Парламент Сенатының Төрағасы – съезд хатшылығының Басшысы Мәулен Әшімбаев Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезі хатшылығының ХХІ отырысына қатысу үшін Қазақстанға келген дін лидерлерімен бірқатар екіжақты кездесу өткізді.
Дінаралық диалогті дамыту маңызды
471
оқылды

 Кездесулерде тараптар дінаралық және конфессияаралық диалогті одан әрі дамыту мәселелерін талқылады.

Кавказ мұсылмандары діни бас­қармасының Төрағасы Шейх-уль Ислам Аллашүкір Пашазадемен кездесу барысында Мәулен Әшімбаев аталған діни басқарманың съезд мақсаттарына қол жеткізуге айтарлық­­тай үлес қосқанын тілге тиек етті. Сондай-ақ ол Әзербайжан Қазақстан­­ның стратегиялық серік­тестерінің бірі екеніне назар аударды. Бауырлас екі ел арасындағы ынтымақ­тастықтың нығаюына, ең алдымен Мемлекет басшыларының жоғары деңгейдегі өзара қарым-қатынасы ықпал етіп келе жатқаны да айтылды.

«Біздің елдеріміз бен халық­тары­мызды ғасырлармен өлшенетін берік достық, ортақ тарих, дәстүр және мәдениет байланыстырады. Қазақстан сіздің елдің барлық жетістігін әрдайым шынайы қуанышпен қабылдайды. Былтыр біз екі ел арасындағы дипло­матиялық қарым-қатынастың 30 жыл­дығын атап өттік. Осы жылдар ішінде көптеген салада мемлекетаралық ынтымақтастық нығая түсті. Бұған екі елдің Президенттері Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев пен Ильхам Гей­дарұлы Әлиевтің тұрақты байланыс­тары мен уағдаластықтары ықпал еткені сөзсіз. Осы орайда дінаралық диалогті дамыту жұмыстарын да бірлесіп жалғастырудың маңызы зор деп есептеймін», – деді съезд хатшы­лығының Басшысы.

Қасиетті Тақтың дінаралық диалогі жөніндегі Дикастериясы Ислам мәселелері бюросының басшысы монсеньор Халед Акашемен кездесуде Мәулен Әшімбаев съезд хатшылығы мен Қасиетті Тақтың өзара іс-қимыл перспективаларына назар аударды.

«Біз съезге тұрақты түрде және белсенді қатысып келе жатқаныңыз үшін, сондай-ақ Форумның мақсат­тарына қол жеткізуге Қасиетті Тақтың елеулі үлес қосқанына риза­шылығы­мызды білдіреміз. Ватиканның бейбіт­шілікті сақтау, мәдениеттер мен діндер арасындағы диалогті дамыту жөніндегі қызметін әрдайым жоғары баға­лай­мыз. Рим Папасы Францисктің был­тыр қыркүйекте Қазақстанға жасаған Апостолдық сапары екіжақты қарым-қатынас тарихындағы маңызды оқи­ғалардың бірі болды», – деді Мәулен Әшімбаев.

Съезд хатшылығы дін көшбас­шыларымен ғана емес халықаралық ұйымдармен де өзара іс-қимылға баса мән беріп келеді. Сенат Төрағасы Дүниежүзілік Ислам лигасы Бас хатшысының орынбасары, доктор Абдурахман Абдулла Әл-Зайдпен кездесуде осы бағыттағы бастама­лардың маңыздылығына тоқталды.

«Қазақстан Дүниежүзілік Ислам лигасының дінаралық және конфес­сияаралық диалогті дамыту жөніндегі қызметін әрдайым жоғары бағалайды. Біз Дүниежүзілік Ислам лигасын бейбітшілікке шақыратын саясатты жақтаушы және жаһандық дінаралық диалогке белсенді қатысушы ұйым ретінде танимыз», – деді Палата Спикері.

Сонымен қатар съезд хатшы­лығы­ның Басшысы Әл-Азһардың Ислам зерттеулері академиясының Бас хатшысы Назир Мұхаммед Ельназир Аядпен кездесті. Кездесуде Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезі аясындағы ынтымақтастықты одан әрі кеңейту мәселелері сөз болды.

«Әл-Азһар – дүниежүзіндегі ең көне және мұсылман әлеміндегі беделді діни жоғары оқу орындарының бірі. Қазақстандық студенттерді оқыту бағытында көрсеткен көмегі үшін Әл-Азһарға алғысымызды білдіреміз. Алматыдағы «Нұр-Мүбәрак» Египет ислам мәдениеті университеті біздің маңызды ортақ жобамыз екені белгілі. Сондай-ақ біз Әл-Азһардың Жоғарғы имамы шейх Ахмед ат-Тайебтің былтыр Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VII съезіне қатысқанын жоғары бағалайтыны­мызды атап өткім келеді», – деді Мәулен Әшімбаев.

Дін көшбасшылары өзара қолдау көрсетіп, ынтымақтаса әрекет етсе, адамзат қазіргі жаһандық сын-қатерлерді тиімді еңсере алады. Мұсылман Ақсақалдар кеңесінің Бас хатшысы Мұхаммед Әбделсаламмен кездесуде Мәулен Әшімбаев осы мәселеге ерекше назар аударды. Сондай-ақ сұхбат барысында Діндер көшбасшылары съезінің аталған үдерістегі рөлі кеңінен талқыланды.

Кездесулердің қорытындысы бойынша, сұхбаттасушылар екіжақты байланыстың ауқымды мәселелеріне көңіл бөліп, ынтымақтастықты әрі қарай нығайтудың басым бағыттарын белгіледі.