Бүгінде облыста ауыл шаруашылығы және туризм саласымен қатар, өндіріс ошақтарын салу маңызды болып тұр. Осы бағытта өңірге инвестицияны көбірек тартып, жұмыс орындарын ашу, өндіріс орындарын көбейту бағытында ауқымды жұмыс жүріп жатыр. Айталық, жыл басынан бері облыс басшылығы 10 елдің сексенге жуық өкілдерімен кездескен. Атап айтқанда, Түркия, Қытай, Өзбекстан, Ресей, Германия, Италия, Жапония, Корея, Чехия, Грузия сияқты елдер бар. Оның ішінде, инвестиция тарту бағытында сыртқы байланыстарды орнату мақсатында 30 шетелдік инвестормен және 10 ресми делегацияның (Шетелдік Елшілер – Бас консулдар және т.б.) кездесулері ұйымдастырылды. Бұл туралы облыс әкімі Дархан Сатыбалдының басшылығымен өткен облыс әкімдігі аппаратының апталық отырысында айтылды.
Жиында облыс басшысы Дархан Амангелдіұлы өңірге инвестиция тарту бағытындағы жұмыстар қарқынды жалғасуы тиіс екенін жеткізді. Атап айтсақ, облыс басшысы мәжілісте жоғарыда аталған жұмыстардың нәтижесі туралы талқылап, алдағы жоспарларды пысықтады.
– Келіссөздер арқылы нақты нәтижеге қол жететін болсын. Инвесторларға жағдай жасап, өндіріс орындарын ашуға қолдау көрсетіңіздер. Әрбір әкімнің жұмысы жеке талданып, сарапталады, – деді Дархан Сатыбалды.
Айта кетейік, биыл Түркістан облысының жауапты басқарма басшысы (Кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы) мен аудан, қала әкімдері Қытай мен Өзбекстан мемлекеттеріне іссапармен барып, өндірісті дамыту бағытында тәжірибе жинақтап келген болатын.
Жиында Түркістан облысының Кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы Нұржігіт Мырзахметовтың ҚХР және Өзбекстан елдеріне жасаған іссапарлары барысының есебі тыңдалды.
«Облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының ережесіне сәйкес, басқарма өз құзіреті шегінде, сыртқы байланыстарды орнататын мемлекеттік орган екені өздеріңізге белгілі. Атап айтқанда, шетелдерде инвестициялық және кәсіпкерлік саласындағы өтетін Форумдар, роуд-шоулар және В2В кездесулерге облыс делегациясының қатысуын, содай-ақ өңірімізге өзге елдерден келген ресми делегацияларды (ҚР СІМ нотасына сәйкес) облыс әкімдігі басшылығымен кездесулерін ұйымдастырады», – деді Н.Мырзахметов.
Оның айтуынша, облыс басшылығы барған Түркия, Қытай, Өзбекстан, Ресей, Германия, Италия, Жапония, Корея, Чехия, Грузия сынды ұзын саны 10 елдің сексенге жуық өкілімен келіссөздер жүрген. Сонымен қатар солардың ішінде 30 шетелдік инвестормен және 10 ресми делегациямен инвестиция тарту бағытында сыртқы байланыстарды орнату бойынша келіссөздер жүргізген.
Қытай Халық Республикасына іссапар аясында екіжақты ынтымақтастықты одан әрі дамыту және қытайлық инвесторларды облысқа тарту мақсатында 10-нан астам компаниямен 2,6 трлн теңгені құрайтын келісімдерге қол қойылған. Облыстың кәсіпкерлері Қытайдан инвестиция тартып, жобаларды жүзеге асыру жұмыстарын бастап кеткен. Атап айтқанда, «Тұран-мебель» жиһаз шығару зауытына 2,3 млрд теңгеге құрал-жабдық сатып алған.
«Қазақстан 2023–Қытай» компаниясының шұлық өнімдерін шығару үшін қажетті құрал-жабдықтарды 1,0 млрд теңгеге сатып алды. Жобаны іске қосу қазан айының соңында жоспарлануда.
