Атының өзі бесіктегі баланы шошытар бұл не қылған жүйе, оның жеңісі мен жетістігі, кемшілігі мен қасіреті қандай болды деген сұрақтарға міне талай жылдардан бері ғалымдар жауап іздеуде. Бұл тоталитарлық жүйенің ең көп зардабын тартқан халықтардың бірі – біздің қазақ халқы. Қазіргі қолда бар деректерге сүйеніп айтатын болсақ, жаппай қуғын-сүргін жылдары елімізде 105 мың адам ұсталып, оның 25 мыңы атылған екен. Яғни, бүкіл қазақ халқының бет қаймағы жазықсыздан-жазықсыз атылып кетті деген сөз. Сол мыңдаған жазықсыз құрбан болған қайраткерлердің қатарында қоғам және мемлекет қайраткері, облыстық және республикалық деңгейдегі партия, кеңес және шаруашылық салаларында еңбек етіп, артынан өшпес із қалдырған Зейнолла Төреғожиннің есімі өзіндік құрметке лайықты.
Зейнолла Сейітжанұлының өмірбаянына қатысты ұлттық энциклопедиямыздың деректеріне сүйенер болсақ, ол 1899 жылы бұрынғы Атбасар уезі Қызылкөл болысында (қазіргі Ақмола облысы) орта шаруа жанұясында дүниеге келген. Атбасардағы 2 сыныпты орыс-қазақ училищесін 1919 жылы бітірсе, мұғалімдер курсын 1920 жылы тәмамдаған. Зейнолла Сейітжантұлы – 1928–1929 жылдары Мәскеу қаласындағы сауда академиясында оқыған сол кезеңдегі санаулы қазақ жастарының бірі. Қазақстанда Кеңес өкіметі орнағаннан кейін, кеңестік билік жағына шығып, кеңестік билікті орнату жолында бел шеше еңбек етеді. 1920 жылы БК(б)П қатарына өтеді. 1921–1922 жылдары Атбасар уездік партия комитетінің хатшысы, ұйымдастыру бөлімі меңгерушісінің орынбасары, азық-түлік жөніндегі уездік комиссардың орынбасары, 1922–1924 жылдары Ақмола губерниясы жер бөлімі меңгерушісінің орынбасары, Ақтөбе уездік атқару комитетінің төрағасы болды. 1924–1927 жылдары Ақмола губерниялық кәсіподақ кеңесі төрағасының орынбасары, губерниялық сыртқы сауда бөлімінің меңгерушісі, Қызылжар өлкелік мемлекеттік банк кеңесі басқарушысының орынбасары болса, 1927–1928 жылдары Мәскеуде БОАК төралқасындағы Қазақстанның өкілетті өкілі болды. 1930 жылдан ҚАКСР жабдықтау халық комиссариатының бөлім бастығы. 1931 жылдың қаңтарынан қыркүйегіне дейін ҚАКСР жабдықтау халкомының орынбасары және Қазақ мемлекеттік сауда басқармасының төрағасы болды. Бұл кезеңде республика өте күрделі жағдай қалыптасқан еді. Қалыптасып отырған күрделі жағдайдың басты себептерінің біріне Голощекиндік басшылықтың жаппай ұжымдастыруды күштеп жүргізуі, мал басын колхоздарға жинау кезіндегі малға қажетті жем-шөптің, қора-қопсының болмауы салдарынан мал шаруашылығы орасан зор күйзеліске ұшырады. Қазақ халқы өзінің негізгі күнкөрінісінен айырылды. Осы кезеңдегі еліміздегі мал басының күрт кемуіне тікелей орталықтың жүргізіп отырған саясаты да өз әсерін тигізді. Мәселен, 1929 жылы 20 желтоқсанда орталық партия комитеті «Ет проблемасын шешуге байланысты шаралар» қаулысын қабылдады. Осы қаулы негізінде «Одақтық ет өнімдері» акционерлік қоғамдары құрылып, бұл қоғамдар тікелей Мәскеу мен Ленинградты және тағы да басқа Ресейдің өндірісті орындарын етпен қамтамасыз етуге тиіс болды. Аталған өңірлерді етпен қамтамасыз ету тікелей Қазақстанға жүктелді. Міне, сондықтан да республикамызда ет өнімдерін дайындау науқаны «қарқынды» жүргізілді. Бұл өз кезегінде қазақтың негізгі күнкөрісі мал шаруашылығының күйреуіне алып келді. Еліміздегі ұжымдастыруды жүргізу науқанын «аса қарқынмен» орындауға кірісіп кеткен Голощекин бастаған әпербақандардың мал шаруашылығына қырғидай тиген әрекеттеріне алғашқы болып қарсы тұрған, оның арты үлкен зардаптарға ұрындыратыны жөнінде дабыл қаққан қайраткерлердің бірі Зейнолла Сейітжанұлы болатын.
