Себебі оңай олжаға кенелгісі келетіндердің психологиясын олар да жақсы біледі. Айталық, астаналықтардың арасында да алаяқтарға алданып, опық жегендер көп. Олай болса, қаржы пирамидасын қалай ажыратуға болады? Қауіптің алдын алып, алаяқтардың әрекетіне тосқауыл болу үшін не істеу керек?
Шындығында, соңғы жылдары қаржы алаяқтары және одан сақтану жолдары туралы ақпараттан көз сүрінеді. Күн сайын құқық қорғау органдары күмәнді қаржы пирамидаларының жолын кесіп, өз кезегінде тұрғындарға да кепілдендірілген ақшаның артында алаяқтардың әрекеті жасырынып тұратынын жиі ескертеді. Астана қаласы ПД Криминалдық полиция басқармасының бастығы, полиция полковнигі Дастан Қалиевтің айтуынша, биыл елорда аумағында ақпараттық технологияларды пайдалана отырып жасалатын 3 700-ден астам қылмыстық құқықбұзушылық тіркелсе, 690 іс ашылыпты. Тұрғындарға келтірілген залал 2 млрд 600 млн теңгеден асып жығылған. Мәселен, жыл басында «Аманат Хоумға» қатысты «қаржы пирамидасын құру және оған басшылық ету» бабы бойынша қылмыстық іс тіркеліп, Астана қаласы бойынша Экономикалық тергеу департаментіне берілді. Тіпті, осы күні ұрлық, тонау, қарақшылық сияқты дәстүрлі қылмыстарды қаржы алаяқтары артта қалдырған. Оның себебі, бұл қылмыс түрлерінің азаюына заманауи технологияларды енгізу және тұрақты жүргізілетін жедел-профилактикалық іс-шаралар есебінен бірлескен күш-жігер арқылы қол жеткізілді. Алайда ақпараттық технологияларды қолданатын құқықбұзушылықтарға келетін болсақ, қазіргі тілмен айтқанда, қаржы алаяқтарының саны жыл санап көбейіп келеді. «Тәжірибе көрсеткендей, шабуылдаушылардың қолынан зардап шеккендердің бәрі бірдей құқық қорғау органдарына жүгінбейді. Сондықтан нақты сандар статистикадан едәуір көп болуы да мүмкін», – дейді Дастан Ғабдурахимұлы.
Алаяқтардың алдауына түскендердің жас ерекшеліктері әртүрлі. Дегенмен олардың арбауына түскендердің арасында егде жастағы адамдар жиі кездеседі. Себебі олар көбіне жаңа технологиялармен таныс емес және күмәнді ақпараттан хабары жоқ. Сондықтан олар қаржы алаяқтарынан сақтанып жатпайды. Сондай-ақ қылмыскерлердің қармағына түскендердің қатарында жеңіл ақша іздейтін адамдар да көбейіп отыр. Тәжірибе көрсеткендей, көп адам аз ақшадан көп пайда тапқысы келеді. Осылайша, салған жинақтарын қысқа мерзімде көбейтіп беруге көзсіз сенім артады екен.
Сол үшін елордалық Полиция департаменті қала әкімдігімен бірлесіп тұрақты негізде интернет алаяқтықты азайтуға және халықтың қаржылық сауаттылығын арттыруға бағытталған алдын алу іс-шараларын тұрақты жүргізуде. Осылай деген Дастан Қалиев: «Біз қазір әкімдікпен бірге әртүрлі ақпараттық түсіндіру шараларын өткізіп келеміз. Оның ішінде орта және жоғары білім беру мекемелерінің мектеп оқушыларымен, коммерциялық және коммерциялық емес ұйымдардың қызметкерлеріне «Алаяқтардың айла-амалдарына қалай түспеуге болады? Өз жинағыңды алаяқтардан қалай қорғау керек?» деген тақырыпта дәрістер ұйымдастырылады. Одан бөлек, тұрғындар көп жиналатын орындарда еріктілер қозғалыстарымен бірлесіп ақпараттық-профилактикалық сипаттағы буклеттер таратылады, көшелерде трафареттерді пайдалана отырып ескерту жазулары жазылады, сауда-ойын-сауық орталықтарында және қала базарларында аудио және бейнероликтер таратылады. Себебі қазіргідей интернет пен қаржы алақтығы кең таралған тұста кез келген адам қырағы және сақ болуы маңызды. Интернеттегі алаяқтық туралы хабардар болу қылмыстық шабуылдардың алдын алуға және өзіңізді ғана емес, жақындарыңызды да қауіптен қорғауға көмектеседі», – дейді.
