Өткен аптада Палестина өңірінде тағы соғыс басталды. Рас, араб пен еврей халықтарының қырқысып келе жатқанына ғасырдан асқан.
Таяу шығыс қансырап жатыр
870
оқылды

 Екі күннің бірінде түрлі деңгейде атыс болып жатады. Бірақ осы жолы аймақта адам қаны судай төгілді. Екі жақтың да шығыны аз емес. Ұрысты бастаған «Хамас» тобы еді. Ал қазір Израиль хамастықтар шабуылына еселеп қарымта қайтарып жатыр. Газа секторын жермен-жексен етуге бел байлаған сыңайлы. 

Тамыры тереңге кеткен шиеленіс

Негізі, Араб-Израиль қақтығысы­ның тамыры тереңге кетеді. ХІХ ғасыр­да Осман империясының құрамында болған аумақ­тарда өршіген ұлтшылдық қозғалыс еврей халқының да екі мың жыл бұрынғы ата­қонысына оралуының басы болды. Кейін Ұлыбритания, Еврей ұлты өкілдерінің Плаестина жеріне ор­нығуына мүдделі болды да, көші-қонды қолдады. Сөйтіп, 1917 жылы Ұлыбрита­ния сыртқы істер министрі Артур Баль­фур­дың британиялық еврей қауымдас­тығының өкілі лорд Рот­шилдке жазған әйгілі хатынан кейін Израиль мемле­кетін құру идеясы ресми түрде басталды. Еврей қауымының Палестинаға көші ұлғайды. Араб-Еврей қақтығысы содан бері тоқтаған емес.

Тарихқа көз жүгіртсек, өткен ғасырдың 40-жылдарына дейін арабтар да, еврейлер де түрлі бүлік ұйымдастырыпты. 1947-1948 жылдары екі халық бір-бірін қынадай қыр­ды. Өңірдегі бүлік пен зорлық-зом­былықты тыю қиынға түсті. Ақыры 1948 жылы БҰҰ екі халық бірге өмір сүретін мемлекет құру бастамасын көтергенімен, оны арабтар қолдамады. Сөйтіп, Израиль мемлекеті құрылды да, Палестинадағы араб қауымы ел бола алған жоқ. Содан бері араб елдері мен Израильдің арасында бірнеше рет ірі соғыс болды. 1947-1948 жылдардағы Израильдің тәуелсіздік үшін соғысы, 1956 жылғы Суэц дағдарысы, 1967 жылғы «алты күндік соғыс», 1973 жылғы «қиямет күні соғысы», 1983 жылғы Ливан соғысы... Қысқасы, өңірде тыныштық ешқашан болған емес. Ал осы жолы әлемді дүр сілкіндірген «Хамас» ұйымы 1987 жылы құрылды. Мысырдағы радикал «мұсылман бауырлар» тобынан ресми түрде бөлінгені айтылады. Бірақ кейбір сарапшылар бұл ұйымның құрылуына Израильдің «Моссад» барлау қызметінің ықпалы болғанын айтады. Өйткені оған дейін Ясир Арафат жетекшілік ететін «Палестинаны азат ету ұйымы» палестина­лықтарды біріктіруге қабілетті болған деседі. Әрі бұл қозғалыс 1964 жылы Араб мемлекеттері лигасының шешімімен құ­рыл­ды. Сондықтан бұл қозғалысты әл­сірету көзделуі мүмкін. Сөйтіп, «Хамас» тобы Ясир Арафаттың жетекшілігін мойындамайтын, радикал ұйым ретінде қызметін бастады. Ұйым қарумен ғана емес, саяси жолмен де күреске араласты. Мә­селен, 2006 жылы «Хамас» Палестина­ның заң шығарушы кеңесінің сайлауында басым дауысқа ие болды. Бірақ кейін бұл орган дұрыс жұмыс істеген жоқ. Қарулы топ Газа секторында билік жүргізді. Тіпті, Палестинаны азат ету ұйымының күш­терімен әскери қақтығысқа дейін барды. Осылайша, түрлі радикал топ пана­лайтын ұйымға айналғаны бар. 

Израиль де қарап қалған жоқ. Па­лестина жерін шетінен «кеміріп» келеді. 1948 жылдан бері Палестина аумағы бірнеше есе кішірейіп, көптеген елді мекен Израилдің иелігіне өткен. Әрі еврей қауымы Иерусалим қаласын Израильдің астанасы етуге мүдделі. Ал арабтар қала­ның шығыс бөлігін иелік етуге келіскен сыңай танытқан. 1967 жылға дейінгі шекара қалпына келтірілсе, қаланың шығысы палестиналықтардың иелігіне өтуге тиіс. Дегенмен дәл осы «Хамас» тобы қала толық палестиналықтардың иелігінде болуы керек дейтін позицияны ұстанады. Оны болашақ мемлекеттің астанасы ретінде бағалайды.

