Отандық білім жүйемізге дәл осы ұғымдардың сіңіп кеткеніне он үш жылдан аса уақыт өтті. Аз да емес, көп те емес. Бірақ шындап келгенде негізгі нысана санында емес, білім жүйесіне әкелген сапасында. Кейде еліміздің жоғары оқу орындарында Болон процесі жайлы аз-кем ақпаратты құлағымыз шалып жатады. Тіпті, университет қабырғасында Болон процесіне байланысты құрылған арнайы ұйымдар да жұмыс істейді. Бірақ олардың көздегені не? Болон процесінің өзі несімен ерекшеленеді?
Болон – жоғары білімнің еуропалық кеңістігін құру процесі. Ол жүйеге қосылудағы мақсатымыз – қатарынан оза шапқан оқу орындарының қолданысында жүрген озық тәжірибелерді өз елімізге енгізу. Болон арқылы білім саласына үш сатылы жоғары білім енгізу, академиялық кредиттер жүйесін қабылдау, еуропалық білімнің бәсекелестікке қабілетін арттыру көзделді. Студенттердің білім деңгейін бағалау кредиттік жүйе арқылы іске аса бастады. Болон процесінің идеясы студенттер үшін тиімді. Себебі елімізде еуропалық жүйеде оқытатын оқу орындарының студенттері үшін білімін шыңдау мақсатында бір семестр бойы Еуропа университеттерінде оқу мүмкіндігі қарастырылған. Бұл Академиялық ұтқырлық бағдарламасы негізінде жүзеге асырылады. Болон процесі аясында оқуын тәмамдаған бітірушілердің дипломы Еуропа елдері мен оқу орындары арасында мойындалады. Яғни, шетелде жұмыс істеп немесе білімін әрмен қарай жалғастыруға мүмкіндік бар деген сөз.
Болон процесінің тағы бір артықшылығы – студенттер өздері таңдаған курстар бойынша білім алады. Модульдік жүйе, электронды курстар, қашықтан оқыту – Болон жүйесінде көрсетілген басты тетіктер. Студенттердің білімі ECTS кредиттік жүйесі арқылы бағаланады. Кредиттік оқу жүйесі қазір Еуропаның біршама жоғары оқу орнында қолданысқа еніп үлгерген. Сонымен қатар міндетті пәндер мен таңдау пәндеріне арнайы кредит бөлінеді. Әр кредиттің белгіленген құны бар. Бұл тәсіл студенттің өздігінен ізденіп, қабілеттерін дамытуға жол ашады. Оқыту жүйесінде көрсетілген тағы бір маңызды тетік – студентке оқытушыны таңдау еркіндігінің берілуі. Білім алушы пәндер мен оқытушыны таңдау арқылы болашағына қажетті білімді бойына сіңіре алады. Аталған әдіс студенттің қажеттілігі үшін ғана емес, оқытушының біліктілігін арттыруда да тиімді. Себебі студентке қажет ресурстарды беру үшін оқытушылардың бір-бірімен бәсекелестігі артып, тәжірибесі заман ағымына қарай жаңарып отырады.
Ресми деректерге сүйенсек, Болон процесінің атауы алғашқы еуропалық университеттің отаны атанған Италиядағы Болонья қаласының құрметіне орай қойылған. Көптің талқылауына салынған оқыту жүйесін алғаш осы қалада қабылдаған. 1999 жылы 19 маусымда Болонья қаласында жиырма тоғыз еуропалық министрдің бірінші конференциясы өтті. Осы жиында «Болон декларациясы» қабылданды. Болон жүйесінің негізгі түп бастауы да осы декларациядан шыққан. Декларация қабылданған соң білім саласының өкілдері әр екі жыл сайын тұрақты түрде Білім министрлерінің басқосуын өткізуді негізгі жоспар ретінде бекітті. Олардың алғашқысы 2001 жылы Прагада, 2003 жылы Берлинде, 2005 жылы Норвегияның Берген қаласында, 2007 жылы Лондонда, 2009 жылы Лувен-ла-Невада, 2010 жылы Будапештте, 2012 жылы Бухарестте, 2015 жылы Ереванда өтті. Жыл сайын Болон жүйесіне қосылуға ниет білдірген мемлекеттердің қатары арта түсті. Әсіресе, 2003 жылы Берлинде өткен Білім министрлерінің басқосуында Болон декларациясына қол қойған елдердің саны қырыққа жетті.
