Сол арқылы халықтың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайы жақсарады. Мемлекет басшысы биылғы Қазақстан халқына Жолдауында бүгінгі қоғамымызды дамытудың басты бағыттарына назар аударды. Соның бірі – экономика. Жолдауда экономиканы әртараптандыру бұрынғыдан да маңызды екені атап өтілді. Еліміздің мықты өнеркәсіптік негізін қалыптастыру және экономикамыз өзімізді толық қамтамасыз ете алатын жағдайға жету – қазіргі ең басты міндет ретінде аталды. Онда «Экономикалық саясаттың іске асырылуына Үкімет толығымен жауап береді. Бюрократияға және сөзбұйдаға салынбай, Президент Әкімшілігіне жалтақтамай, экономиканы дербес басқарудың барлық әдіс-тәсілін қолында ұстауға тиіс», – деген еді Мемлекет басшысы. Осы бір тақырып төңірегінде Парламент Мәжілісінің депутаты Ұласбек Сәдібековпен сұхбат құрған болатынбыз.
– Ұласбек Сәдібекұлы, Президенттің «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Жолдауында негізгі басымдық экономикаға берілгені белгілі. Экономика дегеніміз – халықтың әл-ауқатының жақсаруы. Осы тұрғыда, әлеуметтің әлеуметтік тұрғыдан дамуы үшін не қажет?
–Иә, Мемлекет басшысы өз Жолдауында экономика саласына айрықша басымдық берді. «Зор экономикалық серпіліс жасауға еліміздің толық мүмкіндігі бар. Ол үшін біз біртіндеп жаңа экономикалық үлгіге өтуіміз керек. Бұл жұмысты батыл жүргізуіміз қажет. Басты мақсат – қағаз жүзіндегі биік жетістіктерге қол жеткізу емес, шын мәнінде халықтың тұрмыс сапасын жақсарту болуға тиіс»,– деді Мемлекет басшысы. Ал енді Жолдау жүктеген міндеттерді жергілікті жерлерде жүзеге асыру үшін жергілікті әкімдермен қатар әр сала қызметкерлерін өте ауқымды жұмыстар күтіп тұр. Мәселен, Түркістан облысында бірде-бір өндіріс орны жоқ аудан, қалалар бар. Ондағы халық тек мал шаруашылығымен күнелтіп отыр. Егін егіп, арзан бағада сатып жатқан шаруалар жетерлік. Олардың еңбегінің жемісін алыпсатарлар көріп жатыр. Міне, біз ең алдымен осы мәселені қолға алуымыз қажет. Әрбір еңбек жоғары бағалануға тиіс.
Халықты кәсіпкерлікпен айналысуға баулуымыз қажет. Қазір ел ішінде бизнеске бағыт-бағдар беріп, кәсіп бастауға жол ашатын мемлекеттік бағдарлама көп. Өңір халқының ішінде олардың тиімділігін түсініп, пайда тауып отырғандар да бар. Сондай-ақ мемлекет тарапынан берілген қайтарымсыз қаржыларды той өткізуге жұмсап, мақсатсыз пайдаланып жатқандар да жетерлік. Бұл дұрыс емес. Мемлекет ақшаны кәсіп ашып, көбейтсін деп беріп отыр. Бизнес бастап, әлеуметтік жағдайын көтерсін деп беріп отыр. Сондықтан оның сұрауы да үлкен болады.
Тағы бір айта кетер мәселе, өңірлерде салынғалы бері бос тұрған индустриалды аймақтар бар. Міне сол жерлерден өндіріс орындары ашылып, халық жұмыспен қамтылса дейміз. Ол үшін жергілікті әкімдер инвестор тарту ісіне көңіл бөлуі тиіс.
Сондай-ақ бүгінгі күні ең басты мәселенің бірі – халықтың қаржылық сауаттылығын арттыру. Себебі мол табыс тауып отырған үлгі етер отбасылардың өзі қаражатын алаяқтардың алақанына салып беріп жатыр.
Ел ішіндегі жұмыссыздықты азайтуға арналған бағдарламаларға басымдық берген жөн. Ішкі көші-қон ісіне мән беріп, еңбек күші аз өңірлерге Оңтүстіктен баратын тұрғындардың санын көбейту ісін қолға алу керек.
–Қоғамда шешімін табуға тиіс негізгі түйткілдер неде?
–Бүгінде қоғамда шешімін табуы тиіс мәселенің бірі деп жұмыссыздық жайын айтар едім. Бұл бағытта бізге арнайы жұмыс алгоритмін істеу керек. Қазір әр ауданда, қаладағы жұмыссыз жандар жұмыс сұрап жергілікті әкімге барады. Ал жұмыссыз жандарды жұмыспен қамтитын «Мансап» орталықтары тікелей облысқа немесе республикаға бағынады. Сондықтан аудан әкімдері бұл мәселені шешуге қауқарсыз.
Халықты тұрғын үймен қамту ісі де қазір күн тәртібінде тұрған мәселенің бірі. Егер әр адамда баспана мен тұрақты жалақы алып отыратын жұмысы болса, әлеуметтік салаға қатысты үлкен мәселе туындамас еді.
–Халықпен жиі кездесесіз бе? Елге шыққанда не байқайсыз?
–Иә, жуырда да өзім сайланған округтерді аралап халықпен кездесіп келдім. Ақсақалдармен, жастармен жүздестім. Мені қуантқан жағдай – халық бұрынғыдай жеке бастың емес, көпшілік халыққа ортақ мәселелерді айтып жатыр. Қазір ауылға көпір керек, мектеп қажет.
–«Қазір жастар руханияттан қол үзіп барады» деген пікір жиі айтылады. Әлеуметтік желіге телмірген буынды рухани дүниеге бет бұрғыза аламыз ба?
–Мен жастардың баршасына күйе жаға алмаймын. Сондықтан жастардың барлығы руханияттан қол үзіп жатыр деген пікіріңізге келіспеймін. Түркістан облысында аңыз, әпсаналар мен батырлар жырларын жатқа айтатын жеткіншек көп. Кітапханаға тұрақты баратын жасөспірімдер бар. Ал кейбір жастарды әлеуметтік желі, интернет тәрбиелеп жатқаны рас. Себебі ата-ана таңнан кешке дейін жұмыста. Үйде жалғыз қалған бала, компьютер ойнап, ұялы телефон шұқылаудан қолы босамайды.
Бұл мәселеге ең алдымен ата-ана жауапты деп білемін. Содан соң қазіргі қоғам кінәлі. Дегенмен «қоғам кінәлі» деп қарап отыруға болмайды. Біз жастарды рухани әлемге қызықтыратын байқаулар мен конкурстарды көптеп өткізуіміз керек. Бір ғана Жайдарманды алайықшы. Керемет жоба. Мен студент кезімде қазақша Жайдарманды қолға алып бастаған ең алғашқы ұйымдастырушылардың бірі болдым. Сол кездің өзінде Жайдарманға жастардың қызығушылығы жоғары болды. Бүгінде аталған жоба жастардың бас қосар алаңына айналды. Осы секілді тың жобаларды қолға алып, қолдап отырсақ, көптеген дүние жасауға болады.
Әңгімелескен Анарыс АҚЫЛМАН