Жеңіс тұғырына шыққан саңлағымыз елге ыстық сәлемін жолдап, бапкерлер мен басшыларға рақметін жеткізді. «Бүгін қанша жыл төккен терім ақталды. Бірақ осымен тоқтап қалмаймын. Келесі жылы Париж қаласында өтетін Олимпиадаға тыңғылықты дайындаламын. Енді сол шыңды бағындырғым келеді», – деді чемпион.
Ал шымкенттік каратэшілер Жазғы Азия ойындарында 1 алтын, 1 күміс жүлде жеңіп алды. 84 келіде Данияр Юлдашев күміс жүлдені қоржынға салды. Осылайша, Шымкенттің каратэшілері Азия ойындарын 2 алтын, 1 күміс жүлдемен аяқтады.
WKF каратэден Ұлттық құрама көшбасшысы Софья Берульцева қарсылас шақ келтірмей, Қазақстан қоржынына оныншы алтынды салды.
Әйелдер арасында +68 келі салмақтағы ақтық айқаста Софья мен Арика Гурунг күш сынасты. Жекпе-жек басынан белсенді қимылдаған Берульцева қарсыласына еш мүмкіндік берген жоқ. Есеп: 3 – 0.
«Азия ойындарына алтын медаль алу үшін келдім. Жоспар орындалды. Бұл – біздің команданың жеңісі», – дейді финалдық жекпе-жегінен кейін өз эмоциясымен бөліскен Азия ойындарының чемпионы София Берульцова.
Шымкенттіктер байдарка және каное есуден Жазғы Азия ойындарының жеңімпаздары мен жүлдегерлерін салтанатты түрде күтіп алды. Шымкент қаласының спортшылары – Сергей Емельянов 1 алтын, 1 күміс, Тимофей Емельянов 1 күміс, 1 қола, Ирина Подойникова мен Руфина Искакова 1 күміс жүлде иеленген болатын. Шымкент әуежайынан жеңімпаз спортшыларды ата-анасы, спорт мектебі басшылары, жанкүйерлері зор қошеметпен қарсы алды.
Іс-шарада қалалық Денешынықтыру және спорт басқармасының басшысы Бауыржан Тұманбаев, қалалық ескек есу және су спорт түрлері федерациясының президенті Нұрғазы Бұхарбаев жеңімпаздарды құттықтап, алдағы бәсекелерде сәттілік тіледі.
– Азия ойындарында қаламыздың спортшылары жарқын жеңіспен қуантып жатыр. Мінеки, жеңімпаздар мен жүлдегерлердің екінші тобын қарсы алып отырмыз. Ескек есуден ағайынды Емельяновтар әрдайым жоғары жетістіктер көрсетіп келеді. Олар кезекті рет Азия ойындарында өздерінің мықты екенін дәлелдеді. Биыл жастар арасында әлем чемпионы атанған Руфина Искакова ересектер арасындағы сайыста күміс жүлдеге қол жеткізді. Алда тағы да жарыс жолына шығатын спортшыларымыз бар. Жерлестерімізге сәттілік тілейміз! – деді Б.Тұманбаев.
Ұлттық құрама сапында Сергей Емельянов 500 метрге каноэде есуден алтын медаль жеңіп алды. Сергей және Тимофей Емельяновтар жұптық жарыстың 1000 м бағдарламасында күміс жүлдені иеленді. Ал байдарка мен каноэде есуден жастар арасында әлем чемпионатының жеңімпазы болған Руфина Искакова Азия ойындарында күміс жүлдеге қол жеткізді. Жазғы Азия ойындарының жеңімпазы Сергей Емельянов қолдау көрсеткен баршаға рақметін айтып, алдағы жарыстарға дайындыққа кірісетінін жеткізді.
Сонымен бірге жеңіл атлетикадан ХІХ жазғы Азия ойындарының қола жүлдегері Дмитрий Кобловты да Шымкент теміржол вокзалынан жерлестері күтіп алды. Іс-шараға спорт мектебі басшылары, спорт жанкүйерлері қатысты. Д.Коблов 2018 жылы Джакартада өткен Азия ойындарында 3-орын алған болатын. Биыл Ханчжоуда өткен бәсекеде де командалық сайыста (эстафета микс) қола жүлдегер атанды. Д. Коблов мұнымен тоқтамайтынын, келесі Олимпиада ойындарына тыңғылықты дайындалатынын атап өтті. Айта кетсек, Д.Коблов – халықаралық дәрежедегі спорт шебері, 2016 және 2020 Олимпиада ойындарының қатысушысы. Қалалық денешынықтыру және спорт басқармасының бөлім басшысы Шоқан Әбдіхалықов жүлдегер спортшыны құттықтап, алдағы бәсекелерде сәттілік тіледі.
Назгүл НАЗАРБЕК, Шымкент қаласы