Президенттің жұмыс сапары Төраға Си Цзиньпинмен келіссөз жүргізуден басталды. Қытай елінің басшысы Қазақстан Президентін Бейжіңдегі Халық жиналысы үйінде қарсы алды. Мәртебелі мейманның келуіне орай Құрмет қарауылы сап түзеп тұрды. Содан кейін мемлекеттер басшылары өз делегацияларымен бірге Үлкен шығыс залында келіссөз жүргізді.
Қасым-Жомарт Тоқаев Си Цзиньпиннің «Бір белдеу, бір жол» халықаралық ынтымақтастығының III форумына қатысуға шақыруын зор ықыласпен қабыл алып, Қытайға тағы да сапармен келгенін атап өтті. Сондай-ақ Мемлекет басшысы жан-жақты әрі мәңгілік стратегиялық серіктестікке негізделген қазақ-қытай қатынастары қарқынды дамып келе жатқанына назар аударды.
– Біз барлық бағыт бойынша тиімді мемлекетаралық ықпалдастықты жолға қойдық. Сіздің былтыр қыркүйек айында Қазақстанға жасаған мемлекеттік сапарыңыз өзара байланыстардың барынша нығаюына тың серпін берді. Сапар аясында елдеріміз арасындағы ынтымақтастықтың жаңа «алтын 30 жылдығы» басталды. Мемлекеттеріміз арасындағы сауда-саттық табысты дамып келеді. Айтарлықтай өсім бар. Инвестицияның жалпы көлемі 21 миллиард доллар болатын 52 бірлескен жоба жүзеге асырылып жатыр. 2024 жыл Қытайда Қазақстан туризмі жылы болып жарияланды. Бұл осы сала үшін мол мүмкіндіктерге жол ашады. Өзара мәдени-гуманитарлық байланыстар үшін қолайлы жағдай жасалуда. Мемлекетаралық қарым-қатынастарды мүлдем жаңа деңгейге шығару үшін Қазақстанның да, Қытайдың да орасан зор әлеуеті бар деп санаймын. Осы мүмкіндікті пайдаланып, құрметті Төраға Си Цзиньпин, сізді келесі жылы Қазақстанға мемлекеттік сапармен келуге шақырамын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Өз кезегінде ҚХР Төрағасы шақыруын қабыл алғаны үшін Мемлекет басшысына алғыс айтып, өзара тиімді ынтымақтастықты нығайту маңызды екенін атап өтті.
– Жоғары деңгейдегі «Бір белдеу, бір жол» халықаралық ынтымақтастығының III форумына қош келдіңіз! Орнықты әрі қарқынды қазақ-қытай қатынастары екі ел арасындағы өзара сенімді нығайтып, бейбітшілік пен тұрақтылықты қолдау ісінде батыл әрекет етуге септігін тигізеді. Халықаралық жағдайдың қалай құбылатынына қарамастан, Қытай мен Қазақстан өздерінің бастапқы ұстанымдарынан айнымай, бір-біріне жәрдемдеседі. Елдеріміз арасында достық қатынастар орнаған жылдар ішінде біз мәңгілік әрі жан-жақты стратегиялық серіктестік қалыптастыра алдық. «Бір белдеу, бір жол» жобасын 10 жыл бұрын Қазақстанда көтерген едім, – деді Си Цзиньпин.
ҚХР Төрағасының айтуынша, Қытай Қазақстанның егемендігі мен аумақтық тұтастығын, сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан ауқымды реформаларды толықтай қолдайды.
Келіссөз барысында тараптар сауда-экономика, мұнай-газ, мұнай химиясы, энергетика, қаржы, көлік-транзит, атом өнеркәсібі, машина жасау, туризм, электронды коммерция және жоғары технология салаларындағы жан-жақты ықпалдастықты дамыту мәселелерін талқылады. Мемлекеттер басшылары бірлескен инвестициялық жобаларды жүзеге асыру, сондай-ақ мәдениетаралық байланыстарға жағдай жасау маңызды екеніне назар аударды.
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Си Цзиньпиннің келіссөзі нәтижесінде екі елдің делегация мүшелері бірқатар маңызды құжатқа қол қойды.
Әл-Фарабиге ескерткіш орнатылды
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өзі білім алған Бейжің Тіл және мәдениет университетінің аумағында ортағасырлық философ, ғалым Әбу Насыр әл-Фарабиге арналған бюстті салтанатты түрде ашу рәсіміне қатысты.