Оның айтуынша, алаяқтардың негізгі схемалары ұқсас. Біріншіден, қылмыскер банктердің немесе құқық қорғау органдарының қауіпсіздік қызметі қызметкерлерінің атынан қоңырау шалады. Әңгімелесу барысында қаскүнемдер банктік шоттарды пайдалана отырып жүргізілетін рұқсат етілмеген, алаяқтық операциялар не әлеуетті құрбандардың атына, яғни қоңырау шалған адамға қарыздарды ресімдеу туралы хабардар береді. Осындай жағдайда ең абзалы – әңгімені үзіп, бұл туралы полицияға хабарлау қажет. Тағы бір ескеретін жайт, ешқандай жағдайда дүрбелеңге түспеу керек. Өйткені бірінші кезекте алаяқтар сұхбаттасушыны қорқытуға және бағытын өзгертуге, банктік шоттар мен келіп түскен СМС-хабарламалар бойынша барлық мүмкін мәліметтерді алуға тырысады. Сол үшін полиция қызметкерлері ешқандай қосымшаларды орнатпауды ерекше ескертеді. Әсіресе, AnyDesk, RustDesk, TeamViewer секілді құрылғыларды қашықтан басқаруға арналған қосымшаларды орнату – алаяқтардың құрбанына айналдыруы оңай. Екіншіден, әлеуметтік желілерде және сауда алаңдарында тауарлар мен қызметтерді сату сияқты қаржы алаяқтығының түрі артқан. Мәселен, бұл қылмыскерлердің әртүрлі тауар, әртүрлі қызметті «сату» үшін әккілердің ойлап тапқан айласы десек болады. Әдетте бұл автомобильдер, тұрмыстық техника, жиһаз, киілетін заттар, аксессуарлар, тұтыну тауарлары, тамақ өнімдері және т.б. қызмет түрлері болуы мүмкін. Қылмыскердің мақсаты – пайда табу. Сондықтан олар уақыт күттірмей кез келген жолмен ақша қаражатын алдын ала төлем ретінде аударуды сұрайды. Мұндай жағдайда сауда-саттықтан бас тартқан жөн. Тауарды өз көзіңізбен көрмей, қаржы аударымын жасату – алаяқтардың ең сүйікті әдісі. Үшіншісі – фишингтік сайттарды пайдалану. Мұндай әдісті қылмыскерлер дербес деректер мен банктік мәліметтерді жинау үшін сәтті пайдаланады. Бір қарағанда мұндай сайттарды ресми сайттармен ажырату қиын. «Мысалы, сіз сайттардың бірінде хабарландыру жарияладыңыз және сізге бұрын таныс емес адам хабарласып, тапсырысты ресімдеуді сұрайды. Артынан өздерінің жалған сілтемесін жібереді. Сілтемені басу арқылы сіздің деректеріңізді, яғни аты-жөніңізді, туған жылыңызды, банк картасының нөмірін, жарамдылық мерзімін және CVV кодын енгізу сұралады. Толтырылғаннан кейін банк картасынан ақша қаражатын есептен шығару басталады», – дейді Дастан Ғабдурахимұлы. Төртіншіден, криптовалютаға, бағалы қағаздар секілді инвестициялаудың түрін айтып, түрлі айла-шарғыны орындайды. Қазір жаңа мүмкіндіктер мен технологиялардың келуімен криптовалюталардың қозғалысы да белсенді даму үстінде. Мұны түсінетін алаяқтар да үлкен табысқа ие болудың жолын осы жерден іздеуге көшті. Мысалы, әлеуметтік желілерде акцияларды немесе криптовалюталарды сатып алу және сату туралы жарнамалар салынады. Осындай жарнама арқылы хабарласатын алаяқтар ұлттық компанияның немесе брокерлерге қызмет көрсететін басқа ұйымның қызметкері ретінде хабарласып, «тиімді» ұсыныстарын жеткізеді. Сөйтіп, тұрғындарды бизнесін бастау үшін бастапқы кезеңде аз мөлшерде ақша салуға көндіреді. Бірнеше күннен кейін олар адамдардың сеніміне кіру мақсатында тапқан пайдасымен салынған ақшаны