Жақында ғалымдар трансплантацияланған органды қабылдауға реципиенттің иммундық жүйесін алдымен донордың иммундық жасушаларын енгізу арқылы дайындаудың жаңа әдісін көрсетті. Science Translational Medicine журналында жарияланған мақалаға сілтеме жасаған Aikyn.kz жаңа тәсілдің тиімділігін бағалайды.
Фото Getty Images сайтынан алынды. Авторы: Westend61
Адамның иммундық жүйесі – ағзаға зиян келтіруі мүмкін патогендерді немесе бөгде жасушаларды іздейтін күшті қорғаныс міндетін атқарады. Бірақ ағзаны ауыстырған кезде иммундық жүйе жаңа органның бөтен екенін түсініп, оны шабуылдайды.
Бүгінге дейін органдардың қабылдамауын азайту мақсатында пациенттердің иммундық жүйесін басу үшін депресанттар беріліп келді. Депресанттар иммундық жүйенің қызметін әлсіреткендіктен, адамның қорғаныс қабілеті төмендеп, басқа ауруларға осал болып қалады.
АҚШ-тың Питтсбург университетінің Медицина мектебінің ғалымдар тобы трансплантацияланған науқастарда мүшелерді қабылдамау ықтималдығын азайтудың жаңа әдісін сынады. Олар тірі донордан ішінара бауыр трансплантациясын алған 15 пациентке зерттеу жүргізді және нәтижелерді сол процедурадан өткен 40 бақылау пациенттерімен салыстырды.
Фото medicanahealthpoint.com сайтынан алынды
Зерттеуге қатысқан 15 пациентке операциядан бірнеше апта бұрын зерттеушілер оларға ағзасының бір бөлігін (бауыр) беретін 15 донордан қан алып, моноциттер деп аталатын лейкоциттер түрін бөліп алды. Содан кейін оларды иммундық жүйеге дос пен дұшпан жасушаларды ажыратуға көмектесетін реттеуші дендритті жасушаларды (DCregs) өсіру үшін пайдаланды. Әрбір донордан алып өсірілген бұл DCregs жасушалар трансплантациядан бір апта бұрын тиісті реципиенттерге (ағзасы ауыстырылатын адамдар) енгізілді.
Зерттеушілер емделген пациенттердің иммундық депресанттарға тәуелділігі аз болуы мүмкін екенін көрсететін иммунологиялық белсенділікті тексерді. Олар трансплантациядан кейін бір жыл өткен соң да DCregs-пен емделген емделушілерде бөтен ағзаны қабылдамайтын иммундық жасушалардың аз екенін анықтаған.
Зерттеу тобының мүшесі Ангус Томсон: «Бұл сынақтардың нәтижелері өте жігерлендіреді. Дәл қазір біз реципиенттің иммундық реакциясы арқылы иммундық депресанттарды төмендетуге немесе тіпті қолданбауға болатынын көріп отырмыз. Егер пациенттер иммундық депресанттарға тәуелді болмаса, бұл трансплантация қоғамдастығы үшін маңызды қызмет болар еді», – деп мәлімдеген.
Фото Getty Images сайтынан алынды. Авторы: South agency
Өздерінің ашқан ғылыми жаңалықтарының қалай жұмыс істейтінін америкалық ғалымдар терең тексеруден кейін жариялаған. Олардың айтуынша, арнайы жасалған DCregs жасушалары ағзаға кіргеннен кейін бірнеше күннен кейін жойылады, бірақ осы қысқа мерзімде олар басқа жасушалардың бір-бірімен байланысуына көмектесетін экзосомалар деп аталатын бөлшектерді көп шығарады. Бұл донорлық экзосомалар бөтен ағза салынған реципиенттің иммундық жүйесін донорлық жасушалардың қауіпсіз екенін сендіруге көмектеседі. Жаңа әдіс бүйрек немесе бауыр трансплантациясы кезінде донор тірі болған жағдайда оның қанынан алынған дендритті жасушаларды (DCregs) реципиентке (жаңа бауыр, бүйрек салынатын адам) құю арқылы жасалатын қарапайым әдіс болуы мүмкін. Бірақ оның тиімділігі жоғары болатынын ғалымдар дәлелдеп отыр.