Ашылу рәсіміне ҚХР білім министрінің орынбасары Ван Гуанянь, университеттің Партия комитетінің хатшысы Ни Хайдун, ректоры Дуан Пэн және Мемлекет басшысына сабақ берген университет профессоры Лю Шицинь, сондай-ақ ҚХР Мемлекеттік өнер мұражайының директоры, мүсін авторы У Вэйшань қатысты.
Мемлекет басшысы, ең алдымен, әл-Фарабидің әлемдік өркениетке қосқан зор үлесіне айрықша тоқталды. Сондай-ақ Президент энциклопедиялық деңгейдегі, яғни жан-жақты білімі бар әл-Фарабиді замандастары Аристотельден кейінгі «Екінші ұстаз» деп атағанына назар аударып, ғұлама ғалымның еңбектері әрдайым өзекті, мән-мағынасын жоғалтпайтынын атап өтті.
– Оның шығармалары – әлемдік ақыл-ойдың алтын қорына қосылған құнды қазына. Әл-Фарабидің 1 150 жылдығы ЮНЕСКО-ның атаулы күндерінің жаһандық тізіміне енгізілді. Біз 2020 жылы осы мерейтойды ерекше атап өттік. Халықаралық ғылыми симпозиумдар, конференциялар ұйымдастырылды. Монографиялар мен жинақтар басып шығарылды. Деректі фильмдер түсірілді. Мұның бәрі әл-Фарабидің еңбектерін терең түсінуге мүмкіндік береді, оның мол мұрасын жан-жақты насихаттауға жол ашады. Енді Қытай ғалымдары мен жастарына философ жайлы бірқатар ғылыми еңбектер қолжетімді болады. Осы құнды деректермен, ең алдымен, Бейжің Тіл және мәдениет университетінің оқытушылары мен студенттері таныса алады. Бұл – қуантарлық жайт. Мен де кезінде осы оқу орнында тура қырық жыл бұрын білім алдым. Сондықтан бүгін Әбу Насыр әл-Фарабидің мүсінін ашу – мен үшін зор мәртебе, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Бұдан бөлек, Президент Бейжің лингвистикалық институтында тағылымдамадан өткен кезінде өзіне дәріс берген профессор Лю Шициньмен әңгімелесті.
– 40 жылдан кейін білім алған университетіме келіп, өзіңізді аман-сау көргеніме өте қуаныштымын. Мен сіздің еңбекқорлығыңызды, табандылығыңыз бен ерік-жігеріңізді ерекше бағалаймын. Сіздің шәкірттерге берген біліміңізге баға жетпейді. Мұның бәрі сіздің кәсібилігіңізді, ыждағаттылығыңызды және өз ісіңізге деген адалдығыңызды көрсетеді. Құрметті демалыста екеніңізді білемін. Соған қарамастан, университеттің қоғамдық өміріне атсалысуды жалғастырып, мәдениетаралық байланыстардың дамуына зор үлес қосып жүрсіз, – деді Мемлекет басшысы
Іс-шара соңында Президент Бейжің Тіл және мәдениет университетіне Әбу Насыр әл-Фарабидің портретін сыйлап, осы оқу орнында білім алып жатқан қазақстандық студенттермен әңгімелесті.
Алпауыт компаниялармен ықпалдастық нығаяды
Қазақстан Президенті ҚХР-ға ресми сапары аясында бірқатар лауазымды тұлғамен кездесті. SINOPEC компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы Ма Юншэнмен кездесуі барысында өзара ынтымақтастық және мұнай-газ химиясы мен энергетика салаларындағы бірлескен инвестициялық жобаларды жүзеге асыру перспективалары талқыланды. Қасым-Жомарт Тоқаев SINOPEC компаниясының полиэтилен өндірісі жобасына толыққанды серіктес ретінде қатысуы Қазақстанның аталған кәсіпорынмен орнықты ықпалдастығының айқын дәлелі екенін атап өтті.
Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев YTO Express Co., Ltd компаниясының басқарма төрағасы Юй Хуэйцзяоны қабылдады. Кездесу барысында электронды коммерция, көлік және логистика салаларындағы өзара тиімді ынтымақтастық перспективалары талқыланды. Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде Alibaba, Wildberries, OZON және JD.com секілді ірі маркетплейстер жұмыс істеп жатқанын атап өтті. Қазақстан 2030 жылға қарай электронды сауда үлесін жалпы сауда-саттық нарығының 20 пайызына дейін жеткізуді жоспарлап отыр.
Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев Қытайға ресми сапары аясында CITIC Group компаниясының басқарма төрағасы Чжу Хэсиньмен кездесу өткізді. Әңгімелесу барысында энергетика, мұнай химиясы өнеркәсібі және басқа да маңызды салалардағы өзара серіктестікті нығайту мәселелері талқыланды.
– Біздің тұрақты кездесулеріміз арадағы ынтымақтастықтың стратегиялық сипатын білдіреді. Биыл мамыр айында CITIC Construction компаниясы қазақстандық серіктестерімен жалпы инвестиция көлемі 2 миллиард доллар болатын жобаларды іске асыру жөніндегі 5 құжатқа қол қойды. Маңызды жобалардың бірі – Ақтаудағы Caspi Bitum зауытының мұнай өңдеу қуатын жылына 1,5 миллион тоннаға дейін жеткізу. Маған «ҚазМұнайГаз» бен CITIC Group арасында тиісті келісімге қол қойылғаны жөнінде мәлімет берілді. Құрылыс саласында мол тәжірибеңіз бар екенін ескерсек, бұл жоба сапалы әрі қысқа мерзім ішінде жүзеге асырылады деп ойлаймын, – деді Мемлекет басшысы.
Ал Қазақстан Президентінің CRRC Сorporation Limited компаниясы басқарма төрағасы әрі атқарушы директоры Cунь Юнцаймен кездесуінде машина жасау және теміржол транспорты салаларындағы ынтымақтастық мәселелері талқыланды. Президент еліміздің озық технологияларды қолдану және теміржол техникасына қызмет көрсету орталықтарын ашу арқылы локомотивтер өндірісінің жергілікті үлесін арттыруға мүдделі екенін атап өтті. Осы орайда Мемлекет басшысы Қазақстанның негізгі көлік-логистикалық хаб екенін айтып, сол арқылы CRRC компаниясының Еуразия кеңістігі мен Еуропа нарықтарына шыға алатынын жеткізді.
Сапар аясында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ҚХР Мемлекеттік кеңесінің Премьері Ли Цянмен кездесті. Кездесу барысында Қазақстан мен Қытай арасындағы жан-жақты стратегиялық серіктестіктің жай-күйі және оны дамыту перспективасы талқыланды. Қазақстан Президенті Қытайдың қарқынды әлеуметтік-экономикалық дамуын ерекше ықыласпен бақылап отырғанын атап өтті.
– ҚХР Үкіметі әлемді тұрақсыздық жайлап тұрған қазіргі кезеңде экономиканың орнықтылығын қамтамасыз етуге қатысты маңызды мәселені тиімді шешіп отыр. Қытайдың жаһандық экономиканың орнықты дамуына қосқан елеулі үлесін жоғары бағалаймыз. Қазақстан Қытаймен достық, тату көршілік қарым-қатынасты және жан-жақты стратегиялық ынтымақтастықты нығайтуға қашанда ерекше мән береді. Қазақстан ҚХР-дың сенімді стратегиялық серіктесі әрі тату көршісі болды келді және келешекте де солай болып қала береді. Бүгінде қазақ-қытай қатынасы қарқынды дамып жатыр. Бұған жоғары деңгейдегі белсенді саяси диалог, сондай-ақ екі ел үкіметтерінің үйлесімді жұмысы ықпал етуде, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Қазақстан Президенті Бейжіңге ресми сапары аясында Бүкілқытайлық халық өкілдері жиналысы Тұрақты комитетінің төрағасы Чжао Лэцзимен кездесу өткізді. Кездесу барысында Қасым-Жомарт Тоқаев ғасырлар бойғы достық пен өзара қолдаудың берік арқауына сүйене отырып, Қазақстан мен Қытай мәңгілік әрі жан-жақты стратегиялық серіктестік рухында тұрақты нығайып келе жатқан үлгілі мемлекетаралық ынтымақтастықтың негізін қалағанын атап өтті.
Сондай-ақ Мемлекет басшысы Қытайдың Халықтық саяси консультативтік кеңесі Бүкілқытайлық комитетінің төрағасы Ван Хунинмен келіссөз жүргізді. Мемлекет басшысының айтуынша, қазақ-қытай қатынастары мәңгілік әрі жан-жақты стратегиялық серіктестіктің жоғары деңгейіне жетті. Бұл ретте ел басшыларының тұрақты кездесулері елеулі рөл атқарды. Өйткені келіссөздер барысында тату көршілік қарым-қатынас пен өзара тиімді ынтымақтастықты одан әрі нығайту үшін негіз қаланады.
