Ауыл шаруашылығы министрлігінің, сарапшылардың байламынша, биылғы жыл сала үшін қиын болды. Климат елдің оңтүстігінде де, солтүстігінде де айтарлықтай өзгеріп кетті.
Аз астықтан Қазақстан тарықпай ма?
1,522
оқылды

Салдарынан күзгі орақ науқаны әдеттегіден ұзады: егістіктерге комбайндар шығатын кезде, тамыздың 20-сынан бастап, жаңбыр нөсерлете төкті. Піскен дән ылғалданып, алды қызып, көктеп кетті. Қазіргі ахуал қандай?

Ұсақ шаруалар егін жинауға енді кірісті

Ауыл шаруашылығы ми­нис­трлігінің мәліметінше, республика көлемінде астық жинау науқаны аяқталуға таяды. 16 қазандағы жағ­дай бойынша, 15,6 миллион гектардан егін орылыпты. Бұл ел­дегі биылғы бүкіл егістік алқа­бы­ның 90,2%-ы көрінеді. Жаңа егін­нің орташа өнімділігі төмен: әр гектардан 9,3 центнерден ғана айналды. 

Нәтижесінде, бүгінде ди­қан­дар 14,6 миллион тонна астық бастырды. Салыстырсақ, 2022 жы­лы Қазақстан жалпы алғанда 16,4 миллион тонна бидай жинаған еді.

Әйткенмен, төл комбайндары жоқ ұсақ шаруашылықтар биылғы егінді жинап үлгермей жатыр. Өйткені фермер Ерасыл Жамба­киннің түсіндіруінше, жылда қыркүйек айының соңына қарай Қазақстанның солтүстік және ор­та­лық облыстарындағы ірі шаруа­шылықтар ору науқанын аяқтап, ауыл шаруашылығы техникасын босататын. Оларды өз комбайны жоқ ұсақ шаруашылықтар жалға алатын. 

Биыл жағдай басқаша: шетсіз-шексіз құятын ақ жауындар қыр­күйек айының ортасына қарай ғана тынып, бұлттан шыққан күн далаға нұрын төге бастады. Бірақ мол ылғал ірі шаруашылықтарға 20 қыр­күйектен ерте егін жинауға қайта кірісуге мүмкіндік бермеген. Оның өзінде қырмандағы жұ­мыс­ты күрт бұзылған ауа райы дүркін-дүркін үзіп тұрды. 

Салдарынан техникасыз ұсақ шаруашылықтарда егіннің қар астында қалып қою қаупі бар. Елдің біраз өңірінде күн суытып, үсік ұра бастады. Бірақ екі аптада қар түспесе, ұсақтары да үлгереді деген үміт жоқ емес: оларға жаңа босап жатқан ірі көршілерінің комбайндарын арендаға алуға мүмкіндік енді ғана туды.

Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаровтың айтуынша, биыл елдің оңтүстігінде де, сол­түстігінде де климат күрт күрде­ленді: оңтүстік аймақтарда құр­ғақ­шылық болды, ал солтүстігінде қатты жаңбыр жауды, бұл егіннің жай-күйіне және жиналған ас­тықтың сапасына кері әсер етті. Климатқа қатысты қиындықтарға өзге проблемалар жамалып отыр.  

Министрлік ол мәселелерді диқандармен бірлесіп шешу жолдарын іздеуде. Мысалы, агро­бизнес өкілдерінің мәлі­метінше, қолайсыз табиғи жағдай салдар­ларынан зардап шеккен, астығы шіріп кеткен не аптаптан қурап қалған фермерлерді қолдау шара­ларын күшейткен жөн. Саланың дамуына кедергі келтіретін басқа мәселелер жетерлік. 

Атап айтқанда, ауыл кә­сіп­керлері жинаған өнімін еліміздің өзге облыстарына немесе шетел­дік нарықтарға шығарайын десе, вагондар тапшы. Тасымал­даушы­лар жөнелту жоспарларын ұсын­бай отыр. Өнімдерін жөнелту ке­зіндегі логистика проблемалары туындаған.

Бұған субсидиялардың уақы­тылы төленбеуі және жетіспеу­шілігі, Gosagro жүйесіндегі іркі­лістер, диқандардың күзгі жиын-терім науқанына алған кредиттерін өтей алмауы сияқты қиыншылықтар қосылды. Мұның бәрін «бұрын-соңды болмаған резо­нансты проблемалар» деп ба­ғалаған министр Айдарбек Са­па­ров «аграршылар көтерген барлық мәселе бойынша қажетті шара­лар қабылданатынына» уәде етті. 

Ауылдарды аралап, ауыл шаруа­­­­шылығы бизнесінің өкіл­дерімен кездесуге кіріскен А.Са­паров өз министрлігінің сала­лық департаменттеріне фермерлер мә­се­лелерінің тізімін жасап, облыс-облыс бойынша ажы­ра­тып, Проблемалар картасын құру­ды, оларды шешудің нақты мер­зімдерін бекітуді және оған жауа­п­ты қызметкерлерді көр­сетуді тапсырды. 

Үкіметтен қандай көмек бар?

Осы ауыр шақта кредиттік ин­ституттар шығынға батып, ұн­жырғасы түскен диқандардың тө­ле­мей отырған қарыздарын күш­­­­теп өндіруге кіріссе, онда ауыл шаруашылығы нысандары жаппай банкрот болуы мүмкін. Бұған жол бермеу үшін Үкіметтің тапсырмасымен, «Бәйтерек» холдингінің қаржы институттары ауыл шаруашылығы өндіру­шіле­ріне қатысты айыппұл санк­цияла­рын қолданбай, кредиттердің мерзімін ұзартып жатыр. 