Қытайлық Пэн Шэн Групп (PengSheng Group) компаниясы жалпы құны 19,0 млрд теңгеге облыста мақта шитін өңдеу және сұрыптау, полиэтилен пленкаларын өндіру, тамшылатып суару жабдықтарын өндіру және ауыл шаруашылығы техникаларын шығару зауытын қоюға ниетті. Осы бағытта шетелдік инвестор зауыттың алдын ала есептеу жұмыстарын жүргізуде. Аталған мәселелер бойынша биылғы тамыз айында инвестор облыс басшылығымен кездескен.
Mega-Agat ЖШС жалпы құны 4,7 млрд теңге болатын алюминий радиаторларын шығару зауытын жүзеге асыруды жоспарлауда. Қазіргі уақытта инвестор жобаны жүзеге асыру үшін Жейанг Навас Индастри (Zhejiang Navas Industry аnd trade Co., Ltd) компаниясымен келіссөздер жүргізуде.
Сэтрон Силк Роуд Глобл Индаcтри (CETRON Silk Road Global Industry Co., Ltd) жалпы құны 2,6 трлн теңгеге облыста күн батареяларды шығару, электромобильдер шығару және тоқыма өнімдерін өндіру зауыттары инвестициялық жобаларын жүзеге асыруды жоспарлауда. Қазір аталған зауыттарды жүзеге асыруды бастау үшін Инвестор мен облыс әкімдігі арасында меморандумға қол қойылған.
«Cotton-мақта» ЖШС компаниясы Сван Мэшинери (Swan Machinery Co. Ltd) зауытынан жалпы құны 1,2 млрд теңгеге қуаттылығы 600 тонна мақта өңдейтін құрал-жабдықтар сатып алды. «Cotton-мақта» ЖШС мақта өңдеу зауыты 2023 жылдың соңында іске қосу жоспарлануда.
Бүгінде ірі жобаларды жүзеге асыратын 100 гектар аймақты басқаруды рәсімдеу Арнайы экономикалық және индустриялық аймақтар туралы Заңға сәйкес жүзеге асырылып жатқанын айтқан басқарма басшысы, Қытай кәсіпорындарымен тағы да бірқатар келісімдер жүргізіліп, нәтижесінде көптеген қажетті құрал-жабдықтар мен т.б өндіріс орындарына керекті заттардың жеткізіліп жатқанын айтты. Жалпы, Қытай елінің инвесторларымен бірқатар жобаларды жүзеге асыру көзделуде.
Оның қатарында – көкөністер мен жемістерді қайта өңдеу, теріні қайта өңдеу арқылы түрлі медициналық материалдарды дайындау. Тамшылатып суару жүйелері зауытын салу. Шыбын-шіркей мен жәндіктерге қарсы химиялық өңдеу заттарын шығару, мал сою бекеті және мал қалдықтарын қайта өңдеу зауыттарын салу бойынша инвесторларды тарту бойынша келіссөздер жүргізілуде.
Облыстағы басшылық бұл мәселелерді соңына дейін жүзеге асқанша тұрақты бақылауға алып, барлық қажетті сүйемелдеу жұмыстарын жасайтын болады.
Жалпы, жыл соңына дейін Қытай еліне Кентау қаласы, Сауран, Сайрам, Ордабасы, Қазығұрт және Отырар аудандарының әкімдері және 50-ден аса кәсіпкерлерден құралған делегация барады. Мұнда олар өндіріс технологиясымен және түрлі салаларға қажетті-жабдықтарды өндіру жұмыстарымен таныспақ.
Бұдан басқа, биыл облыс басшысының тапсырмасына сәйкес, басқарманың ұйымдастыруымен Келес, Сарыағаш, Жетісай, Шардара, Мақтаарал аудандары әкімдерінің және кәсіпкерлерден құралған делегацияның Өзбекстан Республикасына іссапары ұйымдастырылды.
Іссапар аясында Сырдария облысында орналасқан Пэн Шэн (PengSheng) компаниясының индустриалды аймағындағы тері өңдеу, сантехника, желатин, кафель өндірістері және заманауи басқару жүйесімен мақта егілген жобалармен танысып, аталған индустриалды аймағының аналогін Түркістан облысында ашуға ниет білдірді.