1931 жылы Ф.Голощекин басқарған өлкелік партия комитеті ет дайындау жоспарына байланысты республикадағы мал санын анықтау мақсатында арнайы комиссия құрды. Бұл комиссияны үкімет төрағасы О.Исаев басқарды. Комиссияға сол кезеңде Қаз АКСР жабдықтау халкомының орынбасары болып істеп жүрген Зейнолла Сейітжанұлы республика қазіргі уақыттағы қалған мал саны шамамен төрт жарым, бес миллион деген шынайы мәліметті бере отырып: «дәл қазіргідей мөлшерде мал дайындау саясатын жалғастыра берсек, республика мал шаруашылығы бұған төтеп бере алмас» деп қаймықпай шындықты мәлімдеді. 1931 жылдың өзінде-ақ шамамен бес миллиондай ғана мал басы қалды деп, батыл түрде дабыл көтерген азаматтың пікіріне құлақ түру былай тұрсын, голощекиндік билік қайта оған қарсы баспасөз бетінде партия пленумының қарарларында негізсіз айыптар тақты, оны қолдағандарға «төреғожиншілдік» деген айдар тағып, қуғынға ұшыратты. Өз басынан сөз асырып көрмеген Голощекинге де бұл шынайы шындық әрине ұнамады. Республика өміріндегі келеңсіз әрекеттерді батыл ашып көрсетіп отырғандардың бәрін өзіне қарсы шығушылар деп қабылдайтын ол шындықты айтушы қайраткерлерге қарсы күресін «белсенді» жүргізетін. Бұл жолы да Голощекин бұған дейін де қалыптасқан күрең жолынан айнымай, Зейнолла Сейітжанұлын «жаңа пернедегі ескі жыр немесе оппортунизмнің ескі шапанын жамылған жас көсем» деп айыптады. Зейнолла Сейітжанұлын айыптау Голощекинмен шектелген жоқ. Оның дәстүрлі мал шаруашылығын сақтау, қорғау жолындағы ұсыныстарына қарсы үкімет төрағасы О.Исаевтан бастап, билік басында отырған тағы да басқа мансап қуушылар өре түрегеліп қарсы шықты. Баспасөз бетінде Зейнолла Сейітжанұлын айыптаған мақалалар жазып, «ескіні көксеген, зиянкес» деп қаралады. З.Төреғожин туралы «Большевик Казахстана» журналында П.Исаков деген былай деп жазды: Баланста оңшыл оппортунистік, механикалық методологияның түпкі мәні, теориялық дәрменсіздік айқын көрініс тапқан. Автор мал басы есебінің азайып кеткендігін бетке ұстаған. Бұл соңғысы – факт. Бірақ арам уклонист бұл фактіден басқа неғұрлым маңызды экономикалық және саяси өзгерістерді... «социализмнің шын өсіп келе жатқанын көрмеді». Осындай негізсіз айыптаулар мен қуғындаулардан кейін З.Төреғожин қызметінен алынып, Алматы облысы Іле ауданындағы қой кеңшарының директоры қызметіне жіберілді. Ал О.Исаев басқарған комиссия елімізде 14-15 миллион мал басы бар деген қорытынды жасаған. Голощекиндік өлкелік комитет олардан да асып түсіп, Қазақстанда 21 млн мал басы бар деп мәлімет береді. Сол кезеңдегі үкіметті басқарып отырған О.Исаевтың және тағы басқалардың Зейнолла Төреғожин айтқандай, мал шаруашылығының апатты жағдайға ұрынғанын көрмеуі мүмкін емес. Бірақ олар тарапынан елде болып жатқан ауыр әлеуметтік-экономикалық жағдайға шынайы талдау жасалмады. Аштан, суықтан өліп жатқан малдың басын сақтап қалу, мал басын сақтау арқылы қазақ халқының өзінің өмірін сақтап қалу үшін ешқандай да нақты қадамдар жасалған жоқ. Көпірме жалған ұрандармен қазақ ауылдарын ұжымдастыруды одан әрі жалғастырып, халықтың аштыққа ұрынуын одан әрі тереңдете түсті. Егер де Зейнолла Сейітжанұлы сияқты қайраткерлердің жанайқайына құлақ түріп, дер кезінде қажетті жағдайларды жасағанда әлі де болса, миллионнан аса жанның өмірін сақтап қалуға мүмкіндік бар еді.
