Адам өміріне қауіпті болса да, теміржол бойында жол ережесін сақтамайтын азаматтар бар.
Биыл 9 айда 66 адам пойыз астына түсті – полиция полковнигі Бақытжан Малыбаев
1,072
оқылды

Биыл 9 айында көлік полицейлері «Теміржол – қауіптілігі жоғары аймақ!» тақырыбында оқу орындарында 2 124 дәріс, 2 147 халықпен кездесу, 3 318 рейдтік шара  өткізді. Бұл туралы Aikyn.kz Көліктегі полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды. 

Көліктегі полиция департаментінің бастығы Бақытжан Малыбаевтың айтуынша, профилактикалық шараларды өткізу кезінде азаматтарға теміржолды белгіленбеген жерінен өту тек құқықбұзушылық емес, бұл олардың өмірі мен денсаулығы екенін ескертеді.

Ескертуге қарамастан, азаматтардың теміржолдарда белгіленбеген жерлерден өтуі, ондағы қауіпсіздік ережелерін сақтамауы және теміржолға арналған жолақта мал жаю фактілері жалғасып жатқанын айтты.

Бақытжан Малыбаевтың айтуынша, биыл 9 айда еліміз бойынша пойыздарды шұғыл тежеудің 1 381 фактісі тіркелген. Оның ішінде адамдардың болуына байланысты 305, теміржол төсемінде үй жануарларының болуына байланысты 902 және т.б. Белгіленбеген жерлерден теміржолды кесіп өткені үшін 20 819 азамат әкімшілік жауапқа тартылды.

«Мәселен, өткен демалыс күндері төрт адам пойыз дөңгелектерінің астына түсіп кете жаздады. Бұл фактілер Астана, Орал, Шу және Қызылорда стансаларында тіркелді. Бір қуанарлығы, барлық жағдайда машинистер теміржол құрамын тоқтатып, қайғылы жағдайдын алдын алды.  Жоғарыда көрсетілген фактілер бойынша құқықбұзушыларға ҚР ӘҚБтК-нің  559-бабы 5-бөлігі, яғни, белгiленбеген жерлерде темiржол арқылы өту бойынша әкімшілік хаттама толтырылды», – деді ведомство басшысы.

Теміржол бойында зардап шеккен азаматтардың көпшілігі қаза тауып, ауыр жарақат алғандары мүгедек болып қалады. 

«Өкінішке қарай, биыл 9 айда 66 азамат пойыз астына түсті. Оның жартысынан көбі көз жұмды. Сондай-ақ 29 адам жарақат алды. Барлық фактілер бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерулер жүргізілді. Азаматтардың теміржол жол жарақатын алуының негізгі себебі, жабдықталған өткелдерден өтеді, қауіпсіздікті сақтамайды»,– деп түйіндеді сөзін полиция полковнигі.

Ол азаматтарды теміржол арқылы рұқсат етілген өткелдерді пайдалануға және өз қауіпсіздігі үшін ережелерді қатаң сақтауға шақырады.