Ал еліміз еуропалық білім жүйесін 2010 жылы 11 наурызда Будапешт қаласында өткен жиында қабылдады. Дәл сол жылдан бастап еліміз жоғары білім беру жүйесіне Болон процесінің параметрлерін белсенді түрде енгізе бастады. Айта кететін маңызды жайт, Қазақстан Болон жүйесін қабылдаған Орталық Азиядағы алғашқы мемлекет болып саналады. Бізден кейін көршілес Қырғызстан, Өзбекстан мемлекеттері қатарға қосылды.
Еуропалық білім жүйесінің идеясы ұтымды болғанымен, оған қарсы шыққан білім және ғылым саласының өкілдері де табылды. Әсіресе, Ресейдің белгілі ғалымы, М.Ломоносов атындағы Мәскеу Мемлекеттік университетін басқарған В.Садовничийдің көзқарасы көптің талқысына салынып, Болон процесіне қатысты мәселені ушықтыра түсті. Ғалымның айтуынша, Лиссабонда өткен Еуропа ректорларының конференциясында Болон процесі талқыға түскен. Барлық ректор еуропалық оқыту жүйесін ешбір жағдайда қабылдауға болмайтынын, университетті біріздендіру мүмкін еместігін ашық айтты. «Болон процесі еңбек интеграциясы үшін қажет болды және саяси себептердің басымдылығымен енгізілді», – дейді ол.
Болон процесі елімізге жеткенде, пікірлер ағыны екіге бөлінді. Бірі жүйені қолдап, оның білім беру саласында озық тәжірибе екенін айтып ағынан жарылса, екіншісі Болонның ұлттық ерекшеліктерімізге сай келе бермейтінін, білім алушының оқу үлгеріміне кері әсер ететінін айтып дабыл қаққан еді.
Әйгерім Кариева – Алматы Менеджмент университетінің үздік түлегі. Ол бакалавриатты менеджмент, кәсіпкерлік және маркетинг білім беру бағдарламалары бойынша тәмамдаған. Қазір аталған оқу орнынның «Жобаларды басқару» мамандығы бойынша 2-курс магистранты. Бакалавриатта үш бірдей мамандықты игеріп шыққан Әйгерім Болон процесінің талаптары студент үшін тиімді екенін айтады. Оның сөзінше, қазіргі білім беру жүйесі Болон процесіне негізделген принциптерге сәйкес келеді:
– Бірден үш мамандықты меңгеру – өзімнің жеке қалауым. Мүмкіндік берілсе қолдану керек қой деген ой болды. Осындай мақсатпен үш мамандықты меңгеріп шықтым. Алғашқы мамандықты еліміз жыл сайын бөлетін мемлекеттік грант арқасында игерсем, екіншісін Ержан Тәтішев атындағы қордан ұтып алған грант негізінде, ал үшінші мамандығымды университеттің ішкі грантын ұтып алып оқыдым. Иә, университетте оқу барысында осындай мүмкіндіктер беріледі. Ал оқытушылар мен деканат студенттерге білгенімен бөлісіп, қуана көмектеседі, – дейді.
Студентке берілетін еркіндік – баға жетпес мүмкіндік
Әйгерім әңгіме барысында өзі білім алған университеттің тәжірибелерін мысалға алды. Кейіпкеріміздің айтуына қарағанда, Алматы Менеджмент университеті АҚШ-тың үздік университеттерінің бірі – Arizona State University-мен серіктестік құрып, Cintana Education альянсының өкілі атанған. Осының арқасында студенттер жаңа білім беру бағдарламаларына оқуға түсе алады. Үш жылда АҚШ және Қазақстандық қос дипломның иесі атанып қана қоймай, Arizona State University репозиторийындағы баға жетпес материалдарға қол жеткізе алатын көрінеді.
