Қазір орталықта төрт әйел мен бес бала тұрып жатыр. Орталық жетекшісі Зәмзагүл Шканова ана үйіне көмекке мұқтаж әйелдердің көп келетінін айтады. Біз орталыққа барып, жұмысымен танысып көрдік.
Орал қаласындағы «Аналар үйі» осыдан 10 жыл бұрын ашылған. Идея авторы – белгілі кәсіпкер, меценат Айдын Рахымбаев. Жалпы, «Аналар үйі» республика бойынша әр қалада жұмыс істейді. «Аналар үйін» ашудағы мақсат – жетім балалардың санын көбейтпеу. Бұл ізгі мақсат орындалып та келеді. Орал қаласындағы «Аналар үйінің» жетекшісі Зәмзагүл Шканованың айтуынша, республика бойынша 7 мыңдай бала жетімдер үйіне тапсырылмай, өз аналарының құшағында қалған.
Жесірін жатқа бермеген, жетімін жылатпаған қазақы қасиет бүгінгідей қатыгездігі басымдау қоғамда керек-ақ. Осындай адамгершілік қадамға жергілікті кәсіпкерлердің барып отырғаны қуантады.
Оралдық кәсіпкерлер тағдыр ауыртпалығын арқалаған осындай аналарға қолдау көрсетуде. Атап айтсақ, қаладағы «Ана үйіне» белгілі меценаттар Самат Дауымов пен Болат Каримов қол ұшын беріп отыр екен. Осындай кәсіпкер азаматтардың арқасында басына іс түскен әйелдер жылы жерде сәбилерін бағып, өмір сүруде.
Әкесі баладан бас тартып, алданып қалған қыздарды көбіне туыстары қабылдамайды. Қиын жағдайға душар болған қыз босанған соң баласын тастап кетудің амалын іздеуі мүмкін. Осындай күрделі тағдыр иелері туралы «Аналар үйіне» емханалар мен перзентханалар хабар береді екен. «Аналар үйінің» қызметкерлері дереу әйелге көмек қолын созады. Жататын жылы орын, тегін тамақ сәбиге керектің бәрі осы жерден табылады. Орталық әйел адам толықтай аяққа тұрып кеткенше қолдау білдіреді.
Орталық жетекшісінің сөзінше, «Аналар үйіне» келуші әйелдер көп. Биыл 23 әйел балаларымен келіп, паналапты.
– Қазір орталықта төрт ана мен бес бала тұрып жатыр. Негізі, орталық 12 адамға арналған. Біздің мақсатымыз – жетімдіктің алдын алу. Өмірдің қиын жағдайында қалған әйелдер баласынан бас тартпасын дейміз. Айналасынан, туыстарынан қолдау таппаған әйелдер кішкентай сәбилерімен келіп тұрады. Біздің орталықта аналар алты айға дейін тұра алады. Психологиялық, медициналық көмек көрсетеміз. Құжаттарын түгендейміз, көп әйелдер құжатсыз келеді. Әйелдер бұл орталықта тегін тұрады. Тамағы бәрі тегін. Бізге ол жағынан меценаттар көмектеседі, – дейді Зәмзагүл Шканова.
Орталықтың ашылғанына 10 жыл болған. Осы жыл ішінде 300-ге жуық ана орталық қызметін алған. Соның ішінде баласынан бас тартуды көздеген 120 ана болыпты. Ана үйінің психологтері көмегімен олар өз балаларынан бас тартпай, ол ойларынан айныған. Яғни, 120 бала жетімдіктен аман қалған.
Орталық ішінде арнайы мамандар жұмыс істейді. Ең негізгі адам – психолог. Себебі тағдырдан теперіш көріп, басын тауға да, тасқа да соғып есеңгіреп қалған әйелге бірінші орында қолдау керек. Аналар үйінде әйелдерге медициналық, психологиялық көмек көрсетіледі. Балаларын бабақшаға орналастырады, өздеріне жұмыс тауып береді.
