Биылғы физика бойынша Нобель сыйлығының жеңімпаздарының есімдерін жариялаған BBC News сайтында үш ғалым да әрқайсысы өз беттерінше бір ғылыми бағытта жұмыс істегендері айтылған. Aikyn.kz британдық басылымның материалына сүйене отырып, бұл зерттеулердің физиканы дамыту үшін қаншалықты маңызды екенін түсіндіреді.
Фото indicator.ru сайтынан алынды
Нобель комитетінің Бас хатшысы 2023 жылғы физикадан лауреаттардың аттарын жариялау рәсімінде үш ғалымның «атомның ішіне үңілуге» мүмкіндік беретін ультра қысқа лазерлік импульстік технологияны тәжірибе түрінде жасаған еңбектері үшін берілгенін атап өткен.
Бір қызығы, Нобель комитетінің өкілдері үш ғалымның ішіндегі швециялық профессор Анн Л'Юилье ханымға бірден хабарласа алмаған. Профессор Лунд университетінің студенттеріне оқып жатқан лекциясын бейтаныс нөмірден келген қоңырау үшін үзбей жалғастыра берген.
Профессор Анн Л'Юилье 120 жылдан астам уақыт ішінде физика бойынша Нобель сыйлығын алған бесінші әйел болды, соңғы бес жылдағы үшінші әйел лауреат.
Фото nobelprize.org сайтынан алынды. Авторы: Niklas Elmehed
Физика бойынша 2023 жылғы Нобель сыйлығын Пьер Агостини (Огайо университеті, АҚШ), Ференц Краус (Макс Планк институты, Германия) және Анн Л'Юилье (Лунд университеті, Швеция) бөліседі.
Бұл үш ғалым 2001 жылы әрқайсысы жеке жаңа ғылыми бағыт – аттосекунд физикасының негізін қалаған сәтті эксперименттер жүргізген. Атомды құрайтын қарапайым бөлшектер ретсіз қозғалмайды: олардың қозғалысы бір-бірімен қатаң үйлестірілген.
Физиканың химиямен шектесетін осы бөлімінде атомның жеке бөліктері бір-бірімен қалай әрекеттесетіні зерттеледі. Қарапайым тілмен айтқанда, екі заттың электрондарын қажетті кезде дәл соғып, орбиталарынан шығарып, бізге керекті қасиеттерге ие заттар түзілетін химиялық реакцияны бастауға болады.
Дегенмен бұл бөлшектер соншалықты кішкентай және соншалықты керемет жылдамдықпен қозғалатындықтан, тіпті ең қуатты микроскоп та олардың үйлесімді ойынын көре алмайды.
Фото Getty Images сайтынан алынды. Авторы: Bruce Rolff
Сондықтан да электрондардың бір-бірімен әрекеттесуін «көру» үшін (эксперимент кезінде олардың күйінің өзгеруін жазу үшін) қысқа лазерлік жарқылмен «процесті жарықтандыру» керек. Ол аттосекундтармен өлшенетін соншалықты қысқа уақыт. Физиканың жаңа зерттеу бағыты да аттосекунды физика деп аталады.
Аттосекунд секундтың квинтиллионнан бір бөлігі (1:1 000 000 000 000 000 000). Оны алу үшін секундты алдымен миллион бөлікке, содан кейін тағы миллионға, содан кейін қайтадан үшінші рет миллионға бөлу керек.
Бұл мәннің қаншалықты аз екенін түсіну үшін бір секундтағы аттосекундтар саны Үлкен жарылыстан бүгінге дейін өткен секундтар санынан көп екенін көзіңізге елестету керек.
2023 жылғы физикадан Нобель сыйлығын алған үш ғалым – Агостини, Краус және Л'Юилье – әлемнің үш елінде орналасқан зертханада жұмыс істей отырып, аттосекундтық жарық импульстарын жасаудың екі түрлі әдісін ойлап тапқан.
Олардың эксперименталды зерттеулерінен бері 22 жылда технология айтарлықтай дамығанымен, барлық аттосекундтық физика әлі де осы үш лауреат ашқан жаңалықтарға негізделген.
Биылғы Нобель сыйлығының ақшалай баламасы шамамен 1 миллион АҚШ долларына тең.
Фото Getty Images сайтынан алынды. Авторы: Steve Allen
Анықтама ретінде
1901 жылдан бері физика бойынша Нобель сыйлығы 116 рет берілді, оның 222 лауреат болды. Өткен жылы физика бойынша Нобель сыйлығын француз Ален Аспет, америкалық Джон Клаузер және аустриялық Антон Цейлингер бөліскен.
Оларға сыйлық кванттық механика саласындағы зерттеулері үшін берілді, ғалымдар ұлы Эйнштейннің де қателесуі мүмкін екенін тәжірибе жүзінде дәлелдеген.
Лауреаттар бүгінге ең қуатты цифрлық чиптерге қарағанда жүздеген есе жылдам есептейтін кванттық компьютердің прототипін адамзат игілігіне сыйлады. Кванттық компьютер адам өмірін мүлдем басқа деңгейге, жылдамдыққа ауыстыратын технология. Кванттық компьютерде шифрланған құпия мәліметтердің кілтін (пароль) табу үшін қазіргі әлемдегі ең озық суперкомпьютерлерге бірнеше мың жыл қажет болады.