Биылдан бастап Үкімет қаулысымен ұлағатты қауымның мерекесі 5 қазанда әлемнің жүзден аса елі атап өтетін Дүниежүзілік мұғалімдер күніне сәйкестендірілді. Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, елімізде мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында жарты миллионнан астам педагог еңбек етеді.
«Мұғалім!» – бұл адамның ардақты аты,
Білімдік бар биікке шығар саты.
Ең алғаш басталады осы адамнан,
Сүйеді сондықтан да жақын, жаты,– деп жырлаған Сәбит Мұқанов ел басқаратын көсем де, таңдайынан бал тамған шешен де, қол бастаған батыр да, басқасы да қай заманда болмасын бір адамға – әлбетте ұлағатты ұстазына ұдайы міндетті болып қалатынын насихат қылады. Шын мәнінде, қандай халық, қай ұлт болмасын қаріп танып, хат жаза алған болса, ілім жинап, ғылым қылса, әуелі санасына сәуле түсірген мұғаліміне қарыздар. Қоғамның дамуындағы рөлі мен еңбегі орасан педагогтер қауымының кәсіби мерекесі қарсаңында еліміздегі ұстаздар ыстық ықыласқа бөленіп, түрлі сый-сыяпат алып, еленіп-ескеріліп, бір жадырап қалатыны бар. Сондықтан да бұл мейрамның маңызы зор. «AMANAT» партиясы мүшелерінің қатарында да еліміздің әр өңірінде білім беруден жалықпай, сан жылдар ұстаздық етіп жүрген мұғалімдер бар.
Солардың бірі – еліміздің Оқу-ағарту үздігі Шерихан Чачидзе 50 жылдан астам уақыт мектеп қабырғасында қызмет етеді. Еңбек жолын Алматы облысы Талғар ауданындағы №21 орта мектепте лаборант болып бастаған. 1977 жылдан бастап күні бүгінге дейін Алматыдағы №7 жалпы білім беретін мектепте бейнелеу өнерін үйретіп келеді. Шерихан Киримқызының шәкірттері түрлі шығармашылық байқауларда бақ сынап, жүлделі орындарға ие болды, бүгінде өнер майталмандарына айналып үлгерді. Ұлағатты ұстаз өнер үйретіп қана қоймай, 5-11 сыныпқа арналған оқулықтар, білім беру бағдарламалары мен элективті курстар жөніндегі комиссия құрамында болды. Ғылыми журналдарға мақала жазып, әртүрлі конференцияларда бейнелеу өнерінің мұғалімдеріне тәжірибесімен бөлісті. Шерихан Киримқызы партия құрылған күннен бастап бастауыш партия ұйымының (БПҰ) төрағасы болып келеді. Парламент Мәжілісі мен қалалық мәслихат депутаттарын сайлау кезінде партияның Медеу аудандық филиалы штабы қоғамдық қабылдау бөлмесінің басшысы болды. Зейнет жасына келген педагог шәкірт санасына білім нәрін сеуіп, ел болашағының өрендерін тәрбиелеу – аса қасиетті міндет екенін айтады. Аяулы ұстаз өнер-білім үйретіп қана қоймай, баланың бойына адамзаттың асыл қасиеттерін дарытуға күш салатын мұғалімдер қауымының қатарында жарты ғасырға жуық қызмет қылғанын зор мәртебе санайды.
Еліміз егемендік алған жылдан бері саналы ғұмырын білім үйретуге арнаған тағы бір ұстаз – «Бақыт-Ақтау» негізгі орта мектеп-гимназиясының директоры Людмила Меңдіғалиева. Людмила апай – қалалық пәндік олимпиада әділқазылар алқасының, сондай-ақ мектептерді тексеру мен аттестациялауда қалалық және облыстық комиссиясының мүшесі. Жаны шығармашылыққа құмар мұғалім жайлы әріптестері жылы пікір айтады: әрбір сабаққа тиянақты дайындалатын Людмила Идаятовна көрнекілік құралдарын үнемі пайдаланады екен, мұнысы оқушыны сабаққа қызықтырып қана қаймай, тапсырма орындаудағы нақтылығын артырады. Сондықтан болса керек, оның шәкірттері қалалық, облыстық, республикалық шараларға тұрақты қатысып отырады. Людмила Идаятовна – өз әріптестеріне әдіскерлік көмегін беруден аянбайды, оқу-тәрбие процессін түрлендіре отырып, әрбір оқушының өз пәніне деген қызығушылығын арттыру және танымдық шығармашылығын байытудың шебері. Германия, Қытайда тәжірибесін шыңдаған ұлағатты ұстаз «Ең үздік білім беру ұйымы–2014» байқауында ІІ орынға ие болды. 2008 жылы Білім министрінің Құрмет грамотасымен марапатталды. Былтыр «АMANAT» партиясының «Белсенді қызмет үшін» төсбелгісін алды. Әр жылдары ел Президентінің алғысхаты табысталды.
28 жылдан астам уақыт ұстаздық етіп қана қоймай, ауылындағы мұқтаж отбасыларға жәрдемдесетін мұғалім – Ғалия Шекенбайқызы жазбай кетуге сірә болмас. Солтүстік Қазақстан облысы Уәлиханов ауданына қарасты Кішкенекөл ауылындағы №2 орта мектептің мұғалімі шәкірттерін еңбекке баулумен қатар, қоғамдық жұмысқа белсенді араласады. 10 жыл бойы аудандағы «Қаракөл» бастауыш партия ұйымының төрағасы қызметін атқарған.