– Біздің орталық – ресурстық орталық. Біз әйелдерге жол сілтейміз. Өкінішке қарай, бізге келетін көп әйел сауатсыз. Ең қарапайымы құжатын да рәсімдемей жүре береді. Айналып келгенде өзінде құжаты жоқ әйелдің баласына құжат жасата алмай тағы қиналамыз. Жоғалтып алса, қайда барып кері рәсімдеу керек, ол үшін не істеу керек, жұмыссыз ретінде қайда, қалай тіркелу керектігін де білмейді. Медициналық тексерістен де өтпей жүре береді. Алдымен емханаға жіберіп, тексерістен өтуін сұраймыз. «Балаңды дәрігерге көрсет» дейміз. Былай қарасаң қарапайым дүниелер ғой, бірақ осыны өздері жасауға сауаттары жетпейді, жүре береді. Біз осындай қарапайым қағидаларды айтамыз, жол көрсетеміз, – деп қынжылады орталық жетекшісі Зәмзагүл апай.
Жасыратыны жоқ, «Аналар үйін» паналап көбіне жетімдер үйінің түлектері келеді. Себебі олар өздері жетім өскен. Қолдайтын, қорғайтын ешкімі жоқ. Одан бөлек, материалдық көмек сұрайтын жалғызбасты аналар мен туысынан пана таппаған жас әйелдер де келеді екен.
– Қазір көбіне әйелдер материалдық жағдайын айтып шағымданады. Үкіметтің балаға беретін ақшасы мардымсыз, баланың жөргегінен ауыспайды деп ренжиді әйелдер. Тағы бір басты проблема – ауылдан қалаға келетін әйелдердің мәселесі. Үйі жоқ, күйі жоқ әйелдер негізі сол ауылдық жерден қолдау табуы керек қой. Қалаға келіп, олар одан сайын қиналады, – дейді Зәмзагүл Заитқызы.
Білім басқармасының мәліметінше, БҚО-да бүгінде ата-ананың қамқорлығынсыз қалған 745 бала бар. Облыста ата-анасыз қалған жетім балалар «Мейірім» бөбектер үйі мен «Отбасы үлгісіндегі балалар ауылында» тәрбиеленеді.
– Біз орталыққа кейде баланы перзентханадан алып келеміз. Бұл жерде бауырсақ пісіріп, шілдехана жасап, баланы бесікке саламыз. Ұлттық салт-дәстүрдің бәрін жасаймыз. Ондағы мақсатымыз – жас аналардың бойына ұлттық құндылықтарды сіңіру, бала мен әйел арасына байланыс орнату. Өкінішке қарай, бізге келетін әйелдер ең қарапайымы баласын дұрыс емізуді де, жуындыруды да білмейді. Оларға ешкім үйретпейді. Қазір тұрып жатқан әйелдердің бәрі – жетімдер үйінің тәрбиеленушілері, – дейді орталық жетекшісі.
Біз барған күні орталықта 4-5 әйел бар екен. Олардың бірінің егіз бөпесі бар. Біз аз-маз әңгімеге тарттық.
– Мені осында алып келді. Босанғаныма бір айдан асты. Негізі, үйім, күйеуім бар. Тек үй балалар үшін тұруға қолайсыз деп бізді осында әкелді. Қазір бөпелеріме қарасатын апайлар бар. Олар тыныш ұйықтайды. Жолдасым үйді жылытып, ыңғайлағасын өз үйімізге кетеміз, – дейді орталықтағы жас аналардың бірі.
Ал екінші келіншектің өзі жетімдер үйінің түлегі екен. Қазір аналар үйінде үш баласымен тұрып жатыр.
– Маған мұндағы қызметкерлер жұмыс тауып берді. Баламды балабақшаға орналастырды. Қазір жағдайым жақсы. Емханаға барып, қаралып жүрмін. Аналар үйінің бар екені қандай жақсы, мына суықта баламен қайда барар едік, – деді ол.
Аналар үйінің жетекшісі Зәмзагүл Шканова осы орталықтағы әр әйелдің анасындай, ал балалардың әжесіндей болып кеткен. Айналып, толғанып. бала бағып жүргені. Жүректе мейірім болса өз балаң да, өзгенің баласы да сыяды екен-ау деп қайттық орталықтан.
Жанат ҚАЙЫРҒОЖИНА, Батыс Қазақстан облысы