Қарағанды облысында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы күн сайын артуда. Басқа да заттарға артық баға қойып сату да үдеген.
Делдал байып, халық алақан жаймасын
761
оқылды

Оны көтеріп отырғандар – жеке кәсіпкерлер. Тауар бағасын көрсетілген тауарлық үстемеақыдан асыра саудалап, қымбатшылықты қолдан жасауда. Жыл басынан бері Тұтынушылардың құқығын қорғау департаментіне 2 мыңнан астам өтініш келіп түскен. 

Мамандар тиісті тексеру жұмыстарын жүргізіп, 2 кәсіпкерге 258 750 мың теңге айыппұл салса, 18-не ескерту берген. Одан бөлек, бір іс бойынша екі тарап өзара татуласып, бір іс бойынша зерттеу жасаған департамент мамандары заңбұзушылық болмағанын анықтаған. 

Бұл туралы Қарағанды облысы бойынша Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті басшысының міндетін атқарушы Әсел Сахариева өңірлік коммуни­­кациялар қызметі алаңында өткен брифингте мәлімдеді. 

– Тұтынушылардың арыз-шағымының басым бөлігі – тұрмыстық қызмет көрсету, жиһаз өндірісі мен пластик терезелерді орнату қызметіне байланысты. Яғни, тұтынушы сатып алған тауарынан өзі қалағандай нәтиже ала алмаған. Ұсынылған қызмет кезінде қызмет­керлер өз міндетіне салғырт қараған. Осындай келеңсіздікке тап болған тұтыну­­шылар депар­таментке шағым түсірген. Ма­мандар жыл басы­нан бері түрлі орта және ірі кәсіпкерлік субъектілеріне тексеру жұмыстарын жүргізіп, бес кә­сіпкерге ескерту жасады. Тағы бесеуіне айыппұл салып, 767 500 мың теңге өндірілді. Тексеру жұмыстары кезінде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын көрсетілген тауарлық үстемеақыдан асырып саудалаған 12 кәсіпкер анықталып, ескерту берілді. Одан бөлек, рұқсат етілген шекті бөлшек сауда бағасынан асырып сатқан бір кәсіпкерлік субъектіге 100 айлық есеп­тік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл са­лынды, – дейді Әсел Сахариева.

Сонымен қатар Қарағандыда электронды коммерция және тұрмыстық қызмет көрсету кезіндегі заңбұзушылық жиілеген. Бөлшек сауда бойынша да тұтынушылардан шағым үдеген. 

– Бүгінде кәсіпкердің көбі сатып алған тауарыңызды кері қайтарудан бас тартып жатады. Тұтынушылар өнім сапасына, тауар қаптама­сына қатысты бұрмалану, кәсіпкерлер­дің тауар­дың сатып алғандығын растайтын құжаттарды ұсынбауы жиі кездесіп жатады. Талап қою және сот ісі бойынша департамент талап қоймайтын үшінші тұлға ретінде 30 сот отырысына қатысты. Оның ішінде сот тұтынушылардың пайдасына 19 шешім шығарып, алты істі екі тараптан өзара мәмілеге келістірді. Ал бес іс бойынша шағым­данған тұтынушылар сот залында арызын қай­та­рып алды, – деді Қарағанды облысы бойы­нша Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті бас маманы Еркін Балма­ғанбетов.

Дүкендерде жеке кәсіпкерлер «Тауар кері қайтарылмайды және ауыстырылмайды» деген жазумен тақтайша іліп қойған. Сонымен қатар тек дүкен емес, мұндай жағдай дәріханаларда да жиі тіркелуде. Ал жеке кәсіпкерлердің бұл әрекеті заңсыз. Кей заттарға ғана бұл қағида қаралған.

Сондай-ақ дәурені жүріп тұрған, делдал болып жүргендер сапында тек қана дүкен иелері ғана емес, «жемесем түсіме кіреді, жесем тісіме кіреді» деп қызылсыраған қазақтың дастарқа­нына келіп жеткенше еттің бағасын мың құбылтатындар да бар. 

Қазір қалада құс, сиыр мен шошқа еті өтімді. 

− Қала болған соң барлығы бірдей жылқы мен қой етін жей бермейді. Әркім қалтасына қарай көсіледі. Көбіне елдің тұтынатыны – құс еті. Бұдан соң қой мен сиыр еті. Ал жылқы етін сирек алады. Оған себеп – бағаның қымбаттығы. Жылқыны тек қонақ күткенде ғана алады. Онда да тұтынушылар қазы мен қарта, жал-жая сұ­райды. Біз қазір жылқы етінің келісін 2 800 тең­геден қабылдап, оны 3 500 теңгеге сатамыз, – дейді ет сатушы Арман Болатұлы.

Үстеме бағаны тек сатушы ғана емес орта­дағы делдал да қосады. Ауылдағы шаруа малына қарай ма, қалаға әкеліп саудалай ма? Әрине, делдалға арзанға бере салғаны жөн. 

Сатушы мен сатып алушы арасын жалғап тұрған – делдал. Қарағанды облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Сырым Бошпановтың айтуынша, ет бағасының бірқалыпты болуын жақсарту үшін тек қана ауыл шаруашылығы өнімдері сатылатын жәрмеңкелер көптеп ұйымдас­тырылуы тиіс-мыс. 

Түйін.

«Делдал байып, халық алақан жаймасын» деген ниетпен Қарағанды қаласында «Глобал сити» деген сауда орталық мемлекеттен миллиардтаған қаржы бөлініп салынған болатын.  Дәл сол жерге шаруалар өнімдерін тікелей әкеліп, арзанға сатады деп те айтты. Оңтүстіктен диқандар ағылып, тиімді бағамен осы жерде жеміс-жидегін саудалайды деді. Бүгінде бәрі бос сөз болып қалды. Әлгі орталық – жай ғана «супермаркет». Өз қолымызды кеспеспіз, бірақ халықты қанап, қалтадағысын қашанғы санай береміз?

 

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ, Қарағанды облысы