Екі күннің бірінде түрлі деңгейде атыс болып жатады. Бірақ осы жолы аймақта адам қаны судай төгілді. Екі жақтың да шығыны аз емес. Ұрысты бастаған «Хамас» тобы еді. Ал қазір Израиль хамастықтар шабуылына еселеп қарымта қайтарып жатыр. Газа секторын жермен-жексен етуге бел байлаған сыңайлы.
Тамыры тереңге кеткен шиеленіс
Негізі, Араб-Израиль қақтығысының тамыры тереңге кетеді. ХІХ ғасырда Осман империясының құрамында болған аумақтарда өршіген ұлтшылдық қозғалыс еврей халқының да екі мың жыл бұрынғы атақонысына оралуының басы болды. Кейін Ұлыбритания, Еврей ұлты өкілдерінің Плаестина жеріне орнығуына мүдделі болды да, көші-қонды қолдады. Сөйтіп, 1917 жылы Ұлыбритания сыртқы істер министрі Артур Бальфурдың британиялық еврей қауымдастығының өкілі лорд Ротшилдке жазған әйгілі хатынан кейін Израиль мемлекетін құру идеясы ресми түрде басталды. Еврей қауымының Палестинаға көші ұлғайды. Араб-Еврей қақтығысы содан бері тоқтаған емес.
Тарихқа көз жүгіртсек, өткен ғасырдың 40-жылдарына дейін арабтар да, еврейлер де түрлі бүлік ұйымдастырыпты. 1947-1948 жылдары екі халық бір-бірін қынадай қырды. Өңірдегі бүлік пен зорлық-зомбылықты тыю қиынға түсті. Ақыры 1948 жылы БҰҰ екі халық бірге өмір сүретін мемлекет құру бастамасын көтергенімен, оны арабтар қолдамады. Сөйтіп, Израиль мемлекеті құрылды да, Палестинадағы араб қауымы ел бола алған жоқ. Содан бері араб елдері мен Израильдің арасында бірнеше рет ірі соғыс болды. 1947-1948 жылдардағы Израильдің тәуелсіздік үшін соғысы, 1956 жылғы Суэц дағдарысы, 1967 жылғы «алты күндік соғыс», 1973 жылғы «қиямет күні соғысы», 1983 жылғы Ливан соғысы... Қысқасы, өңірде тыныштық ешқашан болған емес. Ал осы жолы әлемді дүр сілкіндірген «Хамас» ұйымы 1987 жылы құрылды. Мысырдағы радикал «мұсылман бауырлар» тобынан ресми түрде бөлінгені айтылады. Бірақ кейбір сарапшылар бұл ұйымның құрылуына Израильдің «Моссад» барлау қызметінің ықпалы болғанын айтады. Өйткені оған дейін Ясир Арафат жетекшілік ететін «Палестинаны азат ету ұйымы» палестиналықтарды біріктіруге қабілетті болған деседі. Әрі бұл қозғалыс 1964 жылы Араб мемлекеттері лигасының шешімімен құрылды. Сондықтан бұл қозғалысты әлсірету көзделуі мүмкін. Сөйтіп, «Хамас» тобы Ясир Арафаттың жетекшілігін мойындамайтын, радикал ұйым ретінде қызметін бастады. Ұйым қарумен ғана емес, саяси жолмен де күреске араласты. Мәселен, 2006 жылы «Хамас» Палестинаның заң шығарушы кеңесінің сайлауында басым дауысқа ие болды. Бірақ кейін бұл орган дұрыс жұмыс істеген жоқ. Қарулы топ Газа секторында билік жүргізді. Тіпті, Палестинаны азат ету ұйымының күштерімен әскери қақтығысқа дейін барды. Осылайша, түрлі радикал топ паналайтын ұйымға айналғаны бар.
Израиль де қарап қалған жоқ. Палестина жерін шетінен «кеміріп» келеді. 1948 жылдан бері Палестина аумағы бірнеше есе кішірейіп, көптеген елді мекен Израилдің иелігіне өткен. Әрі еврей қауымы Иерусалим қаласын Израильдің астанасы етуге мүдделі. Ал арабтар қаланың шығыс бөлігін иелік етуге келіскен сыңай танытқан. 1967 жылға дейінгі шекара қалпына келтірілсе, қаланың шығысы палестиналықтардың иелігіне өтуге тиіс. Дегенмен дәл осы «Хамас» тобы қала толық палестиналықтардың иелігінде болуы керек дейтін позицияны ұстанады. Оны болашақ мемлекеттің астанасы ретінде бағалайды.
