Күні кеше төрткүл әлем түгелімен көз тіккен Қытайдың Ханчжоу қаласында өт­кен Азия ойындарының жабылу салтанаты өтті.
Азия ойындары: спорттың шынайы бағасы
962
оқылды

 Осылайша, қанша уақыт сарыла кү­тіп, спортшымыздың бағы мен бабын анық­тайтын бір белес те артта қалды.  Өкініштісі сол – Қазақстан алғаш рет Азия ойындарында үздік ондыққа ене алмады. Бұл жолы қазақстандық спортшылар жалпы есепте 11-орынды місе тұтты. 

Еліміз спортқа аз қаржы бөліп жүрген жоқ. Дегенмен соңғы уақытта елдің халықаралық жарыстардағы нәтижесі көңіл көншітерлік емес. Биыл еліміздің атынан Ханчжоу қаласында 30 спорт түрінен 524 қазақстандық спортшы сынға түскен болатын. Отандық спортшылар медальдық есепте 11- орынға жайғасып, Қазақстан қоржынына 10 алтын, 22 күміс, 48 қоламен жалпы есепте 80 медаль еншіледі. Кейбір бұқаралық ақпарат құралдары «Ұлттық құрама жалпыкоман­далық есепте 11-орында болғанымен,  медаль саны бойынша 5-орында» деп жа­риялап жатыр. Бұл өзді-өзімізді жұбатудың бір түрі сынды. Әйтпесе, еліміз 1994-2014 жылдардағы Азия ойындарында үздік бестікке еніп жүрген еді. Енді осы уақытқа дейін ондық пен бестіктен ғана көрініп келген ел спортшылары неге төмен дәрежеге түсіп қалды?

Боксшымыздың бағын  кім байлады?

Олимпиадада болсын, Азия ойын­дарында болсын, қазақ боксы әлемді таң­дандырып келген еді. Бірақ соңғы уақыт­тары бокстан да кейде бағымыз, кейде бабымыз келмей жатқаны жасырын емес. Осымен бокс құрамасы екінші рет Азия ойындарында алтын жүлде ала алмады. Бірақ осы Азия ойындарында боксшы­мыздың бағын төрешілер байлады деген жанкүйерлер аз емес. Оған өзіміз де куә болдық. Әсіресе, шаршы алаңда атой салған танымал боксшы Асланбек Шым­бер­геновтің айқын басымдыққа ие бола тұра, жеңісін қарсыласқа жығып бергені көп­шіліктің ашуын туғызды. Қазақстан Бокс Федерациясы  президенті Кеңес Рақышев те өзінің әлеуметтік желіге жариялаған мәлімдемесінде бұл төңірегінде атап өтті. 

«Құрметті достар, Азия ойындарындағы боксшылар бәсекесі мәресіне жетсе де, әділдік жолындағы «жекпе-жектер» әлі аяқталған жоқ. Қазақстан бокс Феде­рациясы Қытай шаршы алаңында жекпе-жектер ұйымдастырған PBU ұйымына (Париж-2024 Олимпиадасындағы ХОК бокс бойынша жұмыс тобы)  сотқа шағым­данатынымызды ресми түрде мәлімдеймін. Басты мақсат – Асланбек Шымбергеновке Олимпиада лицензиясын және Карина Ибрагимоваға алтын медалін қайтару! Біз боксшыларымыздың құқықтарын қорғауға қатысты шаралар аясында Туризм және спорт министрлігі мен Ұлттық Олимпиада комитетінің бастамасын толығымен қолдаймыз. Біз бір жұдырық болып  бірігіп, төрешілердің  әділетсіздігіне және қабылдаушы тараптың қабілетсіздігіне қарсы шығуымыз керек. ҚБФ оған қоса өз тарапынан құқықтық рәсімдер мен пәрменді әдістерді пайдалана отырып, жұмыс жүргізеді.  Достар, тағы да, қайталап өтейін. Турнирді IBA емес, ХОК өткізді, сондықтан шешімді өзгерту, шағым жасау және нәтижені қайта қарау жағдайлары мүмкін емес. Сонымен қатар ХОК-тың тарихында бокстағы шешімдерді өзгерткен жағдай болып көрмеген. Бірақ біз Асланбек пен Карина үшін соңына дейін күресеміз. Біз үшін олар нағыз чемпиондар», – делінген Кеңес Рақышевтің Facebook-тегі жазбасында. 

