Сыр өңіріндегі Қармақшы ауданына қарасты Ақжар ауылының тұрғыны Талғат Лекеров тың тәсілді үш жыл қатарынан қолданып келе жатқанын айтады. Өзі Қызылорда облысының мәдениет және спорт басқармасына қарасты Қармақшы ауданының №16 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі Ақжар ауылдық бөлімшесінде жұмыс істейді екен. Жұмыстан тыс уақытында ерте көктемнен бастап үйінің ауласына көкөніс сынды бақша дақылын өсіріп, күтіп-баптауды сүйікті ісіне айналдырған.
Ауыл тұрғыны жыл сайын бақшасын жайқалтып, берекелі күзде мол өнім алуды мақсат тұтады. Бірақ соңғы жылдары өңірдегі су тапшылығы қолбайлау бола бастаған. Аяқсуға зәрулік қыспаққа алған тұста тығырықтан шығу жолын іздеп, ұзақ ойланады. Ақыр соңында, жерасты суын кәдеге жаратуға бел буыпты.
«Су тапшылығына байланысты егін егу қиындап кетті. Бірақ қол қусырып қарап отыруға да болмайды. Ойлана келе, көкөніс дақылын егудің тың тәсілін қолданып көруге бел будым. Осы мақсатта қойдың жүнін кәдеге асырдым. Тәжірибеммен бөлісер болсам, алдымен жерге қойдың жүнін төсеп, үстіне картоп тұқымын тастадым. Содан соң оны сабанмен жауып, көң қосып көмдім. Нәтижесі өзім ойлағандай болды. Тәп-тәуір өнім алдым», – дейді ол тәжірибесімен бөлісіп.
Қойдың жүні арқылы көкөніс егудің бұл тәсілін ғаламтор желісінен көргенін жеткізді. Бүгінде нәтижесі ауылдастарын таңғалдырып отыр.
Оның айтуынша, ерте көктемнен тың жерге төселген қойдың жүні мен сабан шамамен 10-15 күнде шіріндіге айналады. Көктеп шыққан картопқа ара-арасында су сеуіп тұрады екен. Күн сайын суарып тұрудың қажеті жоқ. Өйткені сабан мен қойдың жүні бойына ылғалды сақтап, өнімге нәр береді. Осылайша, су тапшылығын еңсеріп, берекелі өнім алып отырғанын жеткізді.
«Өңірде соңғы жылдары аяқсуға зәрулік басым. Су тапшылығы қыспаққа алған алғашқы жылдары ауызсумен де суарып жүрдім. Бірақ ай сайынғы төлемақысы көбейіп кетіп, қалтаға біраз салмақ салды. Сосын осы әдісті пайдалануға көштім. Ерте көктемнен егілген картоп қой жүнінің шіріндісінен нәр алып, тамыз айында толық піседі. Сосын өнімді жинап алып, орнына сәбіз егемін. Қыс түскенше бұл өнім де пісіп үлгереді. Осылайша, көктемде жерге төсеген қой жүнінен екі рет өнім алып отырмын», – дейді Талғат Лекеров.
Оның бұл ісіне қызығушылық танытып жүрген ауылдастары ақыл-кеңес сұрап жиі келеді екен. Қой жүнін де осы ауылдастары үйіне әкеліп беріп тұрады. Өйткені бүгінде қырықтықтан шыққан қой жүнін өткізетін орын жоқ. Бұған дейін оны ауыл халқы қоқысқа тастап келген.
Ауыл тұрғыны бақшалық жерін жыл сайын кеңейтіп отырғанын айтты. Биыл үй ауласындағы 5 соттық жерден қысқа мерзім ішінде 3 центнерден өнім жинаған.
Ерекше әдіспен егін егуді меңгерген ол ауылдастарына да қойдың жүнін кәдеге жаратудың жолдарын үйретіп жүр. Осы тәсіл арқылы топырақ қабатының ылғалдылығын сақтап, өнімді нәрлендіретінін алға тартады.
Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ, Қызылорда облысы