– Қазақстандық білім беру жүйесі күннен-күнге жақсарып келе жатыр. Тәлімгерлер шетелдік оқу орындарынан тәжірибе алады. Ал университеттер әлемнің үздік оқу орындарымен серіктестік құру мүмкіндігіне ие болу арқылы бәсекеге қабілетті, инновацияларға толы, заман талабына сай білім беру бағдарламарын ұсынады. Кейбір жұмыс берушілер тек бакалавриат дипломын аяқталмаған жоғары білім ретінде қабылдауы мүмкін. Бұл, әрине, ыңғайсыз. Алайда әр маманның кәсіби дағдыларына байланысты жалақыдағы айырмашылықты жоюға болады. Оған қоса, мұндай жұмыс берушілердің саны күннен-күнге азаюда. Сондықтан студентке берілетін бостандық – баға жетпес мүмкіндік деп санаймын, – дейді Алматы Менеджмент университетінің студенті Ә.Кариева.
Бүгінде жылына мыңдаған студент Академиялық ұтқырлық бағдарламасының арқасында шетел асып, Еуропаның беделді университеттерінде оқу мүмкіндігіне ие болды. Қазақстанда Академиялық ұтқырлық бағдарламасының жүзеге асырылуы 2011 жылдан бастау алды. Ресми статистикаға сүйенсек, 2011-2020 жылдар аралығында жалпы бюджеттік және бюджеттік емес қаражат есебінен Академиялық ұтқырлық бағдарламасы бойынша білім алуға кеткен студенттер саны 17 007 адамды құрайды. Өркениетті мемлекеттердің оң тұстарынан біздің де үлгі алуымыз – даму баспалдағымызды ілгерілетуде маңызды қадам.
Дегенмен кейбір білім саласы мамандарының айтуынша, Болон процесінің олқылықтары да жоқ емес. Себептерін атап өтейік. Олардың сөзінше, біріншіден, Болон процесін сол күйінде қабылдап алуымыз білім сапасына айтарлықтай әсер еткен. Мысалы, қатарға бізден кейін қосылған Орта Азия елдері Болон процесінің елге қажет деп саналған тұстарын, әсіресе, тіл мәселесі тұрғысынан ұлттық ерекшеліктерін ескерді. Қоғамдық пәндердің барлығы өз ана тілінде өтілетін болды. 2012 жылдан бастап жоғары оқу орындары үш тілде оқытуды (көптілділік) және ағылшын тілінде білім беру бағдарламаларын жүзеге асырды. ЖОО оқытудың бұл әдісі – халықаралық білім кеңістігінде, еңбек нарығында мобильді, ағылшын тілін жетік меңгерген бәсекеге қабілетті мамандарды даярлау еді. Елімізде бұрын қазақ тілінде өтілетін пәндер ағылшын тіліне көшіп, оқу бағдарламасының үш тілде жасалуы талап етілді. Екіншіден, сарапшылар студенттер мен оқытушылардың, университеттің деңгейі балмен, одан қалса рейтингімен өлшенетінін алға тартады. Үшіншіден, ұлттың білімі мен ғылымы өз тілінде «сөйлемеуі». Университетте PhD докторанттары үшін Thomson Reuters, Scopus рейтингтеріне кіретін ағылшын тіліндегі журналдарға мақала жариялаудың міндеттелуі сөзімізге дәйек болмақ. Мұндай мәселе тек докторанттарға ғана емес, жоғары оқу орнының ұстаздарына да тән. Ұстаздардың еңбегі өздері жазған ғылыми зерттеу еңбектерімен емес, ақша төлеп, ағылшын тілді журналға жарияланған мақалалармен бағаланатыны өкінішті. Сәйкесінше, мақаласы ағылшын тілінде жарық көрген маманның рейтингі «айқайлап тұр».