Бірақ соңғы жылдары Израиль қаланың шығыс бөлігіне қатысты саясатын да өзгертіп келеді. Иерусалимді тұтас иеленіп, елдің астанасы етуге ұмтылған әрекет байқалады. Содан болар, кейбір мемлекеттер өздерінің Израильдегі елшіліктерін Иерусалимге көшірді. Олардың қатарында АҚШ та бар. Дональд Трамп президент болып тұрғанда, 2018 жылы АҚШ өз елшілігін Иерусалимге көшірген. Бұл – де-факто Иерусалимді Израиль астанасы ретінде мойындау деген сөз. Ал БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі 1980 жылдың 20 тамызында №480 резолюциясын қабылдап, Израильдің Шығыс Иерусалимге иелік ету қақын жоққа шығарған. Әрі ұйымға мүше елдерді өз дипломатиялық өкілдіктерін қаладан шығаруға шақырған. Бірақ БҰҰ қарарлары әдетте мәлімдеме деңгейінен аспай жататыны бар.
Ал соңғы жарты ғасырда Израильге ең үлкен шабуылдың басталуына Тель-Авивтегі саясаткерлердің Иерусалимге қатысты ұстанымы да әсер етуі мүмкін. Бірақ қалай болғанда да «Хамастың» Израильге шабуылын ақтауға болмайды.
Соғыс қалай басталды?
Израиль-Палестина жанжалындағы соңғы қантөгіс 7 қазанда басталды. Сол күні «Хамас» тобы бірнеше бағытта Израильге шабуыл жасады. Әу баста зымырандармен атқылады, одан соң дрон қолданды, кейін шекарадағы бөгеттерді бұзған қарулы топтар Израиль жеріне кірді. Хамастықтар алғашқы күні 2 500-5000 аралығында зымыран атқан. Дрондар да көп. Ал Израиль жеріне басып кірген қарулы жасақтар саны 1 500 адамды құрағаны айтылды. Алғашқы күні қарулы топ бірнеше елді мекенді, әскери базаны басып алған. Соңғы деректерге қарағанда Израиль жағынан 1 300 адам мерт болған. Жараланғандар саны 3 700-ге жеткен. Хамастықтар тұтқындап әкеткен азаматтар саны 100-ден асады. Із-түзсіз кеткендер де кездеседі. Радикал көзқарастағы қарулы топтар Израильде көбіне бейбіт адамдарды өлтірген. Оған қақтығыс кезінде мерт болғандардың 139-ы ғана әскери қызметкер екені дәлел. Сол себепті әлемдік қауымдастықта «Хамас» тобының әрекетін айыптаушылар қарасы басым. Тіпті, АҚШ, Франция, Германия қатарлы елдер Израильмен одақтасатынын мәлімдеп үлгерді. Америкалықтар Жерорта теңізінде жүзіп жүрген ұшақ тасымалдаушы кемелерін Израильге қарай жақындатып келеді. Бір емес, екі алып кеме. Ал Израиль билігі елде соғыс режимін жариялап, резервтегі азаматтарды әскерге шақырды. Әскери әуе күштерінің көмегімен Газа секторын бомбалауға кірісті. Құрлықтан операцияны жұмада бастады. Операцияның алдында Израиль армиясының өкілдері БҰҰ-дан Газа секторының солтүстігіндегі 1,1 млн адамды оңтүстік аймақтарға көшіру жайлы ұсыныс айтыпты. 24 сағат ішінде. Бұл жайлы Reuters хабарлады. Әрі сектор газдан, электр желілеріне, ауызсудан толық ажыратылған. Тель-Авив секторға өзге елдердің гуманитарлық көмегін де өткізбейтінін мәлімдеді. Демек, секторды бомбалау тіптен күшейе түсуі мүмкін.
13 қазанға дейін Израиль авиациясы Газа секторына 3 600 әуесоққы жасаған. Тасталған бомбалардың саны 6 000-нан асыпты. Ол бомбалардың жалпы салмағы 4 мың тоннаға жуықтаған деседі. Осынау атыс-шабыстан секторда 1 471 мың адам қаза тауып, 6 268 кісі жараланған. Құрбандар саны әлі де өсуі мүмкін.
Барлау қалай қапы қалды?
