Мемлекет басшысы «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауында еліміздің географиялық орналасуын өз артықшылығымызға айнал­дыруымыз керек екенін атап өтті.
Өзен кеме қатынасын өзгерістер күтіп тұр
636
оқылды

Жақында «AMANAT» партиясының депутаттары Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Роман Склярға Ертіс бойындағы өзен кеме қатынасын қайта қалпына келтіру туралы сауал жолдады.

Қытаймен сауда жасау үшін кеме қатынасын дамыту аса маңызды, тіпті өзеннің түбін тереңдету мәселесі туын­дап отыр. Бұл Ресей мен Қытай арасында трансұлттық кеме бағытын құруға мүмкіндік береді. Осы мақсатта депу­­таттар Қытай Халық Респуб­­ликасымен сыртқы сауданың транзиттік әлеуетін дамыту үшін жаңа көлік бағыттарын салу мәселесінің маңыз­дылығына назар аударды. 

Осыған дейін бұл мәселе солтүстік көрші елдің парламентінде де тал­қыланған еді. Ресей экономика ми­­­нистр­лігі: «Теміржолдың қуаты таусыл­­­ғанын ескерсек, әуе тасымалының құны өте жоғары, су қатынасы бұрынғыдан да өзекті болып отыр. Ертісті игеру жүк тасымалын жолға қоюға, туризмді дамытуға мүмкіндік береді. Өзен кеме қатынасы тасымалдаушылардың шы­­ғындарын 30 пайызға азайтады. Сондық­тан инвесторлар қазірдің өзінде кеме қатынасына қызығушылық та­нытып, атап айтқанда Павлодарда айлақ құры­­лысына қатысуға дайын», – деп мәлім­­деген болатын.

Ал қазақстандық депутаттар Қытай Халық Республикасының Қара Ертісінен Ертіс пен Обь бойымен Обь шығанағына дейін және бүкіл Сібір аймағы Солтүстік Мұзды мұхитқа дейінгі ескі су жолын қайта жаңғыртуды ұсынып отыр. 

– Бұған біраз уақыт бұрын Ново-Шүлбі ГЭС-інің аяқталмаған шлюз бөлігі кедергі келтірген болатын. Бүгінде шлюз бөлімі пайдалануға беріліп, жұмыс істеп тұр, өзен кемелерінің өтуіне еш кедергі жоқ. Пристандардың, айлақ­­­тардың жағалау құрылыстарының ин­фра­­­құрылымы сақталған. Бар болғаны, Ресей Федерациясы жағынан Ертіс өзенінің түбін тереңдету жұмыстарын жүргізу, өзен фарватерлерін жербеті снаряд­тармен тазартып, 3 мың тоннаға дейінгі кемелер өте алатындай учас­келерді белгілеу керек, – деді Мәжіліс депутаты Ұлықбек Тұмашинов.

Оның пікірінше, жобаны жүзеге асыру ауқымды қаражатты қажет ет­пейді. Өйткені су көлігі – ең арзан кө­ліктердің бірі. Өңірлердің экономи­­калық дамуына серпін беретін барлық логистикалық, кедендік және әкімшілік кедергілер реттелсе, жүктердің жылдам өтуі жеңілдейді және Қазақстан арқылы Қытай Халық Республикасынан Ресей Фе­­­дера­­циясының Сібір аймағына өтетін қысқа көлік бағыты ашылады.

– Жақында өткен Қазақстан Рес­­­­публикасы Парламенті Мәжілісі мен Ресей Федерациясы Федералдық Жиналысы Мемлекеттік Думасының ынтымақтастығы жөніндегі палата­­аралық парламенттік комиссияның отырысында көтерілген мәселені Ресей Федерациясы Мемлекеттік Думасының депутаттары мақұлдап, қабылдады, – дейді Ұ.Тұмашинов.

