Біз Ақпараттық және есептеуіш технологиялары институты Ақпараттық қауіпсіздік зертханасының меңгерушісі, техника ғылымдарының докторы, профессор Рүстем Бияшевты сағына еске аламыз. Әңгімемізді ғылымға елеулі үлес қосқан, кісілік келбетімен өз ортасына шуақ шашқан ұстазымыздың өмір дерегін таратудан бастайық.
Жайдары мінезді ғалым
1,322
оқылды

Рүстем Гакашұлы 1938 жылы 11 наурызда Шымкент қала­­сында белгілі генетик-ғалым, өсімдік селекционері, Қазақ КСР Ғылым Академиясының академигі, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, про­фессор, ғылымға еңбек сіңірген қайраткер Бияшев Гакаш Заки­­ұлының (1906–1987) отбасында дүниеге келген. Рүстем бір жасқа толғанда, 1939 жылы ата-анасы Алматыға қоныс аударды. 1955 жылы Алматы қаласындағы №28 орта мектепті бітіргеннен кейін Рүстем Гакашұлы С.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің (ҚазМУ) Ме­ханика-математика факуль­­тетіне оқуға түседі.

Кейін академик атағын ал­ған және ҚазМУ проректоры қызметін атқарған, техника ғылымдарының докторы А. Лукьянов сол жылдары Ана­­логтік жүйелер негізінде есептеу машиналары зерт­ханасының ашылуына қол жеткізді. Бұл зертхана көптеген жылдар бойы университетте жұмыс істеп тұр­ды және ма­мандарды даярлау мен бірқатар практикалық мәсе­лелерді шешуге ықпал етті. Ашыл­ғанына бір жыл өткеннен кейін, алғашқы 20 түлегін шы­ға­рады, оның ішінде біздің кейіп­керіміз Рүстем Гакашұлы да бар еді.

Р.Гакашұлы 1960 жылы жо­ғары оқу орнын бітіргеннен кейін 1965 жылы ҚазКСР ҒА Математика және механика институтының құрамына енген ҚазКСР ҒА Машиналық және есептеу математикасы зертхана­сына жұмысқа бөлінді. Ол жерде 1968 жылға дейін аға зертхана­шы, инженер, кіші ғылыми қыз­­­­­меткер қатарлы көптеген жұмыс атқарды. Береке тұн­ған ұжымда жұмыс істеген ал­ғашқы күндерінен бастап-ақ Рүстем Гакашұлы өзін ынталы, ізде­німпаз жас маман ретінде көр­сете білді. 

1968 жылдың маусым айын­да Мәскеуге (Зеленоград) КСРО Электронды өнеркәсіп ми­­­нистр­­лігінің (ЭӨМ) Маман­дандырылған есептеу орталы­ғына кіші ғылыми қызметкер болып барды. Көп өтпей зымы­ранға қарсы қорғаныс кешеніне арналған жоғары жылдамдықты цифрлық есептеу машинасын жобалау шеңберінде, көпмү­шеліктер сақинасында пози­циялық емес санау жүйесінің машиналық арифметикасын және кодтау теориясына қо­­­сымшаларды әзірлеу үшін аға ғылыми қызметкер болып ауысты. Есептеу орталығында Р.Бияшов борттық маши­­на­ларды жасауда қолданылатын есептеу құрылғыларының се­нім­ділігі мен жадын қорғауды жақсартуға байланысты көпте­ген қызмет істеді. 

1970 жылдың ақпан айында Мәскеу қаласында КСРО ЭӨМ Микроқұралдар ҒЗИ кеңесінде жабық тақырыпта физика-математика ғылымдарының кан­­дидаттығына диссертация қорғады.

1974 жылы сәуірде КСРО Ғылым және техника жөніндегі мемлекеттік комитетін ұйым­дастыру және басқару мәселе­лері жөніндегі Бүкілодақтық ғылыми-зерттеу институтына ауысады. Ол жерде 1994 жылдың қазан айына дейін аға ғылыми қызметкер, сектор басшысы және бөлім бастығы болып қызметтер атқарды. Кейін бұл мекеменің атауы Бүкілресейлік есептеу техникасы және ақпа­раттандыру ғылыми-зерттеу институты болып өзгертілді. Ғұмырының бұл кезеңінде Рүс­­­тем Гакашұлы деректер ал­­­масу жүйелеріндегі сенім­ділікті арт­­­тыру мәселелерін шешумен жә­­­не Есептеу орта­лықтарының мемлекеттік желі­сінде (ЕОМЖ) және жалпы­мемлекеттік авто­­­мат­тан­­­­дырылған жүйеде (ЖАЖ) ақпаратты қорғау бағдар­­­ла­­­­масын әзірлеумен айналысты. Бұл жұмыстарды белгілі ғалым, академик В.Глушков тікелей қадағалап басқарған болатын. 

