Бүгінде үшінші мегаполистің аумағы кеңейіп, көпқабатты үйлерден көз сүрінеді. Олардың арасында тұрғын үй кезегінде тұрғандар үшін мемлекет тарапынан бой көтерген пәтерлерден бөлек, коммерциялық бағыттағы жеке компаниялар тұрғызып жатқан зәулім баспаналар да жетерлік.
Жастарға мүмкіндік көп
Биыл Шымкент қаласы бойынша мемлекеттік бағдарлама шеңберінде халықтың әлеуметтік осал топтарын, көпбалалы отбасыларды және жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды, бюджеттік ұйымдардың қызметкерлерін 324 арендалық пәтермен қамту жоспарланған. Бүгінде осынау топтағы 278 азамат баспанаға қол жеткізіп отыр. Бұл туралы Шымкент қаласының Тұрғын үй басқармасының басшысы Жанат Өтебаева бізге берген сұхбатында айтып өтті.
Жанат Өмірсейітқызының айтуынша, бұдан бөлек жыл соңына дейін жұмыс істейтін жастарға арналған 888 пәтер берілуге тиіс. 1 886 пәтерді кредиттік негізде жыл басында беру жоспарланып, қазір 1 329 азамат ипотекалық тұрғын үймен қамтамасыз етілген. Оның 808-і «5-20-25» бағдарламасымен, 461-і «2-10-20» бағдарламасымен «Бақытты отбасы» бойынша және 60 пәтер «Шаңырақ» аясында пайдалануға берілген.
«Айта кетейік, 2023 жылдан бастап 35 жасқа дейінгі азаматтар жастар санатына еніп, баспанамен қамтылуда мемлекеттік қолдауға ие болып жатыр. Мемлекеттік жастар саясаты жөнінде қабылданған заң бірнеше жаңа норманы қамтиды. Бұған дейін жастар санатына 29 жасқа дейінгі азаматтар кірген болса, бұдан былай ол 35 жасқа дейін ұлғайтылды. Осылайша, жастарға арналған механизмдерді қолданатын азаматтардың саны едәуір артпақ. Тағы бір айта кетерлік жайт, биылдан бастап жұмыс істеп жүрген жастарға сатып алу құқығынсыз пәтерлер енді 3 жыл мерзімге пайдалануға берілетін болады. Өтініш берушінің өтініш бергенге дейін соңғы 3 жылда Шымкент қаласында тұрақты тіркеуде болуы және иелігінде тұрғын үй тіркелмеуі тиіс», – дейді басқарма басшысы.
Сонымен қатар Шымкентте жұмысшы жастарға сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үй беру бағдарламасы аясында Шымкент қаласында 2020 жылы 904 пәтер берілсе, 2021 жылы 300 жас жалдамалы баспанамен қамтылған. 2022 жылы аталған бағдарлама бойынша 857 азамат қоныс тойын тойлаған. Биыл 888 жастың арендалық баспана иесі болуы жоспарланған. Конкурсқа жастардың өтінімдерін қабылдау, өңдеу, келісімшартқа тұру жұмыстары толықтай электронды нұсқада жүргізілмек. Шымкент қаласы бойынша әзірге жастар бағдарламасы басталмапты.
Qamqor талай жанға қамқор болды
Сондай-ақ тұрғын үй кезегіне тұра алмайтын сала мамандарына арналған Qamqor бағдарламасы көптеген жанның баспаналы болуына зор мүмкіндік туғызып отыр. Өтінімдер Отбасы банктің жылжымайтын мүлік порталында 15 тамыз-25 қыркүйек аралығында қабылданған.
Аталған бағдарлама шымкенттік талай маманның тұрғын үй мәселесін шешуге көмектескен. Осынау бағдарлама арқылы дәрігерлер, медбикелер, санитарлар, педагогтер, тәрбиешілер, жоғары оқу орны және колледж оқытушылары, ғылыми қызметкерлер, мәдениет және спорт саласының қызметкерлері, журналистер, энергетика саласының және «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы КЕАҚ филиалының қызметкерлері мен мемлекеттік және бюджеттік ұйымдардың қызметкерлері қатысыпты. Орташа сомасы 20 млн теңге болатын несиенің алғашқы жарнасы 10 пайыз, жылдық мөлшерлеме – 5 пайыз.
