Жамбыл облысына Ербол Қа­­ра­­шөкеев әкім болып тағайын­далғанына айдан асты.
Құрылыстың қарқыны неге баяу?
713
оқылды

Осы мер­зім ішінде аймақ басшысы түрлі сала өкілдерімен кездесіп, өзіне таңсық емес қызметтің қыр-сы­­рын барлап шықты. Дұрыс-ақ. Се­­­­бебі Ербол Шырақпайұлы бұ­ған дейін ауыл шаруашылығы сияқты бір ғана саланың тізгінін ұстап, «болыс» деген қызметтің бары­­сын білмеген еді. Содан болар, Әулиеатаның жаңа әкіміне барлығын көз­бен көріп, тіпті Та­­раз қаласының округтерін таңсә­­ріден жаяу аралап шығуына тура келді. Міне, сондай дауы басыл­­майтын, мәселе­­сі таусылмайтын алқаптың бірі – «Ұлы дала» ық­шамауданы.

Аталған аудан Ербол Қарашөкеевтің есінде ерекше қалғаны анық. Себебі аймақ басшысы қызметіне тағайындалған күннің ертесіне ықшамаудан тұрғындары әкім­дікті басып кіріп, 10 мыңнан аса оқушы­­­ның тегін тамақ пен оқу жылы қарсаңында берілетін 40 мың теңгеден қағылып отырғанын жеткізген. Ата-аналар ауданда мемлекеттік мектеп болмағаннан кейін балаларын жекеменшік білім орнына беруге мәжбүр болып отырғанын ашына айтқан. Сол себепті мұндағы оқушылар мемлекет та­­­рапынан берілетін тегін тамақ пен қаржылай көмектен қағылған.

Шу шығарған тұрғындардың алдына Ербол Қарашөкеев шығып, сол кезде мәселені жылы жапқандай болды. Ша­­ғымданушыларға уәде еткендей «Ұлы дала» ықшамауданын аралап шығып, жауапты­ларға нақты тапсырмасын берді. Алайда сол уақыттан бері айдан аса уақыт өтсе де, «баяғы жартас, бір жартас» күйі қалуда. Мәселенің мәнісін білмекке об­­­лыстық Бі­лім басқармасына хабар­­ластық. 

«Тараз қаласындағы №15 ықша­­мауда­­нында биылғы жылдың қараша айында 1 200 орындық мектеп ашу жоспарланған. 

Жекеменшік мектептер Оқу-ағарту министрлігінің Қаржы орталығы арқылы қаржыландырылады. Бөлінген қаржыны реттеу және бақылау – республикалық қаржы орталығының құзырында. Об­лыстағы жекеменшік мектептер жан басына шаққандағы қаржыландыру шең­берін­­де жұмыс істейді. Жекеменшік мектептер мемлекеттік-жекеменшік әріптестік есебінен емес, жеке кәсіпкерлердің өз қаражаты есебінен ашы­лып, жұмыс жасауда», – деген бас­қармадан ресми жауап алдық. 

Жалпы мемлекеттік мекемелердің мұн­дай жаңылтпаш жауабына етіміз үйренген. Бір білгеніміз – қараша айында 1 200 орындық мектептің құрылысы аяқталғанда балаларды тегін тамақтандыру мәселесі шешілетін көрінеді. Ал 40 мың теңге көле­міндегі қолдау қаржысына қатысты бір­жақты шешім жоқ. 

Негізі, жекеменшік мектептердегі оқу­шыларды тегін тамақтандыру мәселесі жуырда Үкімет деңгейінде көтерілген бола­тын. Сондай-ақ түйткілдің түйінін тарқату Мәжіліс мінберінде қаралатыны айтылған. Егер халық қалаулыларының ұсынысы қолдау тапса, жаңа заңға өзгерістер еніп қа­луы бек мүмкін. Бірақ бұл да нақты шешіл­ген дүние емес. Сон­­дықтан әзірге жекемен­шік мектеп­­терде оқып жатқан балаларға өгейдің күнін кеше тұруына тура келеді.

Биыл Жамбылда мектеп құрылысына қатысты «бауын тапса да, байлауын таппаған» тірлік көп. Тіпті, құрылыс жұмыстары жүріп жатқан №44 мектепте жарылыс болып, алты жұмысшы түрлі дене жарақатын алған. Ал екі бойжеткен өрттен қашамын деп үшінші қабаттан секіріп кетіп, аурухананың жансақтау бөлімінен бір-ақ шықты. 

«Ғимараттың 3-қабатында құрылыс жұмыстары жүріп жатқан. Бояу мен еріткіш қосындысын араластырған сәтте өрт шыққан. Оқиға орнына жедел жеткен өрт сөндірушілер өртті толығымен сөндір­ді», – деген ақпарат берді сол кезде облыс әкім­­дігінің баспасөз қызметі.

Өрт салдарынан 6 жұмысшы жарақат алса, оның төртеуі әйел, екеуі ер адам. Бұған дейін терезеден секіріп кеткен 2001 және 2002 жылы туған қыздардың жағдайы ауыр екені айтылған еді. Сол себепті облыстық Денсаулық сақтау басқармасына хабарла­сып, науқастардың қазіргі халін білдік. 

«Сол кезде зардап шеккендер Тараз қалалық көпбейінді ауруханасына жет­кізілді. Сол күні-ақ екі адам үйіне қай­та­рылды. Ал екі адам жансақтау бөліміне жатқызылды. Жағдайлары ауыр болатын. Бірақ дәрігерлердің дер кезінде көрсеткен көмегінен кейін барлығының жағдайы түзелді. Қазіргі таңда үйлеріне шығарыл­ды», – дейді облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.

Оқиғаға қатысты Қылмыстық кодекс­тің 292-бабы 1 бөлігі «Өрт қауiп­сiздiгi та­лаптарын бұзу» бойынша қыл­мыстық іс қозғалып, тиісті сараптама жү­р­гізілді. Сондай-ақ түн мезгілінде құрылыс жұ­мыс­тарын жүргізуге рұқсат берген жауапты адамдар тергелуде. Ал Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орын­­­­беков зардап шеккен азаматтардың ата-анала­­рымен кездесіп, барлық медици­­налық, әлеуметтік көмек көрсетілетінін, жалақы­лары толық төле­нетінін және барлық шығынды мердігер «Азамат құрылыс» ЖШС өз мойнына алатынын айтты.

Әрине, зардап шеккендерге тиісті көмек көрсетілгені дұрыс. Алайда «Ұлы дала» ықшамауданында да, №44 мектептегі оқыс оқиға да мердігердің құрылысты дер кезінде аяқтамағанынан туындап отыр. Сондықтан тендер төңірегіндегі мұндай мәселеге тиісті министрлік көңіл бөліп, оқу орындарының құрылыстарын сенімді мердігерлерге ғана жүктейтін жүйесін жасаса деген тілегіміз бар. Себебі Үкімет үйінде қабылданған ше­шімдердің артында балалар тағдыры мен адам өмірі тұр. 

Саятхан Сатылған,Жамбыл облысы