Бірақ соңғы жылдары Израиль қала­ның шығыс бөлігіне қатысты саясатын да өзгертіп келеді. Иерусалимді тұтас иеле­ніп, елдің астанасы етуге ұмтылған әрекет байқалады. Содан болар, кейбір мемле­кеттер өздерінің Израильдегі  елшіліктерін Иерусалимге көшірді. Олардың қатарында АҚШ та бар. Дональд Трамп президент болып тұрғанда, 2018 жылы АҚШ өз елшілігін Иерусалимге көшірген. Бұл – де-факто Иерусалимді Израиль астанасы ретінде мойындау деген сөз. Ал БҰҰ Қауіп­сіздік кеңесі 1980 жылдың 20 тамы­зында №480 резолюциясын қабылдап, Израильдің Шығыс Иерусалимге иелік ету қақын жоққа шығарған. Әрі ұйымға мүше елдерді өз дипломатиялық өкілдіктерін қаладан шығаруға шақырған. Бірақ БҰҰ қарарлары әдетте мәлімдеме деңгейінен аспай жататыны бар. 

Ал соңғы жарты ғасырда Израильге ең үлкен шабуылдың басталуына Тель-Авивтегі саясаткерлердің Иерусалимге қатысты ұстанымы да әсер етуі мүмкін. Бірақ қалай болғанда да «Хамастың» Израильге шабуылын ақтауға болмайды. 

Соғыс қалай басталды?

Израиль-Палестина жанжалындағы соңғы қантөгіс 7 қазанда басталды. Сол күні «Хамас» тобы бірнеше бағытта Из­раильге шабуыл жасады. Әу баста зы­мыран­дармен атқылады, одан соң дрон қолданды, кейін шекарадағы бөгеттерді бұзған қарулы топтар Израиль жеріне кірді. Хамастықтар алғашқы күні 2 500-5000 аралығында зымыран атқан. Дрондар да көп. Ал Израиль жеріне басып кірген қарулы жасақтар саны 1 500 адамды құрағаны айтылды. Алғашқы күні қарулы топ бірнеше елді мекенді, әскери базаны басып алған. Соңғы деректерге қарағанда Израиль жағынан 1 300 адам мерт болған. Жараланғандар саны 3 700-ге жеткен. Хамастықтар тұтқындап әкеткен аза­маттар саны 100-ден асады. Із-түзсіз кеткендер де кездеседі. Радикал көз­қарастағы қарулы топтар Израильде көбіне бейбіт адамдарды өлтірген. Оған қақтығыс кезінде мерт бол­ғандардың 139-ы ғана әскери қызметкер екені дәлел. Сол себепті әлемдік қауым­дас­тықта «Хамас» тобының әрекетін айып­таушылар қарасы басым. Тіпті, АҚШ, Франция, Германия қатарлы елдер Израильмен одақтасатынын мәлімдеп үлгерді. Америкалықтар Жерорта теңізінде жүзіп жүрген ұшақ та­сымалдаушы кеме­лерін Израильге қарай жақындатып келеді. Бір емес, екі алып кеме. Ал Израиль би­лігі елде соғыс режимін жариялап, ре­зервтегі азаматтарды әскерге шақырды. Әскери әуе күштерінің көмегімен Газа секторын бомбалауға кірісті. Құрлықтан операцияны жұмада бастады. Опера­цияның алдында Израиль армиясының өкілдері БҰҰ-дан Газа секторының сол­түстігіндегі 1,1 млн адамды оңтүстік ай­мақтарға көшіру жайлы ұсыныс айтыпты. 24 сағат ішінде. Бұл жайлы Reuters ха­барлады. Әрі сектор газдан, электр же­лілеріне, ауызсудан толық ажыратылған. Тель-Авив секторға өзге елдердің гумани­тарлық көмегін де өткізбейтінін мәлімдеді. Демек, секторды бомбалау тіптен күшейе түсуі мүмкін. 

13 қазанға дейін Израиль авиациясы Газа секторына 3 600 әуесоққы жасаған. Тасталған бомбалардың саны 6 000-нан асыпты. Ол бомбалардың жалпы салмағы 4 мың тоннаға жуықтаған деседі. Осынау атыс-шабыстан секторда 1 471 мың адам қаза тауып, 6 268 кісі жараланған. Құрбандар саны әлі де өсуі мүмкін. 

Барлау қалай қапы қалды?

