Егістік алқаптарында биыл бидайдың сапасыз әрі тым аз екені айтылып та, жазылып та жатыр. Диқан қауымын дабыл қақтырған жағдайдан кейін ақмолалықтар да нан бағасының күрт өскенін айқын сезінді. Дүкен сөрелерінде нан бірден 15-20 теңгеге дейін қымбаттап шыға келген.
Елдің ауыл шаруашылығы саласының басты драйвері – теріскей облыстарда астық көлемі мен сапасының тым аз болатыны туралы болжамды күні бұрын облыс әкімдіктері де, Ауыл шаруашылығы министрлігі де айтқан. Жаздың соңы толассыз ақ жауынға ілігіп, әбден сыз тартқан бидайдың басы тұтастай көктеп кетіп, малға жем ретінде пайдаланбаса, нан пісіруге мүлде жарамсыз болып шыға келді. Жария болған жағымсыз жайтты дереу бас пайдасына жаратпақ болған пысықайлар, биылғы астық әлі түспестен бағаны дереу қымбаттатып, өңірдің барлық азық-түлік сауда орындарында бағаның қымбаттауына негіз болған.
Астықты аймақтардың бірі – Ақмола облысында да нан бағасы күрт шарықтап кеткені тұрғындардың ашуын туғызды. Диірмендерден шыққан ұн бағасы көтеріліп, оның соңы дүкен сөрелеріндегі нанның бағасының шарықтап кетуіне негіз болыпты-мыс. Өңірдің барлық аймағында нан бағасының қымбаттап кеткеніне налыған жұрт әлеуметтік желілер арқылы да жергілікті билік органдарына наразылықтарын білдіріп жатыр.
Өңірде нан бағасы бұған дейін де бірнеше мәрте көтерілген. Мәселен, тек өткен жылдың соңында ғана Көкшетау қаласындағы тұтас қаланың 10 пайыздан астамын ас атасымен қамтамасыз етіп тұрған «Көкшетау нан зауыты» желтоқсанның соңында жабылып тынған. Зауытта жұмыс істеген 59 бірдей адам бір-ақ сәтте жұмыссыз қалған еді. Сонау 1952 жылдан бері ондаған нан өнімдері мен тоқаш түрлерін әзірлеп, келген зауыттың жабылғанынан кейін баға бірден 30 теңгеге көтерілген. Жүгенсіз кеткен нан бағасы бұдан кейін де тағы басқа да бірнеше себептермен көтерілгені рас.
Ал жоғарыда аталған соңғы жағдайдан кейінгі жаңа бидай қолға тимегенімен баға қымбаттап, шыға келгені тұрғындардың да ащы жанайқайын туғызды. Өйткені әлі пайдаланып көрмеген, тек «Астық шығымы биыл аз болады екен» деген желеуді пайдаланып көтергені тұрғындарға жығылған үстіне жұдырық болып тигендей әсер еткен.
– Көкшетауда нан мәселесі көптен бері аса күрделі жағдайда екенін халық көзімен көріп келеді. Кешкі 5-6-ға дейін нан алып үлгермесең кез келген дүкенде нан таусылып қалады. Тіпті, қымбат нанды да қаланы шарқ ұрып шырақ алып іздесең де таппайсың. Ал онымен қоса бағасы да күрт қымбаттап кетті. Былтырғы жылдың соңында ғана нан бөлкесінің орташа құны 120 теңге еді. Тұтас зауыт жабылып, бірден 30 теңгеге қымбаттады. Енді міне, осыған дейін 150 теңгеден алатын бөлке нанымыздың құны «Орталық базардың» өзінде 165-170 теңгеден сатылып жатыр. Бірақ соны бақылауға алған, яғни бағаны тізгіндеп ұстауға ұмтылған ешбір билік органы жоқ. Қарапайым халық қалтасын қақса да үнсіз қымбат нанды алуға мәжбүр болып отыр, – дейді Көкшетау қаласының тұрғыны Анар Асқарова.
Біз баға көтерілген базар саудагерлерінен нан бағасының қымбаттау себебін анықтамақ болып көрдік. Алайда дүкеншілер өздеріне жеткізушілердің бағаны көтергенінен нан бағасын көтергенін айтып ақталмақ болды.
– Иә, нан бағасының күрт көтерілгені рас. Баға 20 теңгеге қымбаттады. Бізге нан жеткізетін жеткізушілер де нан бағасын қымбаттатқан. Олардан сұрасақ, ұнның бағасы көтерілгеніне байланысты бағаны көтергенін айтады. Сондықтан нан бағасы көтеруге мәжбүр болдық, – дейді дүкен сатушысы Ольга Иванова.