Зейнолла Сейітжанұлы 1931–1935 жылдар аралығында әуелі Алматы облысындағы қой шаруашылығының, одан соң Шығыс Қазақстан облысы Павлодар ауданының қой кеңшарының директоры және Ақтөбе қой өсіру тіресінің директоры болып абыройлы еңбек етіп, мал шаруашылығының білікті маманы ретінде және ұйымдастырушылық жұмыстарда өзін көрсеткеннен кейін 1936 жылы Қазақ КСР-і астық және мал шаруа-
шылығы кеңшарлар халық комиссарының орынбасары лауазымына жоғарылатылды. Өкінішке қарай, бұл оның өміріндегі соңғы қызметі болатын. Бүкіл қазақтың зиялы қауымын, ұлт жанашырларын айналып өтпеген сталиндік жаппай қуғын-сүргіннің қанды тырнағына Зейнолла Сейітжанұлы да ілікті.
Төреғожин 1937 жылы 15 шілдеде НКВД тарапынан тұтқындалып, оған: «1935–1937 жылдары Қазақстанда болған контрреволюциялық буржуазиялық-ұлтшыл, төңкерісшіл-лаңкестік және диверсиялық-зиянкестік ұйымның белсенді мүшесі» болды деген айып тағылды. Қайраткер тұтқынға алынғаннан кейін-ақ, артынша көп ұзатпай НКВД-ның жетегіндегі партия ұйымы істің артын күтпей-ақ одан бас тартты. 1937 жылы 8 тамызда өткен БК(б)П Алматы қалалық партия комитетінің бюро мәжілісінде Зейнолла Сейітжанұлының мәселесі қаралып, мәжіліс 21 шілде күні Фрунзе аудандық партия комитеті қабылдаған: «буржуазияшыл-ұлтшыл, халық жауы ретінде партия қатарынан шығарылсын» деген қаулысын бекітеді.
Зейнолла Төреғожин жазықсыз қудаланып, қамауда жатқан кезінде оны қаралау әрекеттері жан-жақты жүргізіліп жатты. Мәселен, 1937 жылдың 2 тамызы күні «Социалистическая Алма-Ата» газетінде Г.Матвеев дегеннің мақаласы жарияланды. Мақала авторы ҚАКСР кеңшарлар халық комиссары Х.Дүйсеновтен бастап, наркоматтың қызметкерлері А.Матусевич, З.Төреғожиндерді сын тезіне алады. Оны ұлтшыл-фашистік ұйымның белсенді мүшесі деп айыптаумен қатар, З.Төреғожин ауру малдарды совхоздарға сатуға бұйрық берді деп кінәлай келе, «З.Төреғожин қамалғаннан кейін де біраз уақыт өткеніне қарамастан, ол қабылдаған бұйрықтар мен нұсқаулар әлі күнге дейін күшінде. З.Төреғожин қабылдаған қызметкерлер наркоматта жұмыс істеп келеді. Олар З.Төреғожинді мықты басшы, өз ісіне берілген қызметкер деп есептейді», – деп жазды. 1937 жылдың 24 шілде күні төртінші бөлімінің бастығы В.Иванов тарапынан жүргізген алғашқы тергеуде: «Сіз антисоветтік ұлтшыл ұйымның құрамында болып, тұтқындалғанға дейін антисоветтік жұмыстарды жүргізгеніңіз үшін айыпталып отырсыз. Осыған сіз өзіңізді кінәлімін деп мойындайсыз ба?» деген сұраққа «өзімді кінәлімін деп танымаймын» деп жауап беріпті. Ал сол алғашқы тергеуден бірнеше күн өткеннен кейін 29 шілде күнгі тергеу барысы мен тергеуде берілген жауаптар басқа арнада өрбіген. Назар аударатын бір жағдай, 29 шілде күні болған тергеу барысына тікелей Қазақ КСР Ішкі істер халық комиссары Л.