Түркістан облысында ауыл шаруашылығы саласының қарқыны күн санап өсіп, өңір экономикасының дамуына оң әсерін беріп жатыр.
Агроқұрылымдардың  33 пайызы – Түркістанда
476
оқылды

Айталық, облыстың ауыл шаруашылығы республика бойынша өндірілетін жалпы өнімнің 13 пайызын құрап, бүгінде жалпы өнім көлемі 506,2 млрд теңгеге жеткен. Сондай-ақ агроқұрылымдардың 33 пайызы (80 мың) осы облыста. Бұл туралы Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі мәлімдеді.

Айта кетейік, биыл қаңтар-тамыз айлары аралығында облыстағы ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 506,2 млрд теңгеге жеткен. Ал салаға салынған инвестиция көлемі 50,4 млрд теңгені құраған. Бұдан бөлек, агроөнер­кәсіптік кешен саласында құны 10,6 млрд теңгеге 26 жоба іске қосылып, 300-ге жуық жұмыс орын­дары ашылды.

Сонымен қатар өңірде ауыл шаруашылығы дақылдары 870 мың гектарға егіліп, өткен жылмен салыстырғанда 9 мың гектарға артқан. Ал қарқынды баулардың көлемі 5 мың гектарға жетті. Сондай-ақ республикадағы жылыжай­лардың 70 пайыздан астамы Түркістан облы­сында, қазіргі таңда жалпы көлемі – 1 577,4 гектар.

Ал мал шаруашылығы бойынша да облыс жетекші орында. Мәселен, елімізден экспортқа шығарылатын ірі қара мал етінің 85 пайызы, қой етінің 60 пайызы – түркістандықтардың үлесінде. Биыл 8 айда 6,2 мың тонна ірі қара мал еті, 3,1 мың тонна қой еті экспортқа жөнелтілген. Қазір облыс аумағында 1 млн 231,5 мың бас ірі қара мал, 5 млн 349,5 мың бас ұсақ мал, 465,2 мың бас жылқы, 41,7 мың бас түйе бар.

Еске сала кетейік, облыс әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасымен Түркістан облы­сында Агроөнеркәсіп кешенін дамытудың 2023–2027 жылдарға арналған тұжырымдамасы әзірленді.

Бүгінде тұжырымдама аясында 2027 жылға дейін жалпы өнім көлемі мен еңбек өнімділігін 2 есе, салаға тартылатын жеке инвестициялар көлемін 6 есеге ұлғайту, қайта өңделген ауыл шаруа­шылығы өнімдерінің экспортын 2,3 есеге ұлғайту міндеттері қарастырылған.

 

Тельман ӘБДІБЕКҰЛЫ,Түркістан облысы