1980 жылы Рүстем Гакаш­­­ұлына аға ғылыми қызметкер атағы берілді, ал 1985 жылы «Таратылған АБЖ-де деректер алмасу жүйелеріндегі сенімді­­лікті арттыру әдістерін әзірлеу және зерттеу» тақырыбында докторлық диссертациясын сәтті қорғады.

1987–1988 жылдары Рүстем Гакашұлы Жалпы мақсаттағы есептеу техникасы құралда­­­рының (ЕТҚ) Техникалық дең­гейін бағалаудың мерзімдік әдістемесін әзірлеумен айна­­лысты. Р.Гакашұлы әзірлеген бұл жоба 1989 жылы КСРО Есептеуіш техникалар және Информатика бойынша Мемле­кеттік комитет пен КСРО Мем­­­лекеттік стандартының бірлес­кен қаулысымен ЕТҚ әзірлейтін және өндіретін барлық ұйымдар үшін міндет ретінде енгізілді. 1990 жылдан бастап Ресейде ЕТҚ серти­­­фикаттау жөніндегі алғашқы органды және 1993 жылдан бастап аккредиттеу саласында анықталған өнім­­дерді практи­­­калық сертифи­­­кат­тауға кіріскен Функционал­дық параметрлері бойынша жеке электронды есептеу ма­­­­шина­ларын сынау зертхана­сын құру бойынша іргелі жұмыстарға бас­шылық етті. 

Р.Гакашұлы Мәскеудегі үш докторлық мамандандырылған (диссертациялық) кеңестің, «Информатика» журналының «Есептеу техникасы және ақпа­раттандыру мәселелері» серия­сының редакциялық алқасының құрамына кірді.

1993 жылы «Аймақтық ақпа­­­раттандыру» бөлімі бойын­ша Халықаралық ақпараттандыру академия­сының академигі бо­­лып сай­ланды. Ол көптеген та­­ны­­­мал ғалымдармен және ақпа­­рат­тандыру мамандарымен бір­лесіп сүбелі еңбектер істеді. Р.Гакашұлымен бірге бұл салада елеулі еңбек еткен ҚазКСР ҒА кор­­респондент мүшесі, профес­­­сор И.Акушский, МЕО дирек­­­торы профессор Д.Юдицкий, ҰҒА академигі, профессор В.Амербаев, ғылым докторлары мен профессорлар И.Пак (Ал­­маты қ.), Ю.Дадаев, Ю.Михеев, П.Братухин, В.Гадасин, А.Щё­рс, В.Квасницкий, В.Гераси­­менко, Ю.Черкасов, В.Коняв­ский, В.Лисицын (Мәскеу қ.) сынды ғалымдар бар еді. 

1993 жылы Рүстем Гакашұлы Халықаралық ақпараттандыру академиясының толық мүшесі болып сайланды.

1994 жылдың қазан айында Р.Бияшев Алматы қаласына қоныс аударуына байланысты Қазақстан Республикасы ҰҒА Информатика және басқару мәселелері институтына (ИБМИ) бас ғылыми қызметкер болып ауысты. Ал 1994 жылдың қарашасында Институт дирек­торының ғылыми жұмыс жө­­­­ніндегі орынбасары болып та­­­­­ғайындалды. ИБМИ-де Рүстем Гакашұлы іргелі және қолдан­­балы зерттеулер жүргізді. Оның басшылығымен «Қазақстан Республикасы халық шаруа­шылығын ақпараттандыру» бағытындағы республикалық бағдарламалар бойынша ғы­лыми жобалар орындалды. 