Сонымен қатар шағын кәсіпкерлікті дамыту әрі жұмыссыздық көрсеткішін азайту бағытында тәжірибе алмасу үшін делегацияның Андижан облысындағы «Ипак кучат» кластерінің тұт ағаштарының плантациясын аралап, түрлі сорттарымен және жібек жібін өндіру зауытымен таныстырылымы ұйымдастырылған.
Өңірдің кәсіпкерлері жібек мата өндірісінің толық процесін бақылап, қызығушылық танытқан кәсіпкерлер жібек өндірушілерімен пікір алмасып, байланыс орнатты.
Нәтижесінде, Өзбекстандық Жібек ассоциациясының төрағасы және Өзбекстандық кәсіпкерлер биыл 28 қыркүйекте облыс әкімімен кездесті. Бұл бағытта Өзбек тарапымен бірлесіп жібек саласын дамытудың өңірлік бағдарламасы әзірленуде.
Осыған қоса, Өзбекстан Республикасы экономикасының жаңа өсу нүктелерін зерттеу мақсатында іссапар ұйымдастырылды. Іссапар аясында мақта кластерін және үй жағдайында шағын орта бизнесті дамыту жолдары қарастырылды. Облыстық делегация Хорезм, Самарқанд, Наманган, Ферғана, Жыззақ облыстарына және Ташкент қалаласының кәсіпкерлерімен кездесіп, тәжірибе алмасты және өндіріс орындарымен танысқан.
Нәтижесінде, шағын және орта бизнеске арналған тамаша жобалардың тізімі (шеге шығару, сөмке шығару, сүт өнімдерін шығару, салфетка шығару және т.б.) жасақталып, «Ауыл Аманаты» бағдарламасының 6 бағытындағы тізіміне енгізілді.
Сонымен қатар іссапар аясында Global Textile мақта кластерін Түркістан облысында дамыту үшін, Global Textile компаниясының басшылығымен талқыланды. Қазір аталған жобаның Жол картасы бекітіліп, Мақтаарал ауданында 30 гектар жерге «Наманган 77» мақта сорты пилоттық ретінде егілгендігі жөнінде Инвестициялық штаб отырыстарында баяндалған болатын.
Сондай-ақ Өзбекстан капиталының қатысуымен «Тұран-мебель» жиһаз шығару зауыты инвестициялық жобасы жүзеге асырылуда. Қазіргі кезде Қытайдан құрал-жабдықтар жеткізілді. Жобаны іске қосу 2023 жылдың қазан айының соңында жоспарлануда.
Мұнан өзге, аппараттың апталық отырысында облыс әкімінің тұрғындармен кездесу барысында көтерілген мәселелерді шешу бағытындағы жұмыстар да сараланды. Облыс әкімі аппараты басшысының орынбасары Асқар Қаныбековтың айтуынша, былтырдан бері облыс әкімінің деңгейінде 68 кездесу өтіп, жалпы 610 мәселе көтерілген. Оның ішінде 212 мәселе шешімін тапқан, 279 мәселе орындалу үстінде.
Сұрақтардың басым бөлігі инфрақұрылымға қатысты. Өңір басшысы тұрғындардың өтініштерін орындау бағытындағы жұмыстар қатаң бақылауында екенін айтты. Жауаптыларға елдің өтініштерін назарға алып, мәселелерді шешу туралы тапсырма берілді.
Мәжілісте облыс әкімі аппаратының ұйымдастыру-инспекторлық жұмыс аумақтық даму бөлімінің басшысы М. Әліповтің аудан, қалаларды абаттандыру, көгалдандыру және тазалық жұмыстары туралы баяндамасы тыңдалды. Көгалдандыруға, тазалыққа немқұрайлы қараған аудан, қала әкімдеріне сын-ескертпе айтылып, жұмысты жандандыру жөнінде міндеттер жүктелді.
Тельман БЕЙСЕН,
Түркістан облысы