Астанада өткен «Отандастар» форумында әлемнің 40-тан астам елінен этникалық қазақтар жиналып, ғылым, мәдениет, бизнес, саясат және БАҚ саласында әлем қазақтары үшін аса өзекті мәселелері талқыланды.
Отанына жиналды он сан қазақ
995
оқылды

Қазақстан Президенті Қ. Тоқаевтың Түркістанда өткен Ұлттық құрылтайда «Шетелдегі қандастарымызбен тығыз қарым-қатынас орнатып, рухани байла­нысты нығайта береміз. Бұл мәселе ме­нің жеке назарымда. Дүниежүзіндегі қандастарымыздың басын туған жерде бі­ріктіру – біздің қасиетті парызы­мыз», – деген сөзі еліміздің шетелдегі отандас­тармен байланыстарының тиім­ділігін одан әрі арттыру қажеттігін білдіреді.

Қазанның 10-ы, сейсенбі күні фо­румға арнайы шақырылған қонақтар легі Астананың көрікті жерлерін тама­шалап, шараның бас серіктесі Altyn Qyran Foundation қоғамдық қоры мен Ұлттық спорт қауымдастығының ұйым­дастырған спорттық бағдарлама­ларын тамашалады. Іс-шара аясында қонақтар ұлттық құн­дылықтарымызбен етене жақын та­нысып, қазақтың ұлттық ойын­дары, тоғызқұмалақ, асық ату, садақ ату, қыз қуу, аударыспақ, көкпар, құсбегілік сынды өнер түрлерін тама­­шалады. Қонақтардың назарына қол­­­­­өнер ше­берлерінің қолынан шыққан ұлттық бұйымдар да ұсынылды. 

Құрақ көрпе символы негізге алына отырып ұйымдастырылып отырған форумға әлемнің түрлі еліндегі қоғам белсенділері, ғалымдар, саясаткерлер мен ірі кәсіп өкілдері, тіпті ақын-жа­зушылар да арнайы шақырылған. Келелі жиын барысында сырт елдегі қазақ диаспорасының тілі, ұлттық бол­мысы мен шеттегі қазақтарға демеу жасау жол­дары мен ондағы елдің Отанға көрсетілер қолдауы сияқты мәселелер жан-жақты талқыланды. 

«Отандастар» қорының президенті Абзал Сапарбекұлының айтуынша, 40-қа жуық мемлекеттен делегаттар келіп, форум аясында бір-бірімен еркін пікір алмасуда. «Әлемнің түкпір-түкпірінен келген беделді 200-ге жуық делегаттың бір ортада бас қосуына мүмкіндік ту­ғызылып отыр. Бұл форум осымен екін­ші рет өтуде. Бұған дейін 2019 жылы ұйымдастырылған болатын. Бұл жолғы форумның басты ерекшелігі – ауқым­дылығы, делегаттар санының көптігі», – деді ол.

Форум төрт сессия аясында өтіп, түр­лі бағыт қамтылып, «Ел дамуында қан­дастардың рөлі», «Отандастардың интеллектуалдық әлеуеті – ұлттық құн­дылықтарды ілгерілету драйвері», «Ме­диа және заманауи трендтер», «XXI ға­сырдағы қазақ тілі және бүгінгі мүм­­­­­кін­­діктері» сияқты тақырыптарды ортаға салды. 

«АҚШ-тың түрлі штатында, тіпті ең ірі Нью-Джерси, Нью-Йорк, Вирд­жиния, Калифорния сияқты орта­лықтарында қазақтар саны артып келеді. Олардың дені білім іздеп барған жастар мен Түркия, Германия сынды өзге мемлекеттерден қоныс аударған азаматтар. АҚШ-тағы қазақтар өзінің қазақ екеніне мақтанады. Себебі олар түрлі мәдени орталықта бас қосып, ұлтымыздың өнері мен салт-дәстүрін үнемі дәріптеп жүреді. Сонымен қатар көбі сол елде өте танымал компанияларда жемісті қызмет атқаруда. Бейресми ақ­параттардың мәліметінше, АҚШ-та 100 мыңнан астам қазақ өмір сүріп жатыр. Олар бір-бірімен тығыз бай­ланыста. Мұндай алқалы басқосулар өзге елдер­дегі қазақтардың ынтымағын арттырып, Отанға деген сүйіспеншілігін ұлғайтары сөзсіз», – дейді форумға қа­тысушы спи­кер әлемдік Google ком­паниясының инженері Арай Са­быржан. 

