Жыл соңына дейін өңірдегі барлық білім беру ұйымына мониторинг жүргізіледі.
Партиялық бақылау комиссиясы өңірлерде тексеру жұмыстарын жүргізді
814
оқылды

Қостанай қаласында «AMANAT»-тың облыстық Партиялық бақылау комиссиясының мүшелері №6 және №17 жалпы білім беретін мектептерге барды. Олар жүргізілген жөндеу жұмысының сапасын, мектеп ішіндегі және іргелес аумақтағы қауіпсіздік жағдайын, сондай-ақ санитарлық нормалардың сақталуын тексерді.

«Бірінші кезекте оқушыларға берілетін тамақтың сапасын тексердік. Ас әзірленетін бөлмелерді аралап, мектеп асханаларын, азық-түлік сертификаттарының бар-жоғын, азық-түлікті сақтау жағдайын, мәзірдің стандартқа сәйкестігін және тағы басқаларды назарға алдық», – деді Қостанай облыстық мәслихатының депутаты Қырмызы Жаңбыршина.

Балалар қауіпсіз ортада білім алуы үшін баспалдақтарда қоршаулар мен сүйеніштердің болуы, бүлдіршіндерді құлап кетуден қорғайтын терезе жабдықтарының, мектеп маңында жол белгілерінің болуы да маңызды рөл атқарады.

«Аталған мектептер талапқа толық сәйкес келеді. Күрделі жөндеуден кейін оқу процесі мен оқушылардың қауіпсіздігі үшін барлық қажетті жағдай жасалған», – деді «AMANAT» партиясының облыстық филиалы жанындағы Отбасы және халықты әлеуметтік қорғау мәселелері жөніндегі кеңестің төрағасы Несібелі Бәсенова.

Айта кетейік, жыл соңына дейін өңірдегі барлық білім беру ұйымына мониторинг жүргізіледі. 

 

Шымкентте «AMANAT» мүшелері партияның сайлауалды бағдарламасы аясында салынып жатқан тұрғын үйлердің құрылыс жұмысымен танысты.

Бүгінде қалалық құрылыс басқармасы 98 көпқабатты тұрғын үй кешенін тұрғызып жатыр. Яғни, Тұран-2 шағынауданында 18 үй, Бозарық шағынауданында 54 үй және Ақжайық шағынауданында 26 үй салынуда. Биыл 1 752 пәтерлі 36 үйді пайдалануға беру жоспарланып отыр. Оның жалпы ауданы – 131,7 мың шаршы метр.

«Партияның күш-жігері адамдардың жайлы өмір сүруі үшін қолайлы жағдай жасауға бағытталған. Яғни, партиялықтар халықты тұрғын үймен, сапалы инфрақұрылыммен қамтуды көздейді. Жалпы, 2027 жылға дейін партияның қалалық сайлауалды бағдарламасы аясында 5,5 млн шаршы метр тұрғын үй салынады», – деді «AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалының атқарушы хатшысы Жанар Бектаева.

Сондай-ақ партиялықтар «Асар-2» тұрғын алабына барып, жол-құрылыс жұмысының барысымен танысты. Жергілікті тұрғындар Нұржол және Атакент көшелеріндегі асфальттың тозуына, кәріз жүйесіндегі мәселелерге шағымданып, жолды кеңейтуді сұрады. «AMANAT» партиясы қалалық филиалының өкілдері барлық айтылған мәселені бақылауға алды.

 

Павлодарда «AMANAT» мүшелері партияның өңірлік сайлауалды бағдарламасы аясында салынып жатқан екі балабақшаның құрылыс жұмысымен танысты. Көзі нашар көретін балаларға арналған №82 арнайы бөбекжай-балабақшада күрделі жөндеу жұмысы келесі жылы қаңтарда аяқталады.

«Балабақшаның құрылыс барысына қатысты қандай да бір ескерту айта алмаймыз. Алайда құрылыс материалдарының сапасы алаңдатады. Есіктер өте арзан әрі нәзік. Сығымдалмаған, тек бір-біріне жабыстырыла салған фанера сияқты. Батареялардың да сапасы күмән туғызады. Жоба бойынша салыстырып, ғимарат ауданына сәйкес қанша секциялы батареялар орнатылып жатқанын және осындай шағын көлемдегі радиаторлар жобада көрсетілген аумақты жылыта ма, жоқ па, соны қарау керек», – деді сарапшы Андрей Даниленко.

Усолка шағын ауданындағы №5 бөбекжай-балабақшасында депутаттар мердігерлерге жұмыс қарқынын жеделдетуді, әсіресе күн суымай тұрып қасбетті безендіру жұмысын аяқтауды ұсынды.

«Біз бұл мектепке дейінгі білім беру мекемелеріне алғаш рет келіп отырған жоқпыз. Партия құрылыс жұмысы сапалы әрі белгіленген мерзімде жүргізілуі үшін тұрақты түрде мониторинг жүргізеді. Бүгінде екі нысанда абаттандыру жұмысы жүргізіліп жатыр. Алайда, №5 балабақшада кәріз, электр, сумен жабдықтау, жылу жүйелерін тарту жұмысы тек 70-80%, ал №82 балабақшада 90-100% орындалды. Біз тиісті ұсыныс жолдаймыз», – деді «AMANAT» партиясы Павлодар облыстық филиалының атқарушы хатшысы Айгүл Маликова.