«Хамастың» Израильге шабуылына қатысты қазір түрлі қауесет пен сауал көп. Ақпараттарда фейк те, конспирология да тарап жатыр. Дегенмен «Моссад» қалай қапы қалды?» деген сауал біраз сарапшының басын қатырып жатқан сыңайлы. Өйткені бұл құрылым әлемдегі ең үздік барлау қызметінің бірі саналады. Палестинадағы агентуралық желісі мықты дамығаны айтылады. Сөйте тұра, «Хамастың» мыңдаған зымыран, дрон даярлап жатқанын білмей қалғаны таңғалдырады. Бірақ радикал топтың осы шабуылын 1973 жылғы соғыспен салыстыратындар да бар. Сол жылдың қазанында Мысыр мен Сирия Израильге тұтқиылдан шабуыл жасаған. «Моссад» елдің премьер-министрі Голда Меирге араб елдерінің шабуыл жасамақ ниеті бар екенін кеш хабарлағаны айтылады. Осы жолы Биньямин Нетаньяху «Хамастың» шабуыл жасайтынынан тым кеш хабардар болған деседі. Әскерилер де қателескен көрінеді. Газа секторының бір тұсынан шабуыл басталғанда барлық назарды сол бағытқа аударған. Ал шабуыл бірнеше бағытта өрбіді.
Сонымен қатар дрон шабуылын ұйымдастырған операторлардың қайда кеткені де белгісіз. Олардың тұтқынға түскені немесе көзі жойылғаны жайлы мәлімет жоқ. Әрі «Хамас» 2021 жылы түсірілген видео жариялады. Онда құбырлардан зымыран жасау технологиясы көрсетілген. Мұның өзі Израиль барлау қызметінің салғырттығын немесе шабуылды ұйымдастыру жоспарынан мүлдем хабарсыз болғанын айғақтайтын сияқты. Конспирологияға сенетіндер шабуылды израильдік арнайы қызмет өзі ұйымдастырып, әдейі арандатты деп бағалайды. Сөйтіп, үкіметке қарсы шығып, Нетаньяхудың позициясын әлсірете бастаған сайлаушыларды жұмылдыруды көздеді деседі.
«Қазаны бөлектің қайғысы бөлек» пе?
Израиль-Палестина қақтығысы Қазақстанға тікелей әсер етпегенімен, аймақ елдерімен арамызда сауда-саттық, экономикалық байланыстар да бар. Израильде қазақстандықтар білім алып, емделіп жүрген болуы мүмкін. Демалысқа баратындар да кездеседі. Демек, соғыстың алыста жатқан Қазақстанға да жанама түрде болса да әсері болады деген сөз. Сондықтан Қазақстан соғысып жатқан тараптарды сабырға шақырды. Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров арнайы брифинг өткізіп еліміздің ұстанымын айтты.
«Қазақстан көптеген бейбіт тұрғынның қаза болуына әкеп соққан Палестина-Израиль қақтығысының өршуіне терең алаңдаушылық білдіреді. Тараптарды ахуалды бейбіт жолмен шешу үшін саяси құралдар іздестіруге және тек екі мемлекет арасындағы ғана емес, жалпы Таяу Шығыстағы жағдайдың одан әрі ушығуына әкелуі ықтимал іс-әрекеттерге бармауға шақырамыз», – деді ресми өкіл. Әрі соғыс болып жатқан аймақтан азаматтарымызды эвакуациялау шаралары ұйымдастырылатынын мәлімдеген еді. Сөйтіп, 11 қазанда Тель-Авивтен Алматыға эвакуациялық рейс келді. Бортта болған 166 жолаушының 124-і Қазақстан азаматы екен. Осылайша, мемлекет өз азаматтарын соғыс өрті шарпыған аймақтан алып шықты.
Ал соғыстың Қазақстан экономикасына жанама түрде қалай әсер етуі мүмкін екеніне келсек, жанжал көпке созылса, Израильге сататын тауарымыздың көлемі төмендеуі мүмкін. 2023 жылдың өзінде Қазақстан Израильге 300 млн доллардан астам соманың тауарын сатыпты. Әлбетте, көбі мұнай екені даусыз. Ол импортымыз 50 млн долларға жақындаған. Сол себепті Таяу Шығыстағы жанжалдың тез аяқталғаны керек бізге. Әйтпесе, «қазаны бөлектің қайғысы бөлек» деп отыра беруге болар еді. Бірақ олай болмай тұр.
Ардақ СҰЛТАН