Бүгін елордадағы Rixos қонақүйінде дүниежүзі қазақтарының басын қосқан ұлы жиын өтіп жатыр.
Отандастар форумы: Отаны бірдің – тілегі бір
853
оқылды

Бұл – «Отандастар» форумының кезекті басқосуы. Мұнда шетелдегі этникалық қазақтармен өзара байланысты нығайту мақсатында әлемнің түкпір-түкпірінен 200-ден астам қазақ ұйымдарының басшылары, белсенді және танымал тұлғалармен қатар, отандық ғылым, білім, мәдениет, спорт, бизнес, медиа, саясат, қоғамдық ұйымдар және басқа да салалардың көрнекті өкілдері мен белгілі қайраткерлер жиналды. Ал жиынның бас серіктесі – «Altyn Qyran Foundation» қоғамдық қоры.  

Басты мақсат – шетелдегі қазақ ұйымдарымен өзара түрлі ынтымақтастық мәселелерін талқылау; еліміздің жаңа кезеңдегі мемлекеттік саясатымен және саяси-экономикалық реформаларымен, сондай-ақ ұлттық руханиятқа қатысты заманауи трендтермен таныстыру. Оған қоса, шетелдегі қазақтарды қолдауда Қазақстанның жүргізіп отырған саясаты, шетелдегі қазақ жастарын елімізде сапалы білім алуы мен қабілетін іске асырудың жолы талқыланбақ.

Жиын барысында ҚР Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жылы лебізін жеткізіп, құттықтау хатын табыстады.

«Отандастар» қорының президенті Абзал Сапарбекұлының айтуынша, 40-қа жуық мемлекеттен 200-ге жуық делегат келген.

– Бұл форум осымен екінші рет өткізіліп отыр. Алғашқысы 2019 жылы өтті. Форумның басты ерекшелігі – ауқымдылығы, делегаттар санының көптігі. Бұған этникалық қазақтар ғана емес, бірқатар бұрынғы отандастарымыздың өкілдері және шетелде еңбек етіп жүрген Қазақстан азаматтары шақырылды. Сонымен қатар өз саласында еңбегі сіңген, қазақтың атын шығарған әрі аты асқақтаған тұлғалар да бар. Жиында шетелдегі қазақтарды толғандырып жүрген күрделі мәселелер талқыланып қоймай, олардың шешімін табу және қолда бар жобамен бөлісіп, тәжірибе алмасу. Форум шеңберіндегі шетелдегі қандастарымызбен тығыз байланыс орнатамыз деп сенемін, – дейді  Абзал Сапарбекұлы.

Сонымен бірге «Отандастар» қорының соңғы жылдардағы жұмысы таныстырылып, жобалардың тұсау кесіледі. Сондай-ақ форум «Ел дамуындағы қандастардың рөлі», «Ұлттық руханият», «Медиа және заманауи трендтер»  мен «XXI ғасырдағы қазақ тілі және бүгінгі мүмкіндіктері» төңірегінде төрт сессия аясында өтпек. 

Қытайдағы қазақ жазушысы, Абайды қытай тіліне аударған аудармашы, мемлекет және қоғам қайраткері Әкбар Мәжитұлы «Отандастар» форумының қажет екенін айтып, бірнеше мәселені көтерді: