Жер ұйығы Жетісудың жауһары, құт қонған Күреңбел аймағының алтын алқасы – Алтынемел тау­ларында өткен ғасырдың 90-жыл­дары ұлттық табиғи парк құрылған.
Құландар қайта жортады
2,132
оқылды

«Алтынемел» ұлттық табиғи паркінің флорасы мен фаунасы өз еліміздің табиғат жанашырларына ғана емес, алыс-жақын шетелден жиі келетін қонақтарға да таңдай қақтырады. Қорықтағы жабайы жануарлар ішінде сол алғашқы құрылған кезден бастап қорғауға алынған құландардың орны ерекше. Қазір олардың саны ай­тарлық­тай өсіп, парк аумағында үйір-үйір болып жортады. Одан басқа да «Қызыл кітапқа» енген жануарлар мен өсімдіктер жетерлік. Жалпы, бүгінде ұлттық табиғи парктің ісі ілгерілеп отыр. Осыны жалпақ жұртқа паш ету мақсатында қорыққа арнайы шақырылған 300-ге жуық турист түз тағысы құландарды көріп, таңғалып қайтты. Дүниежүзілік жануарларды қорғау күні аясында Visit Zhetysu ақпараттық туристік орталығының қолдауымен Жетісу облысында тұңғыш рет ұйымдастырылған «Алтынемел – құландар өлкесі» фести­валіне келушілер табиғаттың небір тама­ша­сына куә болуға жол ашқандарға алғыс­тарын жаудырды. Бүгінде ұлттық парктегі құландар саны 3,5 мыңнан асады, олардың бұлай шоғырлануы елімізде тек осы парк­тің аумағында ғана кездеседі. 

Ұлттық табиғи парктің бас директоры Қуат Байтұрбаевтың айтуынша, құланның қазақстандық түр тармақтары өткен ғасырдың 30-жылдарында жойылып кеткен деген болжам айтылады. Оған сол жылдары жаппай браконьерліктің белең алуы мен қарқынды дамыған мал шаруашылығын өркендету мақсатында жабайы жануарлардың ежелгі табиғи мекендерінен ығыстырылуы себеп болған көрінеді. Осынау алаңдатарлық күрделі жағдайдың күрмеуін тарқату  үшін жарты ғасырдан астам уақыт бұрын ғалымдар құланды реинтродукциялау жобасын қолға алып, елімізге түркімен құландары жеткізілген еді. Қазір олардың саны өсті. Соңғы жылдары жұрт Прежавальский жылқысы деп кеткен, қазақ даласын ежел­ден мекендеген керқұландар да әкелініп, жерсіндірілуде.  

– 70-жылдардың соңында түрікмен құландарының саны небәрі 27 бас болған, ал қазір 3 566-ға жетті. Бұл ғалымдардың, ұлттық парк қызметкерлерінің, жергілікті халықтың осы түрді сақтап, көбейтуге бағытталған көпжылдық бірлескен жұмысы­ның нәтижесі екені сөзсіз. Соның арқасында алдағы кезде біз құланның осынау түрін қоса алғанда, жабайы жануарлардың сирек кездесетін басқа да биологиялық түрлерін басқа аймақтарға   тарата аламыз. Бүгінге дейін 304 құланды тараттық. Біразы «Іле-Балқаш», «Алтын дала» резерваттарына да көшірілді, – дейді Қуат Нұрахымұлы.

Ұлттық табиғи парктің биологиялық алуан түрлілікті сақтау бағытындағы жетістіктері халықаралық деңгейде таныл­ған. Осыдан бір ай бұрын биосфералық резерваттарға жататын «Алтынемел» паркі ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұралары нысандары тізіміне енгізілді. Қазір ұлттық паркте құстардың 260 түрі мекендейді, сонымен бірге қорық аумағында Қазақ­стан­ның «Қызыл кітабына» енген сирек кездесетін және жойылып бара жатқан сүтқоректілердің 30 пайызын кездестіруге болады. Ардагер қызметкерлер бүгінде әлемдегі жабайы жылқының ең ақырғысы саналатын Пржевальский жылқылары да Қазақстан бойынша тек осы ұлттық парк аумағында кездесетінін айтады. Сондай-ақ Алтынемел аумағы – қазір жалпы барлық түріне жойылу қаупі төніп тұрған қара­құйрықтардың төлдейтін жері. Ұлттық паркте құландар мен қарақұйрықтар популя­ция­сының өсу қарқыны байқалады. Мұнда олардың абсолюттік есебі жүр­гізіледі, соған сай есептің нақтылығы шамамен 90 пайыздан жоғары. Тағы бір айта кетерлігі, ұлттық паркте ашық аспан астындағы мұражай да бар.

Қоршаған ортаны қорғауға, сирек кездесетін аң-құстарды сақтап қалуға ықпал етуге тиісті шарапатты шараны ұйымдастырушылар бір күндерін табиғи паркті тамашалауға арнағандардың көргендері мен көңілге түйгендерін мың­дарға жеткізу арқылы еліміздегі туризмнің дамуына оң әсер етеді деп пайымдайды. Келгендер көңілінен шыққан сафари фестивалін өткізуді геопарк құруға жасал­ған қадамдардың бірі, қоршаған ортадағы биоалуандықты, сирек кездесетін  түрді сақтауға, табиғатқа жанашырлықпен қарауды насихаттауға және жалпы өңірде экологиялық туризмді дамытуға бағыттал­ған шара деп санауға болады.  Ұлттық парк аумағында биылғы маусым айында ашыл­ған визит-орталық та осы бағыттағы игі мақ­сат­тарды іске асыруға ықпал етуде. Визит-орталықтың кафесі бар, Wi-Fi қо­сыл­ған, мұнда арнайы кәдесыйлар да сатылады. Маңында әңгіме-дүкен құрып, демалатын шағын шатырлар, жануарларды сырттай бақылауға арналған шолу мұнара­сы, бағыттағыштар мен ақпараттық қал­қан­дар орнатылып, 10 глемпинг салын­ған.  Соның арқасында табиғи парк, оның флорасы мен фаунасы, геологиялық және мәдени-тарихи көрнекті орындары, жаяу жүру бағыттары және жүріп-тұру мен қауіпсіздік ережелері туралы толық ақпа­рат алып қана қоймай, сонымен қатар гид-экскурсоводтың қызметіне тапсырыс бере аласыз. Экскурсияға шығып, тіпті түнеуге де қалуға болады. Бұл жобаға ша­ма­мен 2 млрд теңге инвестиция тарты­лыпты.

– Індетке дейін біздің ұлттық саябаққа жылына 35 мыңға дейін турист келетін. Өткен жылдары тым азайып кетті. Биыл қайта жанданып, 16 мыңнан астам адам келді. Сонымен қатар мемлекеттік қол­даудың арқасында қызметкерлер құрамы ұлғайтылып, жалақы 100 пайызға өсті. Материалдық-техникалық базаны дамы­туға да көңіл бөлінуде. Мысалы, биыл өрттің алдын алу үшін 10 трактор сатып алынды. Мұның бәрі ұлттық паркке деген қызығушылықты арттыруға ғана емес, оның одан әрі дамуына, ең бастысы – бірегей табиғатымыздың биоалуан­түрлі­лігін сақтауға ықпал етеді, – дейді ұлттық парктің бас директоры.

Фестивальде Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық халық аспаптар оркестрі өнер көрсетті. Музыканттардың ашық аспан астындағы концерті даланы ерекше күйге бөледі. Сондай-ақ спорттық жа­рыс­тар ұйымдастырылып, жеңіске жеткендер марапатталды. Фестивальді көрермен ретінде жақын маңдағы мектеп­тердің оқу­шылары, жергілікті тұрғындар, ардагерлер мен ұлттық парк қызметкерлері, сондай-ақ аудан басшылығы, Зоология инсти­тутының, «Тұран» телеарнасының, турис­тік ұйымдар мен БАҚ өкілдері, барлығы 300-ге жуық адам тамашалады. 

Жетісу облысында «Алтынемел» және «Жоңғар Алатау» Мемлекеттік Ұлттық парктерінің әлеуеті негізінде экологиялық туризмді дамытуға мүмкіндік бар. «Алтын­емелдің» басты көрнекті жерлері – әнші «Айғайқұм», «Бесшатыр» қорғаны, Ш.Уәлиханов бұлағы, Ақтау және Қатутау таулары, Жасылкөл көлі. «Жоңғар Ала­тауы» табиғи ұлттық паркінің аумағында да туристерді қызықтыратын орындар жетерлік. Бұл паркті дамытуға да 1,6 млрд теңге инвестиция тартылып, сегіз жоба іске асырылуда.

Болат Абаған, Жетісу облысы