«Үміткердің өзі тұратын баспанасын бастапқы нарықтан немесе қайталама нарықта да таңдап алуына мүмкіндігі бар. Qamqor бағдарламасы аясында несиелеу үшін алғашқы транш 3 млрд теңгені құрайды. Аталған қаражат жергілікті атқарушы орган тарапынан бөлінеді. Жаңа тұрғын үй бағдарламасы шеңберінде өтінімдерді қабылдау және әлеуетті қарыз алушылардың тізімін қалыптастыруда басты оператор Отбасы банкі. Жеңілдетілген несиелеуге үміткерлерді іріктеден өткізу барысында қатысушылардың некедегі жылдар саны, балалардың болуы, жұмыс өтілі, Шымкентте тіркелу ұзақтығы әсер етеді. Сондай-ақ Qamqor бағдарламасына 63 жасқа дейінгі қатысушының және оның отбасы мүшелерінің Қазақстан аумағы бойынша соңғы 5 жылда меншік құқығындағы тұрғын үйдің болмауы, соңғы 3 жыл ішінде Шымкентте тұрақты тіркеуде болуға тиіс», – деп бағдарлама аясындағы талаптарды түсіндірді Жанат Өмірсейітқызы.
Үшінші мегаполисте 2023 жылға қайтарымсыз негізде тұрғын үй сертификаттарын беру жоспарланып, биылғы жылдың 23 қаңтарынан бастап тұрғын үй сертификаттарын алу үшін электронды түрде құжат қабылдау жүргізілуде. Қазір 159 азаматқа тұрғын үй сертификаттары берілген. Оның ішінде толық емес отбасылар – 15, көпбалалы отбасылар – 72, ерекше бала асыраушы отбасылар – 69, бюджеттік ұйым және мемлекеттік қызметшілер – 4.
Айта кету керек, Шымкент қаласы бойынша тұрғын үй сертификаттары 2019 жылдан бастап беріле бастады. 2019 жылы 21, 2020 жылы 101 азаматқа, 2021 жылы 416 отбасына қайтарымсыз негізде бастапқы жарнаның бір бөлігін жабу үшін әлеуметтік көмек ретінде тұрғын үй сертификаттары табысталған болатын. 2022 жылы 58 азаматқа тұрғын үй сертификаттары берілген.
Шымкент қаласындағы тұрғын үйлерге қатысты соңғы жылдары қолға алынып, қарқынды іске кіріскен жаңалықтың бірі ескірген тұрғын үйлерді жөндеуден өткізу болып тұр.
Биыл «Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2026 жылға дейінгі тұжырымдамасы» аясында бүгінде 15 көппәтерлі тұрғын үйге күрделі және Шымкент қаласының Тұрғын үй басқармасының теңгеріміндегі коммуналдық 21 көппәтерлі тұрғын үйге ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Ал биыл қала аумағындағы апаттық, тозығы жеткен 6 тұрғын үйді тұрғындар келісімімен бұзып, қайтадан жаңа үй кешенін салу жоспарланған. Қазір «Shymkent ӘКК» АҚ реновациялау жобаларына жеке инвесторлар тарту бойынша жұмыс жүргізіп жатыр. Аудандық әкімдіктер тұрғынжай меншік иелерінің жеке инвестормен кездесулерін ұйымдастырып, түсіндіру жұмыстарын белсенді атқаруда.
Сонымен қатар биыл Шымкентте 9 көпқабатты тұрғын үйдегі 14 жеделсаты ауыстырылып, жаңа жеделсатылар қайтарымды қаржы негізінде орнатылмақ. Қазір мұның қаржылық-экономикалық негіздеме қорытындысы күтілуде. Аталған негіздемеге сәйкес, қаржы қаралған соң жеткізуші мердігер мекемемен келісімшарт түзіліп, орнатылу жұмыстары жүргізілмек. Бұл жедел сатылардың келісімшарт бойынша 3 жылдық кепілдік мерзімі қарастырылғанын айта кету керек.
