Күні кеше Президент ауыл мектебінің проблемасын айтып, ауылдағы кітапханалардың жұмысын қайта жандандыруға тапсырма берді. Ауыл аймақта мектеп, кітапханамен қатар баспа ісі, аудандық басылымдардың да халі мүшкіл.
Газеттерді ғимараты үшін ғана сатып алып, бизнес орталығына айналдырып жіберді – Оралхан Дәуіт
914
оқылды

Журналист, Жамбыл облыстық мәслихатының депутаты, «AMANAT» партиясының мүшесі Оралхан Дәуіт аудандық газеттердің өзекті проблемасын айтты. Aikyn.kz журналист көтерген мәселені оқырман назарына ұсынады. 

Жамбыл облысындағы аудандық, қалалық газеттердің барлығы жекешеленіп кетті. Жекеге өткенімен баяғыдай мемлекеттік тапсырыспен қаржы алып, бюджеттің қаржысымен күн көріп отыр. Дәл осы басылымдарды сатқаннан бюджеттің қай бүйірі томпайып, мемлекеттік саясатты насихаттаудың бұрынғыдан сұмдық жетіліп кеткенін байқамадым. Тіпті кейбіреулер аудандық газетті ғимараты үшін ғана сатып алып, ғимаратты бизнес орталығына айналдырып, редакцияның жағдайын ұмыт қалдырғаны да бар. 

Қазір сол газеттерді сатып алғандардың өздерінде де проблемадан проблема. Жақында облыс әкімі Ербол Қарашөкеев жергілікті БАҚ өкілдерін қабылдаған кезде аудандық газеттердің құрылтайшылары да біраз көз жасын сығып алды. 

 

Журналистің Жамбыл аудандық «Шұғыла» газетінің ұжымымен кездесуі.

Жалпы біздің аймақтық БАҚ, оның ішінде басылымдар қайда бара жатыр? «Өгізге туған күн бұзауға да туады» деген аудандық газеттердің басындағы жағдай ертең облыстық газеттерге де тумасына кім кепіл? Жоғары билікте жүрген жандардың аузынан «Аудандық, қалалық газеттерді бекер сатқан екенбіз? Содан оңалып кеткен тірлікті көрмедім, қайта бәрі кері кетті» деген әңгімені талай рет естідім.

Иә, дәл қазір БАҚ саласы үлкен жолайырықта тұр. Тағдыры шешілгелі тұр.

Бүгінде «Газет-журналдардан ешқандай пайда жоқ. Табысты емес. Тираж түсіп, оқырман азайып жатыр. Ендеше басылымдарға қаржы бөліп, неге ұстаймыз?» деген де әңгімелер ашық айтылып жүр.

Бірақ, өзіңіз ойлап көріңізші, идеология саласының қай қызметі қып-қызыл табысқа бөгіп жатыр? 

«Газет оқитындар азайып кетті, ешқандай табысы жоқ» дейтін болсақ, онда еліміздегі кітапханалардың бәрін жабайық. Олар қандай нақты пайда түсіріп жатыр? Ауыл-аудандарды былай қойғанда қалалардың өзінде де кітапханалардың жұмысы қызып жатпағанын мойындауымыз керек. 

Миллиардтап ақша бөлінетін футбол клубтарының бәрін жабайық. Олар да қып-қызыл шығында отыр. Егер бюджет көмектеспесе, билет алып, футбол көру үшін стадионға келетін жанкүйерлердің қаржысына ешқандай клуб күн көре алмас еді?!

Өңірлердегі клуб, мәдениет үйлерінің барлығын жабу керек. Қайсысы жыл он екі ай концерт өткізіп, билет сатып, табыс тауып жатыр?!

Дәл сол сияқты музей, көрме, түрлі мәдени орталық, үйірмелер, спорт кешендерінің барлығын жабу керек шығар. Өйткені ешқайсысы өз табысына күн көріп отырған жоқ.

Тағы да қайталап айтамын, идеология саласының қолға ұстап санайтын нақты табысы жоқ десе де болғандай... Бұл саланың табысы көзге көрінбейді. 

Егер елімізде қылмыс саны азайып жатса, тұрғындардың мәдениеті артып, денсаулығына жауапкершілікпен қарап, спортпен айналысатын жандар, салауатты өмір салтын ұстанатындар, адамгершілігі мол, меценат, қайырымды адамдар көбейіп жатса – бұл БАҚ саласы жүргізіп жатқан үгіт-насихаттардың арқасы емес деп қалай айта аласың... 

Міне, идеологияның жемісі мен жеңісі.