«Хамастың» Израильге шабуылына қатысты қазір түрлі қауесет пен сауал көп. Ақпараттарда фейк те, конспирология да тарап жатыр. Дегенмен «Моссад» қалай қапы қалды?» деген сауал біраз сарап­шының басын қатырып жатқан сыңайлы. Өйткені бұл құрылым әлемдегі ең үздік барлау қызметінің бірі саналады. Палес­тинадағы агентуралық желісі мықты да­мығаны айтылады. Сөйте тұра, «Ха­мас­тың» мыңдаған зымыран, дрон даярлап жат­қанын білмей қалғаны таңғалдырады. Бірақ радикал топтың осы шабуылын 1973 жылғы соғыспен салыстыратындар да бар. Сол жылдың қазанында Мысыр мен Си­рия Израильге тұтқиылдан шабуыл жа­саған. «Моссад» елдің премьер-министрі Голда Меирге араб елдерінің шабуыл жасамақ ниеті бар екенін кеш хабарлағаны ай­тылады. Осы жолы Биньямин Не­таньяху «Хамастың» шабуыл жасай­тыны­нан тым кеш хабардар болған деседі. Әс­керилер де қателескен көрінеді. Газа секторының бір тұсынан шабуыл бас­талғанда барлық назарды сол бағытқа аударған. Ал шабуыл бірнеше бағытта өрбіді. 

Сонымен қатар дрон шабуылын ұйым­дастырған операторлардың қайда кет­кені де белгісіз. Олардың тұтқынға түс­кені немесе көзі жойылғаны жайлы мәлі­мет жоқ. Әрі «Хамас» 2021 жылы түсірілген видео жариялады. Онда құбырлардан зымыран жасау технологиясы көрсетілген. Мұның өзі Израиль барлау қызметінің салғырттығын немесе шабуылды ұйым­дастыру жоспарынан мүлдем хабарсыз бол­­ғанын айғақтайтын сияқты. Конс­пи­рологияға сенетіндер шабуылды из­раиль­дік арнайы қызмет өзі ұйымдас­ты­рып, әдейі арандатты деп бағалайды. Сөй­тіп, үкіметке қарсы шығып, Нета­ньяху­дың по­зициясын әлсірете бастаған сайлау­шы­ларды жұмылдыруды көздеді деседі. 

«Қазаны бөлектің қайғысы бөлек» пе?

Израиль-Палестина қақтығысы Қа­зақстанға тікелей әсер етпегенімен, аймақ елдерімен арамызда сауда-саттық, эконо­микалық байланыстар да бар. Израильде қазақстандықтар білім алып, емделіп жүр­ген болуы мүмкін. Демалысқа баратындар да кездеседі. Демек, соғыстың алыста жат­қан Қазақстанға да жанама түрде болса да әсері болады деген сөз. Сондықтан Қазақ­стан соғысып жатқан тараптарды са­бырға шақырды. Сыртқы істер министр­лігінің ресми өкілі Айбек Смадияров ар­найы бри­финг өткізіп еліміздің ұстанымын айтты.

«Қазақстан көптеген бейбіт тұрғынның қаза болуына әкеп соққан Палестина-Израиль қақтығысының өршуіне терең алаң­даушылық білдіреді. Тараптарды ахуал­ды бейбіт жолмен шешу үшін саяси құралдар іздестіруге және тек екі мемлекет арасындағы ғана емес, жалпы Таяу Шы­ғыстағы жағдайдың одан әрі ушығуына әкелуі ықтимал іс-әрекеттерге бармауға шақырамыз», – деді ресми өкіл. Әрі соғыс болып жатқан аймақтан азаматтарымызды эвакуациялау шаралары ұйымдастырыла­тынын мәлімдеген еді. Сөйтіп, 11 қазанда Тель-Авивтен Алматыға эвакуациялық рейс келді. Бортта болған 166 жолаушының 124-і Қазақстан азаматы екен. Осылайша, мемлекет өз азаматтарын соғыс өрті шар­пыған аймақтан алып шықты. 

Ал соғыстың Қазақстан экономика­сына жанама түрде қалай әсер етуі мүмкін екеніне келсек, жанжал көпке созылса, Израильге сататын тауарымыздың көлемі төмендеуі мүмкін. 2023 жылдың өзінде Қазақстан Израильге 300 млн доллардан астам соманың тауарын сатыпты. Әлбетте, көбі мұнай екені даусыз. Ол импортымыз 50 млн долларға жақындаған. Сол себепті Таяу Шығыстағы жанжалдың тез аяқтал­ғаны керек бізге. Әйтпесе, «қазаны бөлек­тің қайғысы бөлек» деп отыра беруге болар еді. Бірақ олай болмай тұр.

 

Ардақ СҰЛТАН