Баспанаға мұқтаждардың мәселесі жеңілдеді
Қалада пәтер жалдап тұратын отбасыларға көрсетілетін ауқымы кең әлеуметтік көмектің бірі – тұрғын үй субсидиясы. «Аталған бағдарлама іске қосылғалы бері Шымкент қаласында 2022-2023 жылдар аралығында бүгінге дейін 1 160 отбасының тұрғын үйді жалдау ақысының 50 пайызы мемлекет тарапынан төленуде. Қазір тұрғын үй субсидиясына өтінімдер қабылдау жалғасып жатыр.
Тұрғын үй жалдау төлемдерін субсидиялау бағдарламасына 1 және 2 топтағы мүгедектер, мүмкіндігі шектеулі балалары бар немесе оларды тәрбиелеп отырған отбасылар, жетім және ата-анасының қамқорлығынан айырылған балалар мен көпбалалы отбасылар қатыса алады. Жалдау ақысын субсидиялауға үміткерлер қатарындағы отбасылардың соңғы 6 айдағы орташа жиынтық табысы отбасының әрбір мүшесіне шаққанда ең төменгі күнкөріс деңгейінен (1 КМ = 40 567 теңге) аспауға тиіс», – деп субсидия алу тәртібін түсіндірді тағы бірде басқарма басшысы бізбен әңгімесінде.
Сонымен бірге субсидия алуға үміткердің депозиттік шоты болуы, жинақ шоты жоқ азаматтар бейнебанкинг қызметі немесе Otbasy bank мобильді қосымшасы арқылы шот аша алатынын жеткізді. Субсидия алуға өтінімдер электронды цифрлы қолтаңба (ЭЦҚ) көмегімен www.otbasybank.kz сайтында онлайн қабылданады.
Шымкент қаласының Тұрғын үй басқармасының басшысы Жанат Өтебаева біздің Шымкент қаласында жалпы тұрғын үй кезегінде қанша азамат тіркелгені, тұрғын үй кезегіне қатысты қызметтер қалай жүзеге асырылатыны туралы сұрағымызға былай деп жауап берді: Шымкент қаласы бойынша тұрғын үй алу тізімінде 51 016 азамат тіркелген, оның ішінде жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар санаты бойынша – 1 964;
– көпбалалы отбасылар – 11 928;
– халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз тобы – 17 616;
– мемлекеттік қызметшілер, бюджеттік ұйым және әскери қызметшілер – 19 479;
– жалғыз тұрғын үйі апатты жағдайда деп танылған азаматтар – 29.
«Мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үйге мұқтаж азаматтарды есепке алу және кезекке қою, сондай-ақ жергілікті атқарушы органдардың тұрғын үй беру туралы шешім қабылдауы» мемлекеттік қызметі республика бойынша kezekte.kz электронды порталы арқылы іске асатынын атап өтті.
Сондай-ақ kezekte.kz электронды порталының кезектілік серпіні ашық түрде жүргізілетіні және кез келген қызметті алушы кезекте тұрған, тұрғын үймен қамтылған азаматтар туралы мәліметтерді көруге және өз кезегінің жылжу ретін толық көруге мүмкіндігі бар екені ескертілді.
Сонымен қатар Шымкент қаласы әкімдігінің Тұрғын үй комиссиясының шешімімен үй бөлінген азаматтар тізімі ресми сайттарда жарияланады екен. Заңға сәйкес тұрғын үй кезегіндегі азаматтарға арендалық баспаналар кезек реті бойынша беріледі.
Айта кету керек, 2022 жылы Шымкент қаласы бойынша 2 881 пәтер берілген болса, оның шінде 748 пәтер кезегі келген халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз тобы, көпбалалы отбасыларға және жетім және ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балалар санатындағы азаматтарға үлестірілген. Ал 857 пәтер жұмыс істеп жүрген жастарға табысталған.
1 276 пәтер «Отбасы банкі» АҚ арқылы «2-10-20 Бақытты отбасы», «5-10-20 Шаңырақ», «5-20-25» бағдарламалары бойынша несие негізінде берілген.
Назгүл НАЗАРБЕК,Шымкент қаласы