұл көрсеткіш 500 мыңнан асқан. Сондай-ақ 2023 жылдың қорытындысы бойынша, 1,4 млн шетелдік турист елге келеді деген болжам бар. 2019 жылдан бастап Қазақстанда жалпы сомасы 437 млрд теңгеге 400-ден астам инвести­циялық жоба іске қосылған. Биыл 288 млрд теңгеге 115 жобаны іске асыру жоспарлануда. Жоба аясында 14 мыңнан астам төсек-орын және 1,5 мыңнан ас­­­там адам тұрақты жұмыспен қам­­тылмақ.

EQonaq ақпараттық жүйесінің мә­ліметінше, туристік мақсатта келген АҚШ, Германия, Оңтүстік Корея және Үндістан азаматтары Қазақстанда орта есеппен төрт күн өткізеді. Жүйе бірнеше маңызды функцияларды орындайды: елімізге келетін туристер ағынын бақы­лау және талдау, орналастыру орын­дарының тізілімін құру және т.б. Басты мақсат – туристерге көрсетілетін қыз­меттердің ашықтығы мен сапасын арт­­­тыру. Жүйеде тіркелген 3 214 кәсіп­керлік субъектісі орналастыру қызмет­­терін ұсынады. 

Портал көрсеткіштеріне сүйенсек, елімізде ең ұзақ мерзімге саяхаттап келуші Өзбекстан азаматтары болып тұр. Көрші мемлекеттен келген туристер Қазақстанда орта есеппен 10 күнге дейін сапарласа, Ресейден келген туристер ор­та есеппен алты күн, Беларусь азамат­тары – бес күн, Германия – төрт күн, Қытай азаматтары – үш күн уақыт өт­кізеді. 2023 жылдың бірінші жарты­жылдығында Қазақстандағы қонақ үйлер туристерге 98,7 млрд теңгеге қы­змет көрсеткен. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңіндегі көрсеткіштен 45 пайызға артық. 

Бүгінде Үкімет елдегі 10 басым ту­ристік аумақты дамытуға күш салуда. Соның бірі – Каспий теңізінің жағалауы. Бұл ерекше фаунасы, көркем жағажай­лары және ежелгі көрікті жерлері бар ерекше орын. Сонымен бірге Іле-Алатау, Шарын және Алтын-Емел сияқты орын­дарда визит-орта­лықтар мен эко-қонақүй­­лер пайда болды. Үкімет бас­шысы осыған дейін экологиялық тұрақ­­тылық негіздеріне сүйене отырып, «ту­­­­­­­рис­тер санын» артты­руға емес, ке­рісінше саяхат сапасын жақ­­сарту бойын­ша жұмыстар атқарылып жат­қанын атап өткен еді. Бүгінде 80-ге жуық елдің аза­маттары Қазақстанда виза­сыз саяхат­тауға мүмкіндігі бар. Сонымен қатар халық­аралық әуе қатынасының гео­­графиясы кеңейген.

Қазір туризмді мемлекеттік қолдау шараларының да қарқыны күшті.  Атап айтсақ, туристік нысандар салу, тау шаңғысы курорттарын дамыту және ту­ристік автобустар сатып алу бойынша жобалар бар. Сондай-ақ туроператорлар шетелдік туристер мен ел ішінде сая­хаттайтын балалар авиабилеттері суб­сидияланады. 

Салаға соңғы 3 жылда 4 млрд АҚШ доллары көлемінде инвестиция тар­тылып, 400-ден астам туристік нысан салынды. Республикада Хилтон, Мар­­­риотт, Виндхэм, Accor секілді 20-дан ас­там танымал халықаралық желілердің қонақүйлері ашылды.

Дегенмен сала мамандары туризмді дамыту тек заманауи ғимараттар са­­лумен шектелмеу қажет деген пікірде. Мәселен, Астана қаласындағы DemeuTravel ком­паниясының гиді дамыған елден келген қонақтар көшпенділер мә­­­­­дениетін кө­­руге ұмтылатынын жет­кізді.

– Шетелдік туристер еліміздің басқа да өңірлеріне аяқ баспас бұрын, Алматы мен Астана қалаларына соқпай кет­пейтіні белгілі. Сондықтан осы қала­ларда өз салт-дәстүрімізді және халық­тың тұрмыс-тіршілігін шынайы көрсете алатын орындарға сұраныс өте көп. Әсі­ре­се, көшпенді халық болғанын есті­ген өзге елдің саяхатшылары қазақтың ұлт­тық тағамдарынан дәм татуға, мәде­ние­тімен етене танысуға асық. Одан бөлек, табиғатымен көз тартатын ны­сандардан бөлек, ауыл өмірін өз көзімен көруге, жергілікті халықпен сұхбат құру­ға деген құлшыныстары жоғары, – дейді Айгерім Омарова. 

Түрлі елдерден келген туристердің қызығушылығы да әртүрлі. Маманның айтынша, мәселен Орта Азия маңындағы елдерден келген туристерді көбіне Аста­­­наның сол жағалауындағы заманауи ғи­­мараттар мен мешіттер, Ертіс өзенінің жағалауы қызықтырса, батыс және басқа да шалғай елдерден келген туристерге оң жағалаудағы атмосфера қызық. 

– Бүгінде біз туризмді дамыту десе, қонақүйлер мен түрлі нысандар салумен шектелеміз. Бірақ елге келген шетелдік қонақтар үшін отандық қолөнер шебер­­лерін көру, ұлттық мәдениетпен танысу аса маңызды. Қазір біз мұны тек мұ­­ражайда ғана көрсете аламыз, оның өзін­де көп жағдайда шеберлердің жұ­мысын тікелей көретін мүмкіндік бола бермейді. Ал қолөнер бұйымдары болса тым қым­бат. Осы дүниелердің барлығын біз өз азаматтарымызға қолжетімді ете ал­сақ, халықаралық аренада өз орны­мызды табу қиындық туғызбайды деген ойда­мын, – дейді ол.

Қазір саяхаттаушылар үшін жергілікті халықтың шет тілін білу мәселесі еш қиындық туғызбайды. Себебі заманауи құрылғыларда аударма сервистері өте жақсы жолға қойылған. 

– Бірақ көп ауыл-аймақтарда қолма-қол емес, төлем жүйелерінің жоқтығы шетелдік қонақтарымызға көп кедергі келтіреді. Жалпылама айтқанда, өзге елдің азаматтары көбіне Алматы, Астана қалаларына іскерлік мақсатпен сапарлап келеді. Сол себепті ұзақ уақыт тұрақтайды деп айта алмаймыз, – дейді Айгерім Омарова. 

Condé Nast Traveller танымал халық­аралық басылымы Қазақстанды әлемдегі бағаланбаған туристік бағыттардың бірі деп атап өткен. Сондай-ақ Қазақстан таңғажайып пейзаждарға толы екенін атап көрсеткен. Бұған дейін танымал Сurly Тales сайты Қазақстан бойынша қолжетімді демалыс бойынша ТОП-10 елдің қатарына кіретінін жазған болатын. 

Алдағы уақытта жоғарыда сөз болған мәселелер өз шешімін табады деген се­німдеміз. Себебі Үкімет бүкіләлемдік трендке айналған Сommunity based ту­ризмін қолға алып, ауыл тұрғындары, фермерлер мен бағбандар өз шаруа­шылықтарында туристерді қабылдау арқылы қосымша табыс табуды жолға қоймақ. 

Кәмила Еркін

фото:https://minagri.kz/