Сүйікті тыңдарманын қалыптастырып, әуендері арқылы көпті бір толқынға ертіп әкеткен екі бірдей танымал топ алып шаһар Алматыда сынға түспек. 21 күні «Алматы Арена» алаңында Red Bull SoundClash атты бірегей музыкалық шара өтеді. Әндері трендтер қатарында көш бастап тұрған әйгілі Ninety one тобы мен миллиондаған қаралымның иесі Ирина Кайратовна музыкалық алаңда шайқасқа түседі. Олар «нағыз сахна королі» атануға кім лайықты екенін анықтау мақсатында қарама-қарсы орналасқан екі сахнада өнер көрсетеді.
Red bull SoundClash – екі танымал орындаушының арасында, бірегей форматта өтетін ғаламат музыкалық текетірес. Ұйымдастырушылардың айтуынша, шара ел тарихында бірінші рет өткелі отыр. Жастардың сүйіктісіне айналған екі топ сахнаға шығып, өз шығармашылығы мен шеберлігін көзі қарақты көрерменге паш етеді. Тыңдарманның жүрегіне өнерімен жол табуға тырысады.
Ауқымды музыкалық жарыс төрт кезеңнен тұрады. Ең алдымен алаңда тартысты шоуды қызыға тамашалайтындай көңілді атмосфера орнату үшін екі топ өз репертуарындағы ең әйгілі хиттерін орындайды. Әрі қарай шайқас төрт кезең бойынша жалғасады.
«Кавер» кезеңі – көпшілікке белгілі бір әнді өз стиліне сай өңдеп, кавер-нұсқада орындайды.
«Түре тартыс» кезеңі – командалар бір-бірінің композициясын өз стиліне сәйкес орындап шығады. Бәсекелесі шырқап тұрған әнді орта жолдан іліп әкетіп, «түре тартысады».
«Шайқас» кезеңі – топтар өз әндерін жат стильде орындайды. Нақтырақ айтқанда, өнер иесі үйреншікті «комфорт аймағынан» шығуға тиіс.
Wild card кезеңі – ақтық сайыс. Әр топ өзінің музыкалық жарысқа алып келген құпия-қонағын, жұлдызды музыкант достарын шақырады.
Екі бірдей танымал топтың бір алаңда бақ сынауы, ауқымды музыкалық текетірес – қазақ сахнасында сирек көрініс табатын құбылыс. Уақыт өте келе қанатын кеңге жайып келе жатқан субмәдениеттің тұрақты тыңдарманы қалыптасып келе жатқанын жоққа шығаруға болмайды. Ал Red bull SoundClash шарасының қазақстандық музыкалық жобалардан ерекшелігі қандай? Көрерменді несімен таңғалдырады? Осы сияқты сауалдарымызға жауап алу үшін Ирина Кайратовна және Ninety one тобының мүшелерін сұхбатымызға тарттық. Екі топтың жігіттері кештің негізгі ерекшеліктерін бірауыз сөзбен түйіндеп берді. Олар – аранжировка, әуен, хореография, нағыз креатив. «Бұл жарыста біздің сахнада күнделікті істеп жүрген тірлігіміз көрсетіледі. Оған сіздер қаншалықты таңғаласыздар, білмеймін. Әрине, музыкалық тұрғыдан жаңа дүниелер көрсетеміз деп ойлаймын», – дейді Ninety One тобының мүшесі Батырхан Мәліков (ALEM). Жоғарыда «Түре тартыс» кезеңінің бар екенін атап өттік. Бұл кезең негізінде топтар бір-бірінің шығармашылығымен етене танысып, қарсыласының репертуарындағы әнді өз стилінде шырқайды. Ирина Кайратовна тобының мүшесі Алдияр Жапарханов дәл осы кезеңнің салмағы ауыр болып тұрғанын айтады:
– Меніңше, бұл естен кетпейтін кеш болады. Екі топ арасындағы шайқас көрерменге ұнайды деп ойлаймын. Жарыстың форматы қызық. Ninety one жігіттері әнді әртүрлі стильде орындайды. Бірақ эксперимент жасаудан қорықпаймыз. Біз ең алдымен – шоумыз. Содан кейін ғана – Ирина Кайратовнамыз. Сондықтан кеште нағыз шоу болады деп ойлаймын. Ең қызығы, бәсекелес топтың әндерін орындау болып тұр. Себебі біз өзгелердің әнін ешқашан айтып көрген емеспіз», – дейді А. Жапарханов. Ал Ninety one тобының мүшесі Дулат Мұхаметқали (ZaQ) мұндай сарындағы музыкалық жарыстар – өнер иелерімен қатар, олардың тұрақты тыңдармандарының бір-біріне жол ашуына мүмкіндік беретінін айтады.