 Институттың атауы 2014 жылы «Ақпараттық және есеп­теуіш технологиялар инс­титуты» (АЕТИ) болып өз­­гертілді. Р.Гакашұлы 2015 жыл­­дан бастап институттың Ақ­­­­­па­­­­­­­­раттық қауіпсіздік зерт­­­ханасының меңгерушісі болды. Ғалымның жетекшілігімен Қазақ­­­­­­­­стан Республикасы Ғы­­лым және жоғары білім ми­­­­нистрлігі Ғылым комитетінің гранттық және бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру жо­балары бойынша ғылыми-зерт­теу жұмыстары нәтижелі жүр­­­­гізілді. Бұл ғылыми-зерттеу жұмыстардың мақсаты – пози­циялы емес полиномды санау жүйелері негізінде шифрлау алгоритмдері мен электронды цифрлық қолтаңба схемаларын, сондай-ақ қолжетімділікті шек­теу және псевдокездейсоқ тізбектерді (ПКТ) генерациялау алго­ритмдерін құру, зерттеу және іске асыру болатын. 

Ғалым Р.Гакашұлының ғылыми-зерттеу еңбектері мен мақалалары Қазақстандағы, алыс-жақын шетелдегі түрлі басылымдар мен ғылыми конференция жинақтарында жарияланды. Ғалымның жетекшілігімен 3 докторлық, 8 кандидаттық және 3 РhD диссертация қорғалды.

Осылайша, ғұмырының алпыс жылдан астам мерзімін ғылымға арнады. Бұл еселі еңбек пен теңдессіз жетістік ғалымның жас кезінде дұрыс та саналы таңдау жасай білгенінің нәтижесі еді. Өзі зерттеген ғылым саласының асқар шыңы­­­­на шығумен бірге, ғылыми қауымның, зиялы жұрттың ал­­қауына бөленген, болашаққа үлгі болар дара кісілік мінезімен сыйлы ғұмыр кешкен көрнекті ғалым, математик Рүстем Га­­каш­­­­­­­ұлы Бияшев 2023 жылдың 18 наурызында 85 жасында дүниеден өтті. 

Парасаттың биік шыңында ғұмыр кешкен ғалымның мінезі кең жайлаудай жан еді. Ой-өрі­сінің кеңдігімен, әзілдесе сөй­лейтін әдетімен адамдарды бау­райтын. Әңгімешіл ғалым төңі­­­­­ре­гіндегілермен керемет сұхбаттасушы еді. Әрбір оқи­ғаны майын тамыза айтатын. Профессор ғалыммен шын жү­рекпен, пәк ниетпен кеңесу былай тұрсын, пікірталасқа түсуге де әбден болатын. Рүстем Гакашұлы академик ғалым­­дармен де, студенттермен де тең дәрежеде сөйлесетін. Біреудің ат-атағына жығылу деген Рүстем ағамызда атымен жоқ еді. Өзге­ше жомарттығымен, бола­шақ­қа деген сенімділігімен, ада­м­дарға деген қайырым­ды­­лығымен, ақыл-ойының терең­­­дігімен, қарапайым­дылығымен және жоғары жауапкершілігімен жұрттан дара тұратын. Оның тек математикалық мәселелерге ға­на емес, күнделікті өмірде ке­з­­­дескен мәселелерге деген жігер­лі де оптимистік көзқарасы әріп­тестеріне аса үлкен шабыт беретін. Сондықтан да ғалым Р.Гакашұлы үлкен беделге, жо­ғары құрметке ие болуы заңды­­­лық еді. Ғалым мұндай беделге көпжылдық өлшеусіз еңбекпен және ғылымға деген адал көз­қараспен, сенімі мен күш-қай­ратының арқасында жетті.

Біздің есімізде Рүстем Га­каш­ұлы адалдықтың, шын­шыл­дықтың және пара­сат­­­ты­лықтың мәңгілік үлгісі болып қала береді. Мұраттас әріптес­терінің көкейінде ол әрқашан мейірімді аға, сырлас дос, қам­­қор көш­­басшы болып сақта­­лады. Ел құр­­метіне лайық бір­­­туар ғылым иесі Р.Гакашұлы өзі сара жол салған ғылымдағы жас ғалымдар үшін үлгі тұтуға ла­йық­­ты заңғар тұлға болып қала бермек.

 Сәуле НЫСАНБАЕВА,

техника ғылымдарының

докторы, профессор