Залин қатысқан. Бұдан НКВД жендеттерінің Зейнолла Сейітжанұлының ісіне аса зор мән бергенін байқаймыз. Және олар көздеген мақсатына жеткен секілді. Яғни, жинақтап айтқанда, 29 шілде және 1 қыркүйек күндері өткізілген тергеуде Зейнолла Сейітжанұлы өзін «кінәлімін» деп мойындап, қамауға алынғанға дейін антисоветтік ұлтшыл ұйымның белсенді басшыларының бірі болғанын, Қазақстанда капитализмді орнату үшін күрескенін, оған 1935 жылдың аяғында
Н.Нұрмақов тартқанын көрсетіпті. Азаптап қинау, жалған куәларды ұйымдастыру, тергеуде жатқан айыпталушыларды бір-біріне қарсы арандатып, айдап салу айла әрекеттері арқылы тар қапастың зардабын тартып жатқан қайраткерлерді өздері істемеген істерге мойындатудың неше түрлі әдіс-тәсілдерін меңгерген НКВД-ның жендеттері Зейнолла Сейітжанұлын да мәжбүрлеп мойындатқызған. Яғни, неше түрлі қылмыстарды мәжбүрлеп мойындатқаннан кейін, ол «жасаған» қылмыстардың аясы кеңейіп, 1937 жылы 20 қазанда Зейнолла Сейітжанұлына қосымша айыптар тағылды да, РКФСР Қылмыстық кодексінің 58-бабының 2, 8, 9 және 11-бөлімдері бойынша қосымша айыптар тағу жөнінде қаулы шықты. Сонымен, Зейнолла Сейітжанұлын тергеу ісі аяқталып, 1937 жылы 5 қарашада айыптау қорытындысы жарияланды. Айыптау қортындысында Қазақстанда жұмыс істеген антисоветтік ұлтшыл лаңкестік-төңкерісшіл және тыңшы-қаскөйліктің анықталғаны және жойылғаны, сондай-ақ бұл ұйымның өзінің алдына Кеңес өкіметін құлатуды, Қазақстанды қарудың күшімен КСРО-дан бөліп әкетуді және Жапонияның қол астындағы буржуазиялық Қазақ мемлекетін құруды мақсат еткені кең көлемде баяндалумен қатар, тікелей Зейнолла Сейітжанұлына мынадай айыптар тағылды: «З.Төреғожин Мәскеуде жұмыс істеген антисоветтік ұлтшыл ұйымның басшылары Нұрмақов, Рысқұлов және Қожановтар мен Қазақстандағы ұлтшыл ұйымдардың арасындағы байланысшы болды. Н.Нұрмақовтың тікелей тапсырмасымен Қазақстандағы ұлтшыл ұйымдарға орталық Мәскеудің нұсқауларын жеткізіп отырды. Атап айтқанда:
а) Қазақстандағы халық шаруашылығы саласында қастандық зиянкестік жұмыстарды өрістету;
б) Кеңес өкіметі мен партия басшыларына қарсы лаңкестік әрекеттерді жүргізуге дайындалу;
в) төңкерісшіл мамандарды тарту нәтижесінде шетелдік интервенция қарсаңында қарулы көтеріліс жұмыстарын жүргізу;
г) кеңестік билікке қарсы халықтың наразылығын туғызу және колхоздық құрылысты жаман етіп көрсету жұмыстарын жүргізу;
д) оңшылдар, троцкишілер және ұлтшылдардың ұйымдасқан блогын құру».