Символдық мәні зор бастама
Қазақстан Президенті Бейжіңге ресми сапарының екінші күнінде «Бір белдеу, бір жол» халықаралық ынтымақтастығының III форумының ашылу рәсіміне қатысты. Мемлекет басшысы өз сөзінде Қытайдың жаһандық қауіпсіздікті қамтамасыз ету ісіндегі шешуші рөліне назар аударып, оны экономикалық және технологиялық дамудың локомотиві ретінде атап өтті.
– Қазіргі геосаяси жағдайда «Бір белдеу, бір жол» бастамасы қажетті халықаралық жобаға және ынтымақтастықтың ірі платформасына айналды. Бұл жоба Қытайдың экономикалық қуатын, сондай-ақ оның жаһандық деңгейдегі жаңа белестерді бағындыруға ұмтылысын көрсетеді. Осыдан он жыл бұрын Сіз Қазақстанда алғаш рет «Бір белдеу, бір жол» ұзақмерзімді бастамасын ұсынып, оның басты қозғаушы күші болдыңыз. Мұның символдық мәні зор. Осы маңызды мерейтойды атап өте отырып, бүгінде Сіздің бастамаңыз өзінің қажеттілігін көрсетті және әлемдік қоғамдастық тарапынан мойындалып, жаһандық ауқымдағы үлкен жобаға айналды деп сенімді түрде айта аламыз, – деді Президент.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы аталған бастаманың елдер арасындағы мәдени-гуманитарлық байланыстарды дамытуға, тату көршілік қатынастарды, достық пен өзара түсіністікті нығайтуға елеулі үлес қосатынына тоқталды.
– «Бір белдеу, бір жол» Ұлы Жібек жолы ренессансына тың серпін берді десек, артық айтқанымыз емес. Сондықтан Қытайдың бұл бастамасы – ХХІ ғасырдың мегажобасы. Бұл – әділ баға, – деді Президент.
Мемлекет басшысы Қазақстанның жетістіктері жөнінде де айтты. Осы ретте, Президенттің пікірінше, Еуразия кіндігінде орналасқан еліміз, Солтүстік пен Оңтүстікті, Батыс пен Шығысты байланыстыра отырып, бастаманы іске асыруда ерекше рөл атқарады. Оның айтуынша, Қытаймен арада созылып жатқан ортақ шекарасы бар әрі аумағы үлкен құрлықішілік мемлекет ретінде Қазақстан халықаралық маңызға ие көлік-логистикалық торапқа айналуға барынша күш салып отыр.
Мемлекет басшысы өз сөзінде аса ірі жобаның – Транскаспий халықаралық көлік бағытының ерекше рөліне назар аударды. Бұл бағдар Қытайды, Орталық Азияны және Еуропаны байланыстыратын «Бір белдеу, бір жол» бастамасының құрлықтағы көпіріне айнала алады. Осы ретте жүк тасымалдау мерзімін екі есе қысқартуға және көлік шығындарын айтарлықтай төмендетуге ықпал етеді.
Сонымен қатар Форумда Қытай Төрағасы Си Цзиньпинь, Ресей Президенті Владимир Путин, Индонезия Президенті Джоко Видодо, Аргентина Президенті Альберто Фернандес, Эфиопия Премьер-министрі Абий Ахмед, БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш сөз сөйледі. Форумға 20-дан астам мемлекеттің басшылары және 130-дан аса ел мен халықаралық ұйымдардың өкілдері қатысты.
Шыңжанға сапар аймақаралық ынтымақтастықты арттырады
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қытай Халық Республикасына ресми сапары аясында Үрімжі қаласына барып, ҚКП ОК Саяси бюросының мүшесі, ҚХР Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданы партия комитетінің хатшысы Ма Синжуймен кездесті.
Мемлекет басшысы сауда, өнеркәсіп, көлік, логистика, ауыл шаруашылығы және туризм сияқты көптеген бағыт бойынша Қазақстанның Шыңжаңмен арадағы қарым-қатынастарының нәтижелерін жоғары бағалады.