«Аграрлық несие корпо­ра­ция­сы» АҚ басқарма төраға­сы­ның орынбасары Мұрат Ысқа­қовтың айтуынша, қазан айының ба­сындағы жағдай бойынша 33 ауыл шаруашылығы өндірушісі 2,3 миллиард теңге қарызын ұза­р­туға өтінім берді. Қолайсыз ауа райы­нан зардап шеккен басқа қарыз алушылардан да шарттар, ұсы­нылатын құжаттар тізбесі және міндеттемелерді қайта құры­лым­дау рәсімдері бойынша өті­ніштер түсіп жатқан көрінеді.

Мұның сыртында «Азық-түлік корпорациясы» да көмекке келіп, аграршылардың биылғы егінінің сапасы төмендеген бөлігін нарық­тық бағамен сатып ала бастады. Корпорация 3-сыныпты бидай­дың әр тоннасын 120 мың теңге­ден, 4-сыныпты – 105 мың теңге­ден алады. Бұрын бірінші сы­­­­­­­нып­­­­­тысына осындай баға ұсы­нылатын. 

Шаруашылықтардың бір бө­лігі форвардтық, яғни әлі шық­паған өнімді ертерек сату жөнінде мемлекетпен келісімшарт бекіт­кен. Алайда қолайсыз ауа райы жағдайына байланысты олар өз мойнына алған міндеттемелерін орындай алмай қалды: астығы дымқылданып, сапасы құлды­раған. Мемлекет бұл тұрғыда да жеңілдік жасап отыр. 

«Айыппұл санкцияларын қол­данбай, орындалмаған міндетте­мелерді ақшамен өтеуге де мүм­­кіндік берілді. Немесе диқандар астық сапасының төмендегені үшін 5% мөлшерінде өтемақы төлеп, міндеттемесін 4-сыныпқа ауыстыра алады. Өз міндетте­ме­лерін орындауға биыл мүлдем мүмкіндігі жоқ ауыл шаруашы­лығы өндірушілері үшін форвард­тық сатып алу мен тауарлық несие бойынша міндеттемелерді орын­дау 1 жыл мерзімге кейінге қалды­рылды. Олар үшін 2023 жылғы ко­миссия ақысы бекітілді. Бір жылға ұзарту үшін фермер тек 3% банк сыйақысын төлеуге міндетті болады», – деді Ауыл шаруашы­­­лығы министрі.

Шаруалар «Азық-түлік кор­по­рациясының» жемдік бидайды да тікелей сатып алуын сұрайды. Бұл астық өндірушілердің қар­жылық жағдайын жақсартуға мүмкіндік берер еді: дымқыл­да­нып, бұзыл­ған егіннің үлкен бө­лігі тек мал­дың жеуіне жа­рай­ды. Егіншілердің тілегіне құлақ түр­ген министрлік 350 мың тонна көлемінде 4-сы­ныпты бидайдың әр тон­насын 105 мың теңгеден, 5-сыныпты бидай­ды 90 мың теңгеден, сыныпты емес бидайды 70 мың теңгеден тікелей сатып алуды ұсынды. Сатып алу бюд­жеттен тиісті қаражат бөлінген­нен кейін жүзеге асырылатын болады.

Егіннің шығымдылығы аз бол­­ғанымен, бір бөлігі қурап не шіріп кеткенімен, ел астықтан биыл тарықпайды. Премьер-Министрдің орынбасары Тамара Дүйсенованың сендіруінше, Қазақстан өзін нан және ұн өнім­дерімен толықтай қамтамасыз етіп отыр. 

Ол қолайсыз климаттан зардап шеккен егіншілерге мемлекеттің көмекке келгенін жеткізді. 

«Мемлекет басшысының тап­сырмасы бойынша тауар өндіру­шілерді қолдау мақсатында ас­тықты кептіру үшін 62,5 мың тон­­на арзандатылған дизель оты­ны бөлінді. Қаржы институттары айыппұл санкцияларын қолда­нудан бас тартып, несиелер мен қарыздарды өтеу мерзімін ұзарту­ды жүзеге асырып отыр. Агро­өнеркәсіп кешенін субсидиялауға қосымша қаражат бөлу және «Азық-түлік корпорациясының» астықты тікелей сатып алу мәсе­­лелері пысықталып жатыр», – деп атап өтті Тамара Дүйсенова.

Мысалы, су тапшылығы сал­дарынан жергілікті ауқымдағы ТЖ режимі жарияланған Жамбыл облысының шаруаларына күйіп кеткен астығы үшін өтемақы тө­леу жұмыстары жүргізілуде. Бұған 3,7 миллиард теңге бөлінді.

Ішкі нарықта бидай бағасын тұрақтандыру және «сұр им­порт­ты» болдырмау мақсатында Қа­зақ­станға теміржолмен және жүк көліктерімен шетелден астық әке­луге тыйым салу мерзімі 2024 жыл­­­­­­дың 11 сәуіріне дейін ұзар­­­тылды. Бұл шектеу шаралары лицензияланған элеваторларға, астық өңдеу және құс шаруашы­лығы кәсіпорындарына қолда­ныл­майды. Олар Ресейден қажетті көлемде астық импорттап жатыр. Сонымен қатар астықты өз қа­жеттіліктеріне пайдаланатын отан­­­­­­­­­­дық өндірушілерге де им­порт­­та шектеу болмайды.

Қорыта айтқанда, биыл жина­латын астықтың көлемі елімізді нанмен және ұнмен толық қамта­­масыз ету үшін жеткілікті болады. Экспорттық мүмкіндіктер де сақ­­талады.

Елдос СЕНБАЙ