Сондықтан да, биылғы қысқы жылу беру маусымын ауыл тұрғындарының көпшілігі алаң күйде қарсы алды. Өйткені бұрынғыдай орталықтандырылған жылу жүйесі жоқ, ал от жағып, күл шығаруға кейбірінің қалтасы жұқа, кейбірінің денсаулығы жарамайды.
Бір тәуірі, ауыл іргесінде газ тарату торабы бар. Көгілдір отынның қызығын пайдалануға мүмкіндігі бар тұрғындар үйлеріне газ құбырын тартып, қызығын көріп те жатыр. Дегенмен әлеуметтік жағынан мемлекеттен жәрдем, көмек тілейтін жандар да баршылық. Олар қайтпек? Үйлеріне газ тартуға өздерінің шамасы жетпесе, не істейді? Бұл мәселе Жезқазған қаласының әкімдігінде кеңінен талқыланды. Ақырында, қосымша шығын келтіретініне қарамастан, қалалық бюджеттен ауылдағы осал топтарға жататын тұрғындардың үйлеріне газ тартып беруді, қаржыландыруды жөн санады. Сөйтіп, ауылдан көмекке зәру деген 133 отбасы анықталды. Олардың әрқайсына 250 АЕК көлемінде көмек көрсетілу ұйғарылды.
– Әрине, әрбір тұрғынның жағдайы жан-жақты тексерілетін болады. Арнайы құрылған комиссия құжаттарды қарап, тиісті шешім қабылдайды. Егер талапқа сай келсе, міндетті түрде көмек көрсетіледі. Қазірдің өзінде 80 отбасы комиссияның оң бағасын алды. Бұл үйлерге газ құбырлары тартылып, қосылып та жатыр, – дейді Жезқазған қаласы Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Б.Әбенов.
Қабанбай ауылының байырғы тұрғындарының бірі, жасы 90-ға тақаған жалғызбасты Любовь Губа әжей үшін көмір түсіру, от жағу мүмкін емес еді. Жылу қазандығының жұмысын тоқтатқанын да естіген. «Қыстыгүні қайтер екенмін?» деп жүргенде «бізді әкімдіктегілер жіберді» деген екі-үш жігіт келіп, үйге газ жүйесін жүргізіп берді.
– Мұндай қуанбаспын. Жағдайымды айтып ешқайда да барған емеспін. Біз кешегі кездері сан қиындықты бастан өткердік қой. Сондықтан өз басым «анау керек, мынау керек» деп биліктегілердің мазасын алуды артық санайтын адаммын. Бұдан жаманымызда да тойға барғанбыз, елмен бірге көрермін деп жүргенмін. Көрмейсіз бе, Құдай қалай жеткергенін, – деген әжей бізбен әңгімесінде қала, облыс басшылығының атына алғыс, рахметін жаудырды. Қабанбай ауылындағы 25 отбасы әзірге көгілдір отынның қызметінен бас тартып отырған көрінеді.
– Өйткені біздің аймаққа көгілдір отын енді ғана келіп жатыр. Сондықтан оның келешегіне күмәнмен қарайтындар да, газға қосылу құнын қымбат санайтындар да, үйлерін бұрынғы үйреншікті жолмен, яғни көмірмен жылытуды қош көретіндер де баршылық. Біз өз тарапымыздан түсіндіру жұмыстарын одан әрі жүргізе беретін боламыз, – дейді Жезқазған газ шаруашылығының директоры Ғани Күлшімбаев.
Ең бастысы, Қабанбай ауылы қазандықсыз қалса да, алдағы қыста жылусыз қалмайды.
Майлыбай КЕТЕ, Жезқазған қаласы