Қарағанды облысындағы «ТехноИндустрия» ЖШС-нің 8 жұмысшысы 2 айдан бері жалақыларын алмаған. Мекеме басшысының Еңбек кодексін бұзып қана қоймай, қол астындағы қызметкерлеріне айлық төлемегені белгілі болды. Nur Otan партиясы Қарағанды облыстық филиалы мамандарының араласуымен мәселе оң шешімін тапты. Партия мүшелері өндіріс орнының басшысымен сөйлесіп, кездесуге шақырды.
– Басшылықтың жалақы төлейміз деген уәдесінен шаршадық. Сондықтан партияның қоғамдық қабылдау бөлмесіне бардық. Біздің мәселемізді тез арада шешкені үшін партиялықтарға алғысымыз шексіз. Олардың халықпен етене жақын жұмыс істеп жатқанына көзіміз жетті. Бірнеше ай бойы ала алмай жүрген жалақымызды аз уақыттың ішінде алып берген облыстық партия филиалының басшылығына ризамыз. Осы орайда біз өз азаматтық ұстанымымыз ретінде партияның алға қойған бағдарламаларын жүзеге асыруға атсалысып, алдағы іс-шараларға белсене қатысуға дайынбыз. Nur Otan партиясының келешекте халық үшін істеп жатқан игі істерінің нәтижелі болуын тілейміз, – деді «Техноиндустрия» өндірістік компаниясының көлік жүргізушісі Абай Әбдібаев.
Айта кетейік, кездесу нәтижесінде жұмыс берушінің жұмысшыларға 1 миллион 279 мың теңге жалақы қарызы төленді.
Әбілмансұр ЖАСАН