Көбіне пәнді студенттің өзі таңдамайды
Жоғары білім беруді дамыту ұлттық орталығының дерегіне сүйенер болсақ, бүгінде еліміздегі жоғары оқу орындарының саны – 117, оның ішінде ұлттық университтер саны – 11, мемлекеттік – 27, халықаралық – 2, акционерлік университтер – 15, жекеменшік – 47, автономиялық университтер – 1 (Назарбаев университеті), азаматтық емес – 14 университетті құрайды. QAZBILIM GROUP компаниясының басқарма төрағасы Аятжан Ахметжанұлы отындық білім беру жүйесі Болон процесінің талаптарына толыққанды жауап бере алмайтынын, тіпті университет деп атауға келмейтін оқу орындарының барын айтып ашынады. Білім саласы төңірегінде маңызды сауалдарымызға жауап алу үшін сарапшы Аятжан Ахметжанұлымен байланысқа шықтық. Ол әлі күнге дейін күрмеуі шешілмеген мәселелерді шегелеп атап өтті:
– Қазақстандағы білім жүйесі Болон процесінің параметрлеріне толыққанды жауап береді деуге келмейді. Көрсеткішпен бағамдасақ, шамамен 50-60 пайыз беруге болатын шығар. Оның өзінде ұлттық, мемлекеттік санаттағы санаулы университеттер ғана. Еліміздің жоғары оқу орындарында көп жағдайда пәнді студенттің өзі таңдамайды. Оқыту пәндерін кафедра бекітеді. Тіпті, ұлттық университтердің өзінде кафедраның мүмкіндіктеріне қарай студенттерге оқыту пәнін өздері таңдап береді. Бірақ формалды түрде құжаттарында пәнді студенттер өзі таңдағандай етіп көрсетеді. Студенттер өз еркімен оқытушы мен пәнді таңдай алады деп айтып жатады. Бәлкім, кейбір университтердің оқыту жүйесінде қалыптасқан шығар. Егер студентке еркіндік берілсе, басқа әңгіме. Мәселен, бір мамандыққа дәрісті кафедрадан қай мұғалім өте алады деген сұрақ туындайды. Егер оқытушы мен пәнді кафедра шешетін болса, бұл жерде қандай еркіндік бар? Болон процесінің талаптары қайда? – дейді ол.
Аятжан Ахметжанұлы Болон процесінің отандық ғылымды дамытуда рөлі орасан екенін қоса айтты.
– Ғылымға қанша қаражат салсаң, сонша қайтарымын аласың. Ғылым кеңістікте жасалмайды. Зертханада, ғылыми орталарда жүзеге асады. Егер еліміздің білім жүйесінде Болон процесінің механизмдері дұрыс қолданылмаса, студенттердің сапалы білім алуы үшін тиімді деп айта алмаймын. Әлемге мақтанышпен көрсете алатын қандай ғылыми жаңалықтарымыз бар деген сұрақты өзімізге қойып көруіміз тиіс. Ғылыми мақалаларымыз өндіріске айналған кезде ғана пайдасын береді. Өкінішке қарай, бізде өндіріске айналған ғылыми жетістігіміз әзірге жоқ, – дейді ол.
Көпсалалық деген ұғымнан арылуымыз тиіс
Осы тұста сарапшыдан отандық білім жүйесіне қатысты айтар ұсынысын сұрап көрдік. Аятжан Ахметжанұлы материалдық базалардың жетіспеушілігі мен диплом сататын «жалған университеттерден» арылу, салалық университеттерді көбейту туралы шерін тарқатты:
– Химик ретінде айтар ұсынысым, жаратылыстану салаларының материалдық базасын жақсартып, зертханалардың деңгейін арттыру керек. Екіншіден, диплом сататын жалған университеттерден арылуымыз тиіс. Мұндай қитұрқы әрекеттерден тек нақты заңдық талаптар арқылы арыла аламыз. Сондай-ақ университтердің көпсалалығы деген ұғымды жою керек деп ойлаймын. Мысалы, әлемдегі білім деңгейі мықты, алдыңғы саптағы оқу орындары 30-ға жуық мамандық бойынша маман дайындайды. Ал бізде бір ғана ұлттық немесе өңірлік университтердің өзі 130-140-қа жуық маман әзірлейді. Бір университеттен 140 сала бойынша сапалы маман дайындау мүмкін емес дүние. Сондықтан салалық университеттер құрылуы тиіс, – дейді А.Ахметжанұлы.
Кел келген ұлттық болашағы алдымен білім ресурстарынан бастау алады. Өркениетті қоғам құру да, зияткер ұрпақ тәрбиелеп, ғылыми әлеуетті арттыру да түптеп келгенде ғылым мен білімге келіп тіреледі. Болон процесінің механизмдері елімізде қанатын кеңге жайып, келешекте өз жемісін береді деп сенеміз. Ең бастысы, ұлттық болмысымыз шырайын жоғалтпай, түп қайнарымыз боямасыз өз қалпында ертеңгі буынға жетсе екен...
Алтынай БАУЫРЖАНҚЫЗЫ, Алматы қаласы