Осылайша, Азия ойындарында, әсіресе спорттың бокс түрінен көк туымыз жиі жел­бірейтін шығар деген үмітіміз ақтал­мады. Боксшыларымыздың ешқайсысы алтын медальға ие бола алмады. Бұл ретте көрші өзбек жұртының бәсі артық болды. 

Азиадада «алтыннан алқа таққандар»

Бұл жолғы Азия ойындарынан алтын­нан медаль таққан спортшымыздың тізімі төмендегідей. Стенд атудан Қазақ­стан әйелдер құрамасы (Әсем Орынбай, Зоя Кравченко, Ольга Панарина) – скит бағ­дарламасынан командалық жарыс.

Әсем Орынбай мен Едуард Ещенко – стенд атудың скин жаттығуы микст жарыс (ер мен әйел спортшы).

Зухра Ирназарова – 10 метрлік жүгір­мелі нысананы мылтықпен ату.

Сергей Емельянов пен Тимур Хайдаров – 500 метрге жұптасып каноэ есу.

Алексей Луценко – велоспорттан ерлер арасында жекелей жарыс.

Евгений Федоров – велоспорттан ерлер арасында топтық жарыс.

Софья Берульцева – каратэ, +68 келі.

Нұрқанат Әжіқанов – каратэ 75 келі.

Қайсар Алпысбай – каратэ 60 келі.

Нұржан Батырбеков – джиу-джитсу, 69 келі.

Бұл жолғы байрақты бәсекеде Қазақ­станда тек каратэ және ату спортының нәтижесі көңіл көншітті. Каратэ кумитеден Қазақстан Қытайға сегіз спортшы апарып, сегіз медаль (үш алтын, үш күміс, екі қола) иеленгенін атап өткен жөн. Жеңіл атле­тика­дан Қазақстан алғаш рет Азиадада алтын медальсыз қалса,  грек-рим күресі, дзюдодан Азиада чемпионы шықпады. Ал еркін күрес балуандары алтын тұрмақ қола медаль да ала алмады.

Спортымыз кері кетіп бара ма?

Қазақстандық спортшылар Азия ойындарына биыл сегізінші мәрте қа­тысып отыр. Өткен 2018 жылы Индо­незия­ның Джакарта мен Палембанг ша­һарларында өткен Азия ойындарындағы бәсекеге Қазақ елі атынан 440 спортшы қатысқан еді. Олар 25 олимпиадалық спорт түрінен сайысқа түсіп, құрама қоржынына 15 алтын, 17 күміс, 44 қола салып, Қазақстан құрамасы жалпы­командалық есепте 9-орыннан тұрақ тапқан болатын. Ол кезде де үздік үштікті Қытай, Жапония және Оңтүстік Корея бастаған еді. Ел спортшы­лары тұңғыш қатысқан Хиросима ойын­дарында біздің құрама 27 алтын алып, айды аспанға шығарған еді. Төрт жылдан соң 24 алтын иемденіп, бесінші орынға тұрақ­таған. Пусан және Доха ойын­дарында 4-ші орыннан табылса, 2010 жылы бесінші орын­ды місе тұтқан. Ал 4 жыл бұрын ел спортшылары Азиада тарихындағы ең үздік көрсеткішке қол жеткізді. Корей тү­бегінен спортшы­ларымыз 28 алтын арқа­лап қайтқан еді. Соңғы екі Азия ойын­дарында еліміздің спортшылары тиісті дәрежеде өз биік­терінен көріне алмады. 

Ал төрт спортшымыз 2024 жылғы Париж Олимпиадасына жолдамаға қол жеткізді. Атап өтсек бессайыстан Елена Потапенко мен Георгий Борода-Дудочкин, боксшылар Қамшыбек Қоңқабаев пен Карина Ибрагимовалар келесі олимпиа­дада бақтарын сынамақ. Енді Қазақстан спортшылары үшін келесі ірі жарыс келер жылы жазда Парижде өтетін олимпиада ойындары болмақ.

Түйін:

Сонымен, тағы бір Азиада тарих қой­науына енді. Осы ойындар арқылы жаңа буын спортшыларымызды таныдық. Біздің елде де спорттың басқа бағыттарын дамытуға болатынын түсіндік. Келесі Азия ойындары 2026 жылы 19 қыркүйек пен 4 қазан ара­лығында Жапонияның Нагоя қаласында өтпек. Енді алдағы уақытта осы жолғы Азия ойындарындағы қателіктерімізден сабақ алып, келесі байрақты бәсекелерде бәсіміз басым болып, бағымыз оза түсер деп үміт­тенеміз. 

Наурызбек САРША