«Мұғалімдік пен қоғамдық жұмысты қатар алып жүру тіпті де қиын емес. Мамандығым – еңбек пәнінің мұғалімімін. Кейін курс оқып, өзін-өзі тану пәніне жауапты маман болып бекітілдім. Еңбек жолын тәлімгер жұмысынан бастағанмын. Мұқтаж жандарға көмектесіп, қарияларға қол ұшын созып, аудан халқын алаңдатқан мәселені шешуге тырысатынбыз. Өзін-өзі танудан сабақ бергенде балаларға қоғамдық шаруаның маңызын үйретуге зейін қоямын. Қоғамдық жұмысым да, мұғалімдік қызметім де мейірім, қайырыммен сабақтасып жатты», – деді Ғалия Алинова.
Ұстаздық пен қоғамдық қызметінен бөлек, ол бос уақытында шахмат ойнағанды ұнатады. Оқушыларды осы ойынға баулу мақсатында 40-қа жуық оқушының басын қосып, мектепте шахмат үйірмесін ашқан. «Осы уақыт ішінде үйірмеге қатысып жүрген 40 баланың түгелі менің отбасыма айналып үлгерді», – дейді ұстаз.
Оның айтуынша, ауылындағы мұқтаж отбасыларға тегін киім-кешек бутик ашқан. Осыдан екі жыл бұрын ашылған дүкен Кішкенекөлдегі «Ару» сауда үйінде орналасқан. Ғалия Алинова қайырымдылық бутигін ашу идеясын алдымен «AMANAT» партиясы Уәлиханов аудандық филиалының төрағасы Маржан Латыповаға айтқан. Ол «Нұр» бөлшек және көтерме сауда желісінің басшысы Рашида Темірбековамен келіссөз жүргізіп, ақырында сауда үйінен қайтарымсыз негізде буктик ұсыну туралы шешімге келген.
«Біздің мектеп мұғалімдері балаларға түрлі киімдер әкеп таратады. Ұнамаған киімдер қалады, кейде лақтырып жатамыз. Мешітте де үйіліп, кейде ретсіз шашылып жатады. Ең дұрысы, сол киімдер бір жерде жинақы, таза күйінде тұрса әрі мұқтаж жанға қолжетімді болса деген ой келді. Бұл іске балалар көп көмектесті. Ата-аналар, кәсіпкерлер аяқкиім, киім-кешек, тіпті ыдыс аяққа дейін алып келеді. Балалар ойыншығы тез таралып кетеді», – дейді Ғалия.
Ғалия Шекенбайқызы белсенді жұмысы үшін Президенттің, Орталық аппараттың алғысхатымен әрі аудан әкімінің Құрмет грамотасымен марапатталған. Игі істердің басы-қасында жүретін ұстаз халықтың марапаты мен оқушылардың алғысы бәрінен биік екенін айтады.
Барша жұрт болашағын ірі қалалардан іздеп, үдере көшкен уақытта ауыл жайын ойлап, онда қызмет ететін ұстаздардың орны бөлек. Солтүстік Қазақстан облысы Мағжан Жұмабаев ауданындағы Қарақоға ауылдық округіндегі Қарақоға орта мектебінің директоры Жәния Абайқызының еңбегін зор мақтанышпен айтуға болады. Бұл білім ошағында 300-ге жуық оқушы оқиды. Көкшетаудағы Шоқан Уәлиханов атындағы университетте жоғары білім алған Жәния Хайдарова мектеп директоры әрі математика және информатика пәнінің мұғалімі. Жоғары санаттағы мұғалімнің 24 жылдық жалпы педагогикалық өтілі бар.
«Бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығара отырып», бір мектептің ғана емес, бүкіл аймақтың ахуалын көтеруге болады. Әр ісімізде табандылық танытып, бірлесе істесек, көтерер жүгіміз де жеңіл болады», – деген Жәния Абайқызы Қарақөоға ауылындағы оқу-тәрбие ісін ілгері дамытуда тынымсыз еңбек етіп келеді, ауыл өмірінің қоғамдық ісінен де тыс қалған жоқ. Ұйымдастырушы әрі жауапты маман көп жыл бойы «AMANAT» партиясының белсенді мүшесі ретінде қоғамдық іске араласып келеді. «Балаларды қорғау күні», «Мектепке жол» акциясы секілді шараларды өткізу кезінде демеушілік көмек көрсетті. Аудандық мәслихаттың депутаты болған Жәния Хайдарова ауылды абаттандыру бойынша халықпен жұмыс жүргізді, түйткілді мәселелердің шешімін тауып, өзін жауапкершілікті мойнына алатын бастамашыл адам ретінде де көрсетті. Шәкірттеріне білім үйретіп қана қоймай, тәлім-тәрбие, адамгершілік, адалдық сынды ізгі қасиеттерді бойына дарытып, дұрыс бағыт-бағдар бере білген аяулы ұстаздың 25 жыл ішінде еңбегі еленіп, түрлі алғыс хаттар мен сый-сыяпатпен марапатталды.
Асыл ТҰМАР