– Қазақстанның Шыңжаңмен өзара сауда-саттық мәселесінде өңірлік ынтымақтастықтың қолданыстағы механизмдерінің мәні зор. Менің ойымша, оларды дұрыс пайдалана білсек, айтарлықтай ілгерілеуге болады. Қазақстан сіздің аймағыңызға жеткізілетін өнім түрлерін ұлғайтуға дайын. Атап айтқанда, металлургия, мұнай химиясы, машина жасау, тамақ өнімдерін, сондай-ақ құрылыс материалдарын экспорттай аламыз. Ал агроөнеркәсіп және азық-түлік секторындағы ықпалдастыққа келер болсақ, бұл бағыттағы әлеуетіміз зор. Қазақстан Қытай нарығына экологиялық таза ауыл шаруашылығы өнімдерін тұрақты жеткізе алады деп санаймыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президенттің айтуынша, Қазақстанның шекаралас төрт облысы мен Шыңжаң өлкесі арасында тығыз байланыс орнаған. Қазақстанның Қытаймен сауда-саттығының жалпы көлемі бойынша Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданының үлесі 40 пайыздан асады. Бұл ретте еліміздің Шыңжаңмен тауар айналымы биылғы жартыжылдықта 87 пайызға өсіп, 8,5 миллиард долларды құрады.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы Қазақстан мен Қытай арасындағы үшінші теміржол өткелін салудың маңыздылығына назар аударды. Президент осы жобаны іске асыруға жақын арада кірісуге болады деп есептейді.
Сауда-экономикалық байланыстардан бөлек, су саласындағы ынтымақтастықты дамытудың және трансшекаралық өзендерді пайдаланудың маңызды екені атап өтілді.
Әңгімелесу барысында Қасым-Жомарт Тоқаев туризм саласына айрықша тоқталды.
– Туризм саласындағы ынтымақтастықтың келешегі зор. Қазақстанның бұл бағыттағы мол әлеуетін ескере отырып, жақында Туризм және спорт министрлігін құрдым. Біз Қазақстанға саяхаттайтын қытайлық туристер саны артады деп үміттенеміз. Үкіметіміз елдегі туризм саласын дамытуға бар күш-жігерін жұмсайды. Сонымен қатар Қытайда келесі жыл қазақ туризмінің жылы болып жарияланды. Әрине, біз отандастарымыздың сіздің елмен және оның әсем табиғатымен, әлеуметтік-экономикалық даму жетістіктерімен танысуы үшін Қытайға саяхаттап баруын қолдаймыз, – деді Мемлекет басшысы.
Сонымен қатар Президент Қазақстан мен Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданының тарихи-мәдени, гуманитарлық байланыстарының мәні мен маңызына назар аударды.
– Шыңжаң ежелден өзінің жоғары мәдениетімен әйгілі. Жергілікті шығармашылық ұжымдар халықаралық дәрежеде мойындалған. Біз мәдени-рухани байланыстардың жан-жақты дамуына, екі ел өнерпаздарының бір-біріне гастрольдік сапарлар ұйымдастыруына қолдау көрсетеміз. Бұл тату көршілік және достық қатынастардың нығаюына оң ықпал ететіні сөзсіз, – деді Мемлекет басшысы.
Өз кезегінде Ма Синжуй Қазақстан Президенті мен ҚХР Төрағасының келіссөздері барысында қол жеткізілген уағдаластықтарды жүзеге асырудың маңыздылығын, сондай-ақ «Бір белдеу, бір жол» форумында көтерілген бастамалардың мәні зор екенін айтты.
– Біз ауыл шаруашылығы, трансшекаралық сауда, энергетика салаларына баса мән бере отырып, сауда-экономикалық ынтымақтастықты одан әрі нығайтамыз. Сонымен қатар ғылыми ұйымдар, жоғары оқу орындары және кәсіпорындар арасындағы қарым-қатынасты жолға қоямыз. Қазақстанға немесе Шыңжаң өлкесіне инвестиция құйып, бизнес ашуды көздейтін бірлескен кәсіпорындарды ынталандырамыз, – деді Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданы партия комитетінің хатшысы.
Ма Синжуй Қазақстан Президентінің Шыңжаңға сапарын тарихи оқиға ретінде бағалап, Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданының басшылығы біздің елмен арадағы ынтымақтастықты кеңейтуге және тұрақты байланысты сақтауға мүдделі екенін жеткізді.
Кездесу соңында Қазақстан Президентінің Шыңжаң өлкесіне сапары аймақаралық ынтымақтастықтың одан әрі нығаюына ықпал ететіні атап өтілді.