– Осындай коллабтардың ең жақсысы – әртістердің кезінде жарық көретін фиттері (feat) сияқты. Адамдардың шығармашылығы бір-біріне қызық болғандықтан олар бір туынды жасап шығаруға тырысады. Екіншіден, әр әншінің тыңдарманы, өз толқынында жүрген адамдары бар. Олар бір-бірімен араласып бастайды. Бұл кеште Ирина Кайратовна тобының тыңдармандары болсын, әрқайсысы өзіне екі топты да жаңа қырынан ашады деп ойлаймын. Сондықтан, жарыс біз үшін де, көрермен үшін де керемет дүние болмақ», – дейді ол.
Қазақтардың өнерге деген ашықтығы байқалады
Музыкалық субмәдениет – мәдени жаңашылдықтың белең алуымен келген өнер түрі. Субмәдениет негізгі мәдениеттен құндылықтары мен ұстанымдары, тілі мен мәнері, киіну стилі арқылы ерекшеленеді. Қазақ эстрадасына жаңа леп әкелген заманауи бағыттың тыңдармандары артпаса, кемімек емес. Субмәдениет елімізге 2015 жылы жетті. Бұл ұғымды көрермен санасына алғаш қалыптастырушылар да – Ninety one тобы. Түп бастауы Q-pop жанрынан, яғни Корея мәдениетінен бастау алса, ал қазір өнердің бұл түрі эстрадамызға ұлттық болмысымызға сай өзгерістермен енді. Заман ағымымен қазақ мәдениетінде Q-pop (Qazaq-pop) бағыты пайда болды. Тіпті, көрермен арасында Qazaq-pop – ұлттық патриотизмді дамытудың жаңа бір белесі ретінде қалыптасты деген пікірлер ұшырасады. Патриотизм демекші, Q-pop бағытындағы орындаушылардың репертуарынан қоғам ахуалын «әшкерелейтін» туындыларды байқау қиын емес.
– Шырқаған әндерімізде әлеуметтік тақырыптарды қозғауға тырысамыз. Ол перформанспен бірге болады, кейде перформанссыз да жүзеге асып жатады. Біз дәл қазіргі уақытта шоуға дайындалу үстіндеміз. Әндерімізді тыңдап, мәтіндерімен таныс тыңдармандар болса, біз көтеретін әлеуметтік тақырыптан жақсы хабары бар, – дейді Д. Мұхаметқали.
Red Bull SoundClash музыкалық жарысы аясында өткен баспасөз мәслихатынан кейін Ninety one тобымен субмәдениет төңірегінде әңгіме қаузадық. Бастапқы жылдармен салыстырғанда, қазір тыңдарман тарапынан субмәдениетке оң көзқарас қалыптасқанын аңғаруға болады. Топ мүшесі Дулат та бұл пікірді құптайды:
– Менің ойымша, қазір субмәдениетке халықтың оң көзқарасы қалыптасып келе жатыр. Шектеулердің, шекаралардың көбі қазір өшіп қалды. Әлемдегі әртүрлі субмәдениеттік қозғалыстың барлығы елімізде мойындалуда. Сондай-ақ қазір қазақтар өзін белгілі бір субмәдениетке жатқызуға ұялмайды. Яғни, ішкі шығармашылығын түрлі жол арқылы қысылмай көрсете алады. Қазір қазақтардың өнерге деген ашықтығы байқалады.
Ал Данияр Құлымша (BALA) әу баста Q-pop бағытының кең мағынада қолданылмағанын, нәтижесінде көпшілік аталған бағытты субмәдениет деп қабылдағанын тілге тиек етті:
– Q-pop бағыты турасында біразы әлі де қате пікірде деп ойлаймын. Q-pop – top popular сөзінен шыққан. «Танымалдылық» деген мағынада қолданылады. Қазақстандағы ең танымал әртістердің, әншілер мен авторлардың әндері осы қатарға жатады деген түсінікте қалыптасқан. Бірақ халық оны субмәдениет деп қабылдап алды. Қазір қандай Q-pop топтардың құрылып жатқаны жайлы бақылап көрмедім. Алайда бір білерім, қазақтың өнері дамып жатыр. Жан-жақты, әртүрлі жанрда. Оның барлығы мен үшін Q-pop. Осы бағытта құрылып жатқан топтарға көзқарасым жақсы. Талантты жастар өте көп, – дейді Д. Құлымша.
Айта кетейік, Red Bull SoundClash музыкалық жарысының жеңімпазы арнайы шу өлшегіш құралмен (шумомер) анықталады. Кешке келген әрбір көрермен «сахна королін» анықтауға үлесін қоса алады.
Алтынай БАУЫРЖАНҚЫЗЫ, Алматы қаласы