Бір басына осыншама «қылмыстарды» арқалаған Зейнолла Сейітжанұлының ісін қарау КСР одақтық жоғары соты әскери коллегиясының қалауына жіберілді. 1938 жылы 25 ақпанда өткен әскери коллегияның сот мәжілісінде Зейнолла Сейітжанұлы өзін «кінәлімін» деп мойындамады және бұған дейін берген жауаптарынан бас тартқан. Десек те, әскери коллегияның қарамағына іліккен қайраткерлердің істерінің барлығы сотта қаралды дегеніміз болмаса, аты бар да заты жоқ сот мәжілістері формалды түрде өткізіліп, адам өмірі аяқасты етіліп отырды. Зейнолла Сейітжанұлына қатысты сот процесі де солай болып шықты. Ол әскери сот коллегиясының шешімімен РКФСР қылмыстық кодексінің 58-бабының 2, 8, 9 және 11-бөлімдері бойынша айыпталып, ату жазасына кесілді және ату жазасы да сол күні орындалған.
Зейнолла Сейітжанұлының отбасы жөнінде де бірер сөз. Қайраткер тұтқындалған кездегі толтырылған анкетада: әйелі Хадиша, ұлдары Арыстан, Рүстем, Марат, Мұрат, қарындасы Салжан, інісі Абдусадық. Асырауында жеті адам бар делінген. Хрущев «жылымығы» жылдары бұрын жазықсыз жазаланған тұлғалардың туған-туыстары өздерінің жақын жандарын іздестіру жұмыстарын жүргізгенде Зейнолла Сейітжанұлының үлкен ұлы Арыстан Төреғожин КСРО-ның бас прокуроры Руденконың атына 1955 жылы
2 шілдеде жазған шағым арызында: «Қазақ КСР астық және мал шаруашылығы кеңшарлар Халық комиссарының орынбасары болып істеген менің әкем Зейнолла Төреғожин 1937 жылы жаз айында Қарағанды қаласында іс-сапармен барғанда НКВД тарапынан тұтқындалған. Содан бері біздің жанұямыздың әкемізден ешқандай хабары жоқ. Мен өзім 1942 жылдан бері ВЛКСМ мүшесімін, бірақ біздің жанұямызға жағылған қара таңба менің және менің бауырларымның артынан қалмай келеді. Жоғарыда айтылған жәйттерге байланысты, заңды талап ету бойынша Зейнолла Төреғожиннің қылмыстық ісін алдырып және тексеріп, нәтижесін мына адреске хабарлауыңызды өтінемін» деп, әкесінің ісіне байланысты істің ақ-қарасын анықтап беруді сұрайды.
1957 жылы 30 мамырда өткен КСРО жоғарғы әскери алқасының соты бас әскери прокурордың қортындысында айтылған: «Зейнолла Төреғожиннің ісінде қылмыстық құрамның жоқтығы, Төреғожин негізсіз сотталған, оның ісіндегі материалдар бұрынғы НКВД қызметкерлерінің қолдан бұрмаланған істері» деген тұжырымдармен келісе отырып және қосымша тергеу материалдарын да тексеріп, «КСРО жоғарғы әскери коллегиясы Зейнолла Төреғожинге қатысты шығарылған КСРО жоғарғы әскери алқасының үкімі жойылсын және құрамында қылмыстың болмауына байланысты ол жөніндегі іс қысқартылсын» деген шешім шығарады.
Осылайша, арада 19 жыл өткеннен кейін ардақты азаматтың асыл есімі ақталып, «Халық жауы» деген қара күйе жаласы алынған болатын.
Халқымыздың тарихында есімі елеусіз қалып, еленбей келе жатқан тұлғалар қаншама! Ер есімін ардақтау, елге таныту, үлгі тұту – елдіктің белгісі. Осы тұрғыдан алғанда, Зейнолла Төреғожин сияқты қайраткерлерге лайықты құрмет көрсету бойынша алдымызда көптеген жұмыстар тұр!
Досалы САЛҚЫНБЕК, Қ.Сәтбаев атындағы ҚазҰТЗУ профессоры