1995 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен Қазақстан Республикасының төтенше жағдайлар жөніндегі мемлекеттік комитеті құрылды. Сол құжатқа сәйкес 19 қазан Құтқарушылар күні болып бекітілді.
Еліміз өз егемендігін алғанға дейін Қазақстанда кәсіби апаттық-құтқару қызметі болмаған. Арнайы қызмет құрылмай тұрғанда адамдарды төтенше құтқару қызметін қоғамдық ұйымдар немесе құтқару бекеттері атқарған болатын. Төтенше жағдайлар қызметі Тәуелсіздік алып, елдің конституциясы қабылданған соң пайда болды.
Төтенше жағдайлар саласы үлкен жауапкершілікті талап етеді. Қауіпті қызмет жүгін арқалаған құтқарушылар түрлі апатты жағдайдың алдын алып, зардабын жою үшін күш жұмсайды. Апат салдарынан қиындыққа тап болғандарды құтқарып, алғашқы көмек көрсетеді. Сондықтан құтқарушылар қажетті құрал-жабдықтармен барынша жарақтандырылуы қажет.
Қазіргі таңда құтқарушылар төтенше жағдайларды жою жұмыстарына әрқашан дайын болу үшін арнайы, медициналық, психологиялық әзірлігін, авариялық-құтқару құрылымдарының құрамындағы қызмет дағдыларын үнемі жетілдіріп отырады.
Бүгінде еліміздегі құтқару қызметі тек Отанымызға ғана емес, өзге де мемлекеттерде болған апатты жағдайларда көмек қолын созып, қызметін абыроймен атқарып келеді.
Биыл қазақстандық құтқарушылар Түркияда және Ауғанстанда болған жер сілкінісінің зардабын жою үшін аталған мемлекеттерге арнайы барып, көмек көрсеткен болатын.
Еске салатын болсақ, Қазақстан құтқарушылары 7-19 ақпан аралығында Түркияның үш провинциясының аумағында іздестіру-құтқару жұмыстарын жүргізді. Атап айтқанда, Нурдагы ауданында, Газиантеп және Хатай қалаларында азаматтарды үйінділерден шығаруға атсалысты. Сонымен бірге Қахраманмараш провинциясына үздіксіз гуманитарлық көмек жеткізіп отырды.
Ол кезде жасақ құрамында Қазақстан ТЖМ құтқарушылары, кинологиялық есептер және Апаттар медицинасы орталығының дәрігерлері болды.
Апат аймақтарында жұмыс істеген қазақстандық мамандардың саны жүзден асты. Жедел топтың құрамына Астана, Алматы қалаларының, Қарағанды және Ақмола облыстарының мамандары, сондай-ақ Апаттар медицинасы орталығының медицина қызметкерлері кірді.
Іздестіру-құтқару жұмыстары ҚР Төтенше жағдайлар бірінші вице-министрі Ибрагим Күлшімбаевтың басшылығымен жүргізілді. Жүктелген міндеттер қауіпсіздік техникасын сақтай отырып, толық көлемде орындалды.
Іздестіру-құтқару жұмыстары кезінде 15-18 адамнан тұратын арнайы топтардың ұйымшылдығы нәтижесінде үйінділерден Түркияның 7 азаматы құтқарылып, қаза тапқандардың 88 мәйіті алынды.
Сондай-ақ 200-ге жуық тұрғынға медициналық және психологиялық көмек көрсетілді. Мұндайда әр минуттың маңызы зор болғандықтан құтқарушылар тәулік бойы үш ауысыммен жұмыс істеді.
Сонымен қатар осы жақында, 10-16 қазан аралығында біздің құтқарушылар жер сілкінісінің салдарын жоюға көмек көрсету мақсатында Ауғанстанға барып келді.
Гуманитарлық миссияны орындау үшін жалпы 45 адам, оның ішінде ТЖМ Республикалық жедел-құтқару жасағының құтқарушылары, кинологиялық есептоптар, Апаттар медицинасы орталығының дәрігерлері мен фельдшерлері жіберілген еді.
Азаматтық қорғаныс және әскери бөлімдері комитеті төрағасының міндетін атқарушы, генерал-майор Ұларбек Әбікеевтің басшылығымен қазақстандық құтқарушылар жасағы қойылған міндеттерді абыроймен орындады.
Ауғанстандағы іздестіру-құтқару жұмыстарын жүргізу барысында Қазақстан ТЖМ құтқарушылары жергілікті 83 тұрғынға медициналық көмек көрсетіп, 211 үй фрагментінің үйіндісін бөлшектеді. Наиброфи елді мекенінде қираған 700 үйдің учаскесін тексерді.
Үйінді арасынан 1 баланың денесін тауып, алып шықты. Қатты шаңды дауылдан зардап шеккен 9 шатырлы қалашықтың орналасу орындарында тексеру жүргізілді. Қазақстандық құтқарушылар Сияхан елді мекенінде толығымен қираған үйлердің астын да тексеріп, Чолк елді мекенінде үйінділерді бөлшектеу жұмыстарын жүргізді.
Өз басын бәйгеге тіге отырып, қиындығы мол қызметті атқарып жүрген құтқарушылардың еңбегі орасан зор. Олардың басты міндеті – қашан да халықтың тыныш өмірін, тұрмыстағы, өндірістегі қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, апаттық жағдайға жол бермеу.