Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа 14 мемлекеттің Төтенше және өкілетті елшілері Сенім грамоталарын тапсырды.
Президент Сенім грамоталарын қабылдады
335
оқылды

Президент дипломаттарға еліміз БҰҰ Жар­ғысының мақсаттары мен қағидаттарына не­гізделген әділетті әлем орнату тәртібін жақ­тайтынын айтты.

– Қазақстан елдің қауіпсіздігі мен орнықты дамуын қамтамасыз етуге бағытталған бейбіт сырт­қы саясат жүргізеді. Біз сіздердің мемлекет­теріңіз­бен өзара тиімді, достық қарым-қатынас­ты кеңейтуге және нығайтуға мүдделіміз, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның эко­номикалық даму келешегі  зор екенін, елімізді әлемдік экономиканың маңызды бөлігіне айнал­дыру үшін барлық мүмкіндікті жасайтынын атап өтті.

– Еліміз – Орталық Азия өңіріндегі эконо­микасы ең дамыған мемлекет. Бірақ біз мұнымен тоқтап қалмаймыз. Экономикамызды одан әрі орнықты дамыту үшін бар күш-жігерімізді жұм­саймыз, – деді ол.

Президентке Сенім грамоталарын Швей­цария Конфедерациясының елшісі Салман Бал, Литва елшісі Эгидиюс Навикас, Чех Респуб­ликасының елшісі Павол Шепеляк, Үндістан елшісі Нагендра Прасад, Иордания Хашимит Корольдігінің елшісі Хамза Махмуд Юсеф Әл-Омари, Нидерланд Корольдігінің елшісі Николаас Якоб Схермерс, Қасиетті Тақтың Қазақстандағы апостолдық нунциі Джордж Джордж Панамтундил, Словения елшісі Дарья Бавдаж Курет, Уганда Республикасының елшісі Мозес Каваалууко Кизиге, Гана елшісі Лесли Ача Опоку-Уаре, Шығыс Уругвай Республикасының елшісі Даниель Рубен Кастильос Гомес, Эфиопия Федеративтік Демократиялық Республикасының елшісі Адем Мұхаммед Махмуд, Дания Корольдігінің елшісі Якоб Хеннингсен, Непал Федеративтік Демократиялық Республикасының елшісі Милан Радж Туладхар тапсырды.

Мемлекет басшысы салтанатты рәсім соңын­да елшілерді Қазақстандағы дипломатиялық мис­сиясының ресми түрде басталуымен құт­тықтап, екіжақты ынтымақтастықты одан әрі нығайту ісінде табыс тіледі және сенім грамо­таларын тапсырған мемлекеттердің басшылары­на ізгі тілегі мен сәлемін жолдады.