қайтарады. Осыдан кейін олар екінші рет қомақты соманы төлеуді сұрайды. Алаяқтардың айла-амалдарына тап болғандардың көпшілігі осындай оңай олжаға сенгендер. Олардың көбі интернет сайттардың мүмкіндігіне молынан сеніп қалғандар. Шын мәнінде, ақша жинағының өсуін бақылап отыратын жеке кабинеттер туралы жарнаманың барлығы жалған. Бесіншіден, егде жастағы азаматтарға қоңырау шалатын алаяқ көп. Бұл әдістегі кең таралғаны – қылмыскер құқық қорғау органдарының қызметкерлері атынан хабарласып, жақын адамының үстінен қылмыстық іс қозғалғаны туралы хабардар етеді. Артынша қылмыстық жауапкершіліктен босату пара ретінде ақша сұрайды. Өз кезегінде олар әртүрлі интернет платформаларда жеке еңбек қызметін жүзеге асыратын кәнігі алаяқтарды жібереді. Сондай-ақ қазір заңсыз қаржылық операцияларды жүргізу немесе қылмыстық жолмен алынған ақшаны жылыстату үшін өздерінің банктік карталары мен жеке деректерін беру арқылы қылмыскерлерге жәрдем көрсететін алаяқтықтың түрі де кеңінен таралып отыр. Көбіне мұндай ұсынысқа ұрынатындардың арасында студенттер, жұмыссыз жастар мен оңай табыс іздейтіндер көп.
Сонымен бірге үшінші тұлғалардың банктік карталарын қолдана отырып, қылмыстық жолмен алынған ақшаны қолма-қол ақшаға айналдыруға байланысты қызметке қатысатын адамдарға қылмыстық жауапкершілік қарастырылады. Жақында осындай қылмыстық жолмен алынған ақшаны қолма-қол ақшаға айналдырған Ресей азаматы 6 жыл мерзімге сотталды. Қазір осындай үшінші тұлғалардың банктік карталарын пайдаланған 79 адамға қатысты тергеу әрекеттері де жүргізіліп жатыр.
Астана қаласы ПД Криминалдық полиция басқармасының бастығы осы күні әлемнің 30-дан астам елінде қаржы пирамидаларының қызметіне тыйым салынғанын айтады. Алаяқтықтың бұл түрі Канада, Франция, Италия, Қытай, Ұлыбритания, Біріккен Араб Әмірліктерінде қатаң бақыланады. Біздің елімізде де қаржы пирамидасын құрғандарға заң қатал. Қылмыскерлерге ел заңы бойынша Қылмыстық кодекстің 217-бабы бойынша мүлкі тәркіленіп, 12 жылға дейін бас бостандығынан айыруға дейін барады. Сондай-ақ белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан өмір бойы айыру көзделген. Қаржы пирамидасын жарнамалағандарға да жауапкершілік бар. Оларға қолданыстағы заңның негізінде мүлкі тәркіленіп, 4 жылға дейін бас бостандығынан айыру көзделеді. Одан бөлек, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен үш жылға дейінгі мерзімге айналысу құқығынан айыру кіреді. Сондықтан Дастан Қалиев «Интернет сайттарда тауарлар мен қызметтерді сатып алу кезінде ерекше қырағы болу керек. Өзіңіз бен жақындарыңыздың жеке мәліметтері мен банктік есепшоттары туралы деректерді құпия ұстаған жөн» деп отыр. Ал егер қаржы пирамидасынан байланысқа шыққаны туралы күмән туындаса, тұрғылықты жері бойынша құқық қорғау органдарына хабарласу қажет. Болмаса Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне немесе Қаржы мониторингі агенттігіне жүгінген жөн. Бір сөзбен айтқанда, кез келген күмәнді ақпараттың артында алаяқтар тұрмасына кепілдік жоқ екенін ескерсек, әр істі бастамас бұрын жеті рет өлшеп, бір рет кесу артық етпейтіні анық.
Жадыра МҮСІЛІМ