Саясаткер, редактор, заңгер және журналист, Өзбекстан Республикасы Олий Мәжілісінің заң шығару пала­тасының бұрынғы депутаты, ӨР Табиғи ресурстар министрінің кеңесшісі Расул Кушербаев Өзбекстандағы қазақ диаспа­расының қазақша білім алуына Қазақ­стан тарапынан қолдау қажеттігі туралы мәселе көтерді. Оның айтуынша, өзбек жеріндегі 300-ден астам қазақ мектеп­­ терінің қазақша оқулықтармен қам­тылуы және қазақ мектебі үшін мұғалім даярлайтын ЖОО-лардың жоқ­тығы Өзбек еліндегі этникалық қазақ қауымы үшін қиынға соғып отыр. «Өз­бек­­­стан мен Қазақстан елдерінің ЖОО диплом­дарының екі елде бірдей мойын­далуы екіжақты бірлесіп шеші­летін басты мә­селенің бірі болып тұр», – дейді Расул Кушербаев.

«Отандастар» қоры жыл сайын ше­телде тұратын жүздеген этникалық қазақ баласын Қазақстандағы жазғы лагерь­лерге шақырады. Мұнда мектеп оқушы­лары тіл үйреніп, тарихи орын­дарды ара­­лап, ұлттық салт-дәстүрмен таныса­ды. Бұл – өзге елдегі қазақ жастарының Отанға деген ықыласын ояту. Алдағы уақытта мұндай жобалардың саны да артып, түрлі бағыттарды даму көзделуде. Бұл болашақтағы мүмкіндіктер форумға қатысушылардың қызығушылығын оя­тып, барынша өз тараптарынан қолдау білдіретінін де жеткізді. 

«Біз Моңғолияда бір қауым ел болып өмір сүріп отырмыз. Дегенмен осында жиналған әр қазақтың бойындағы рух, жүрегіндегі от, арқасындағы тіреуі – бұл Отанымыз Қазақстан. Біз Қазақ­станы­мыздың өркендеуі мен да­муы­на өзімізше үлес қосқымыз келеді. Ол үшін екі елдегі қазақтың мүддесі бір болуы керек. Қазақ деген ұлт әлемде бі­реу ғана. Қазақты қытайлық немесе түр­киялық және мұңғылдық деп бөл­­меуіміз қажет. Мақ­сат мүддесі бір болған соң барлы­ғымыз бір қазақпыз. Енді осын­дай үлкен шаралардың ұйым­дас­­тырылуы бәрімізді бір арқаландырып жі­бергендей болып отыр, – дейді форум­ға қатысушы ақын Байыт Қабанұлы.

Форумға мүддесі бір, мақсаты айқын, ойы ұшқыр жастар да, өнерде өз ізі қа­лыптасқан өнерпаз да, білімі асқақ ға­­­лым да, білігі мықты дәрігер де, өз ісін алға сүйреген кәсіпкер де қазақтың ке­­ле­­­­­­шегінің кемел болуы үшін «бір жа­ға­­дан бас шығарып» жұмылудың бүгін­гі­­­дей алмағайып уақытта аса маңыз­­ды еке­­­нін айтты. Келешекте мұндай форум­дардың әр сала бойынша да ұйым­дас­ты­­­рылуы керек екені де ай­тылды. Бір алаң­ға әлемнің түкпір-түкпірінен келген көп қазақты жинаған бұл форум қалай бол­ған­да да жаһанды жайлаған қазақ бала­­­сын табыстыра түсетін шаралардың бірі.

Бердібек ХАБАЙ