Жақында Klick Labs халықаралық биотехнологиялық компаниясы смартфондағы 10 секундтық дауыстық жазбаның көмегімен адамда диабеттің 2-ші түрін анықтауға болатынын дәлелдеді. New Atlas сайтында жарияланған мақалада диабет адамның дауысын өзгертетіні айтылды. Осы материалға сүйене отырып Aikyn.kz диабет пен дауыстың арасында қандай байланыс табылғанын түсіндіреді.
Фото Depositphotos сайтынан алынды
Қант диабетімен ауыратын 267 адам қатысқан зерттеуде Klick Labs биотехнологиялық компаниясының ғалымдары дауыстың акустикалық сипаттарын талдаған.
Дені сау адамдар мен диабетпен ауыратындардың дауыстарында құлаққа естілмегенмен арнайы бағдарламалар арқылы білінетін едәуір айырмашылықтар болатыны анықталған.
Зерттеуге қатысатындар екі апта бойы күніне алты рет қолданба арқылы өз смартфонының диктофонына белгілі бір ауызша сөйлемді жазып алып отырған. Әр адамның сөйлеу жылдамдығына байланысты бұл жазбалар 6-10 секундқа дейін созылған.
Қант диабетінің қауіптері туралы төмендегі видеодан көруге болады:
Алынған 18 465 жазбадан 14 акустикалық сипаттама талданған кезде, қант диабеті бар және сау қатысушылардың дауысының биіктігі мен қарқындылығы арасында ерекшелік бар екенін көрсеткен.
Бұл айырмашылықтарды адам құлағы анықтай алмаса да, оларды сигналды өңдейтін бағдарламалық құрал арқылы тіркеуге болады екен. Яғни, 2-ші типті қант диабеті адамның дауысында нәзік өзгерістерді тудырады деген болжам расталған.
Осы теорияны ескере отырып, ғалымдар жасы мен жынысы, бойы мен салмағы сияқты пациенттердің жеке мәліметтерімен бірге дауыс жазбаларын талдайтын жасанды интеллект бағдарламасын жасады. Сынақтан өткен еріктілерде, бағдарлама 2-ші типті қант диабеті бар әйелдерді анықтауда 89% және қант диабетімен ауыратын ер адамдарды анықтауда 86% дәл болған.
Фото docmed.ru сайтынан алынды
Технология дамыған сайын бұл цифрлар жақсарады деп күтілуде. Ал қазіргі дәстүрлі зертханалық сынамаларда диабетті анықтауға арналған аш қарынға алынған қандағы глюкоза сынақтарының дәлдігі 85%, ал гемоглобин мен ауыз қуысынан алынған сынақтар сәйкесінше 91% және 92% дәлдік береді.
«Қазіргі қант диабетін анықтау әдістері уақытты қажет ететін, зертханаға баруды қажет етеді және қымбат болуы мүмкін. Дауыс технологиясы бұл кедергілерді толығымен жоя алады», – дейді Klick Labs зерттеушісі Джейси Кауфман.
Арзан әрі жылдам, дәлдігі жоғары дауыс сынамалары диабеттің алдын алуда жақсы нәтижелер беретіні анық.