Нан бағасының өңірде күрт шарықтап кеткенін жергілікті құзырлы органдар да мойындады. Алайда бағаны реттеуге тиіс органдардың өзі бизнестің мораторийдің болуына кәсіпкерлерді егер қандай да бір домалақ арыз түспесе тексерудің мүмкін еместігін айтады.
– Нан бағасының қымбаттап жатқанын байқап отырмыз. Дегенмен бұл қымбаттағаны – негізінен жоғары сұрыпты ұннан жасалған нан. Тексеруге тек бірінші сұрыпты ұннан пісірілген нан жатады. Қазір мониторинг жүргізіліп жатыр. Бұл нанға дүкен сөрелерінде қосылатын үстеме баға 15 пайыздан аспауы тиіс. Нан бағасының тұрақтылығын қамтамасыз ету мақсатында облысқа Ауыл шаруашылығы басқармасымен «Азық-түлік келісімшарт корпорациясына 5 300 тонна жеңілдікпен берілетін ұнға тапсырыс берді. Жақын арада ол ұн облыс аумағында меморандум арқылы шарт жасалған 11 диірменге беріледі. Әрине, арзан бағадағы ұнның келісі 90 теңгеден аспайды. Бұл ұн қаланы 56 пайыз және ауылды жерлерді 43,6 пайызға дейін қамтамасыз ете алады. Қазір облыс диірмендерінде екі айға жетерлік ұн қоры бар. Ал жоғарыда айтылған ұн жеткізілгеннен кейін ұн келер жылдың сәуір айына дейін жеткілікті болмақ. Бағаны жөнсіз өсіріп жатқан дүкендерді тұрғындар өздері бақылауға алып арыз берсе, біз тексере аламыз. Кәсіпкерлік субъектілеріне мораторий болғандықтан арызсыз тексеруге мүмкіндігіміз жоқ, – дейді Ақмола облысы Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің басшысы Ермек Әубәкіров.
Көпшілік жұрт нан бағасының күрт көтерілу себебін егін түсімінің аздығы мен сапасыздығы салдарынан деп бағаласа, облыстың Кәсіпкерлік және туризм басқармасы керісінше баға құнының шарықтауының бірнеше экономикалық себептерін атады. Аталған басқарма басшылығы да өңірде нан бағасының күрт өскені бақыланғанын мойындады. Басқарма басшысының айтуынша басты тағамның бағасының күрт аспандауына ауыл шаруашылығы факторлары емес электр энергиясына тарифтің өсуі, көлік шығындарының ұлғаюы, шикізат шығындары себепкер болған.
– Басқарма сауда және интеграция министрінің бұйрығымен бекітілген әлеуметтік маңызы бар 19 азық-түлік тауарларына мониторинг жүргізеді. Солардың бірі 1 сұрыпты нан болып табылады. Біздің байқауымызша, айдың соңына дейін нан бағасы шамамен 20 теңгеге дейін қымбаттаған. Біздің наубайханалар бірінші кезекте нан бағасының қымбаттауына электр энергиясы тарифінің өсуін, биылғы егін орағы науқанымен байланыстырады. Әрине, әзірге жаңа бидай нан пісіруге әлі түскен жоқ. Көлік шығындары көбейген. Мәселен, электр шығындары 30 теңгеден 34,33 теңгеге дейін қымбаттады. Кәсіпорындар сонымен қатар нан пісіруге қосымша қажет болатын қант, тұз басқа да қосымша тауарлардың да бағасының артқаны бағаны көтеруге себепкер болғанын айтады. Бізде ең арзан нанды «Ақсай нан» кәсіпорны шығаратын. Нан олардың павильондарында 100 теңгеден сатылды. Қазір «Ақсай нан» компаниясы да нан бағасын 115 теңгеге дейін көтеретінін айтып отыр. Басқа кәсіпорындар да 140 теңгеден 160 теңгеге дейін көтермек. Мәселен, ұнды бір кәсіпорыннан арзан бағада алып ол бірнеше тонна қалса, ол аяқталғаннан кейін жаңадан сатып алады. Осыған байланысты нан бағасы да қымбаттайды, – дейді Ақмола облысының Кәсіпкерлік және туризм басқармасының басшысы Ербол Оспанов.
Құзырлы органдар өңірдегі нан бағасы қымбаттауының осындай бірнеше себептерін атады. Дегенмен жұрт арасында әлі де болса ас атасының құнына қатысты наразылық басылар емес. Бұл орайда әлі түсіп үлгермеген бидай үшін тек жасалған болжам үшін бағаның шарықтауын тудыруына тосқауыл болмай ма деген тұжырым бар. Басқасы басқа, ас атасы – нанның бағасына тұрақтылықты қамтамасыз ету қажет-ақ...
Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, Ақмола облысы