Депутат «Қазақстан темір жолы» компаниясының басшылығының жұмысын сынға алды. Мақсат Толықбайдың айтуынша, пойыздардың кешігуі өз алдына өзекті мәселе.
«Теміржолда қашан тәртіп орнайды? Бұрынғы басшылар 30 жылда теміржолды тек табыс көзіне ғана айналдырған. Ескі Қазақстанның өкілдері осы саланың сөлін сорып, бізге тек қаңқасын ғана қалдырды. Бұл салада сапа мүлдем төмен. Ескі вагондар сүйретіліп әлі жүр, теміржол паркінің 60 пайызы тозған. Терезесі ашылмайтын, желдеткіші қосылмайтын, тарақандар өрмелеп жүретін ескі вагондардың өзіне жаз кезінде билет таппайсың. Сөйте тұра, билетті субсидиялауға жыл сайын миллиардтарды санап береміз. Пойыздың жиі кешігуі бөлек мәселе», - деді Мақсат Толықбай.
Бұған дейін Мәжілістегі «АМАNAT» фракциясының депутаты Елнұр Бейсенбаев пойыз жолаушылары тарапынан шағым көбейгенін айтып, Үкімет басшысына депутаттық сауал жолдап, Тозығы жеткен вагонға да билет таппадық деген болатын.