Депутат Ертіс су айдынында орна­­­ласқан өңірлерді, оның ішінде Шығыс Қазақстан, Абай және Павлодар облыс­­­тары үшін өте үлкен перспектива бол­а­тынын жеткізді.

– Семей қаласындағы теңіз мектебін және Прибрежное кентіндегі кеме жөн­деу зауытын қалпына келтіру орынды деп есептейміз. Бұл дегеніміз – жұмыс орындары мен жергілікті мамандар. Қолда бар кемелерді де ретке келтіру керек. Сонымен қатар Батыс Қазақстан облысының Орал кеме жасау зауытында заманауи өзен кемелерін жасап, Ресей кемелеріне тапсырыс беріп және жүк ағынын көбейткен абзал. Су арқылы тасымалданатын жүктердің тізімі шек­­теусіз екені бәрімізге мәлім. Олар­­дың қатарында ауыл шаруашылығы өнімдері, құрылыс материалдары, метал­­лургиялық өнімдер, халық тұтынатын және т.б. тауарлар бар, – деді депутат.

Нәтижесінде, жаңа Көлік министр­лігіне өзен қатынасын қалпына келті­рудің жол картасын жасау ұсынылды. Осыған дейін «Қазақстан су жолдары» мекемесі кемелерінің қауіпсіз жүзуін қамтамасыз ету мақсатында 2 614 навига­циялық белгі қойылғанын мәлімдеген болатын. Бүгінде республикада жалпы ұзындығы 2 104 км кеме қатынасы су жолдары бар. Статистика бойынша, 781 өзен көлігі және 18 959 шағын көлемді кеме тіркелген. Кеме қатынасы Іле-Балқаш, Орал-Каспий және Ертіс бассейндерінің кеме қатынасы учаске­­­лерінде жүзеге асырылады. Дегенмен жүк тасымалының көп бөлігі еліміздің шығыс өңірінде жүргізіледі. Негізінен, су көлігінде құм-қиыршық тас қоспасы, көмір, әлеуметтік жүктер және балық өнімдері тасымалданады. 

Кеме қатынасының тарихына аз кем тоқталар болсақ, ең алғашқы кеме Семей қаласына 1862 жылы келген. 1899 жылы 27 мың тұрғыны бар қалада жеті жеті кеңсесі, оның ішінде сол кездегі ең ірі көлік және сауда мекемелері болды. Олардың негізгі бөлігі Омбы мен Семей арасында жүк тасымалдаумен айналыс­ты. Ең арзан көлік түрі ретінде өзен фло­ты халық шаруашылығы мен тасымал саласындағы қажеттіліктерді толық қамтамасыз ете алды.

Семей мен Павлодарда 1930 жылдары кеме жөндеу зауыттары салынды. «Академик Мичурин» және «Циолков­ский» жолаушы кемелері зауыттан шыққан алғашқы кемелердің қатарында болатын. Ал Ертіс өзенінде салынған Өскемен және Бұқтырма ГЭС өңірдің дамуына зор үлес қосты. Осы кезеңнен бастап Шығыс Қазақстан облысы КСРО түсті металлургиясының орталығына айналды. 

Ал қазір өзен кеме қатына­сының әлеуетін жүк немесе жолаушылар тасымалынан бөлек, аймақтағы туризмді дамытуға пайдалануға болады. Мәселен, ШҚО Кәсіпкерлер палатасы Өңірлік кеңесінің туризм комитетінің отыры­сында су туризмін жандандыру жобасы таныстырылған. Жергілікті кәсіпкерлер өзен трамвайларында суда серуендеуді ұйымдастырса, жолаушылар тасымалы бір маусымда 40 мыңнан астам адамға қызмет көрсетеді. Шығыс Қазақстанда су туризмін дамытудың мүмкіндіктері зор. Өйткені бұл аймақта Бұқтырма су қоймасы, Зайсан көлі және Шекелмес шатқалы, сондай-ақ еліміздегі ең үлкен Катонқарағай ұлттық паркі орналасқан. 

Кәмила ЕРКІН