Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Жолдауында банктердің тұтыну несиесімен әуестеніп кеткенін, азаматтар-дың шектен тыс қарызға батып жатқанын айтқан еді.
Несие қамыты батып барады
1,109
оқылды

Президент сондай-ақ ахуалды түзеу үшін жаңадан жүйелі шаралар қабылдау қажеттігін, азаматтардың қаржы сауатын арттыру өте маңызды екенін атап өткен болатын. Кеше Мәжілісте бұл тақырыпта өткен парламенттік тыңдауда осы проблема жан-жақты талқыланды.

Тыңдауынан сұрауы көп болған жиын

Мәжілістің Қаржы және бюд­жет ко­ми­теті ұйымдастырған пар­ла­мент­тік тың­дау «Халықтың ша­мадан тыс кредит алуын азайту және қар­жы­лық сауат­ты­лық­ты арт­тыру» та­қырыбына арналды. Оған Мәжіліс пен Сенат депутат­тары, орталық мем­­лекеттік және жергілікті ат­қару­шы орган­дар­дың, Ұлт­тық банктің бас­­шылары, «Қа­рыз­сыз қоғам» жо­ба­сының ұйым­дас­тырушылары мен қа­тысу­шы­лары, қоғамдық ұйымдар мен БАҚ өкілдері қатысты. Жауапты орган­дар – Үкімет мүшелері, агент­тіктер мен құ­зырлы ме­кемелердің бас­шылары ар­найы ша­қырылды.

Жиында халықтың кредит алуын төмендету және қаржылық сауат­тылығын арттыру, лудомания мен ки­бер­қыл­мыс­тың, соның ішінде интернет алаяқ­тық­тың кесірінен азаматтардың кредитке батуы, сондай-ақ жеке сот орын­даушы­ла­рының қаржы ұйымдары­ның пай­дасына қарыздарды өндіріп беруі туралы шаралар талқыланды. Іс-шарада Пре­мьер-Министрдің орынбасары – Қар­жы министрі Ерұлан Жамаубаев, Қар­жы нарығын реттеу және дамыту агент­тігінің төрайымы Мәдина Әбілқа­сы­мова, Ішкі істер министрінің орын­ба­сары Игорь Ле­­­пеха, «Қазақстан қаржы­гер­лер қауым­дастығы» заңды тұлғалар бір­лестігінің төрайымы Елена Бахмутова, Республи­ка­лық жеке сот орындаушылары пала­та­сы төрағасы Айдос Иманбаев, «Қазақ­стан­ның Қаржы мәдениеті» қо­ғамдық қоры Қамқоршылық кеңесінің төрағасы Юрий Ли баяндама жасады. Ал «Қарыз­сыз қоғам» жобасының ұйым­дас­тыру­шы­лары мен қатысушылары жоба тур­а­лы кеңі­нен мәлімет берді. Парламент қа­быр­­ғасында ерекше сипатта өткен бұл жиын­нан аңғарғанымыз, халықтың шек­тен тыс қарызға бату проблемасын шешу ба­ғытында елеулі қозғалыстар бар екен. Бұл да болса Президенттің тікелей тап­сыр­масымен жүзеге асып жатқан шаруа­лар­дың алғашқы жемісін бере бастағанын біл­­діреді. Оны бірінші кезекте Мәжіліс Төрағасы Ерлан Қошановтың сөйлеген сөзінен байқадық.

«Өздеріңіз білесіздер, мемлекет бұл рет­­те қиын жағдайға тап болған азамат­тарға барынша көмек қолын созып ке­ле­ді. Президент 2019 жылы 500 мың аза­­­маттың кепілсіз кредитін кешіру туралы шешім қабылдады. Сондай-ақ «Жеке тұл­ғалардың банкроттығы туралы» заң да өз тиімділігін көрсетті. Мемлекет бас­шы­сы өз Жолдауында несие мәселесіне кеңі­­нен тоқталып, оны шешу жолдарын қарастыру туралы тапсырма берген бола­тын. Соның бір жолы – «AMANAT» пар­­­­­тиясының «Қарызсыз қоғам» жобасы. Халықтың қаржылық сауатын арттыруға бағытталған бұл жұмыстар жалғаса бе­ретін болады. Әйтсе де, жағдайды түбе­гейлі түзеу үшін әлі де кешенді шаралар қажет. Ол үшін ең әуелі проблеманың та­мырына терең үңілуіміз керек. Мә­се­лен, мұнда қаржы ұйымдарының да бел­гілі бір рөлі бар деп санаймын. Самсаған жар­нама мен несие алудың жеңілдігі ахуалды ушықтырып отыр. Ойлап қа­раңыз­шы, қазір онлайн несиені 14-16 жас­тағы бала да оп-оңай рәсімдей алады. Тек смартфоны мен интернеті болса бол­ғаны. Ал осынау  жасөспірім қар­­жылай жауапкершілік дегенді біле ме? Кейін­нен оның несиесін әке-шеше, ата-әжесі төлеп жүреді. Оның үстіне, несиеге тәуел­­ділік, өкінішке қарай, жалпыха­лық­тық сипат алған құбылысқа айналып ба­ра­­ды. Жасыратыны жоқ, қазір банк­тер­­ден шектеусіз кредит алып, қарызға бел­­шесінен батып отырған азаматтары­мыз көп. Бір басында екі және одан да көп несиенің болуы қалыпты жағдайға ай­налған. Халық несие қамытын киіп отыр десе де болады. Адамдардың несиеге тәуелділігі мен қаржылық сауатының тө­мендігі үлкен әлеуметтік проблемаға ай­­налды. Мысалы, бүгінде еліміздегі ең­бек­ке қабілетті халықтың 84 пайызының не­сиесі бар екен. Бұл – шамамен 8,5 мил­­лион адам деген сөз. Соның ішінде 1,7 миллион адам қарызын уақытылы тө­лей алмай жүр. 90 күннен кешіктірілген несие көлемі 1,3 триллион теңгеден ас­қан. Осының бәрі жағдайдың ушығып ба­ра жатқанын көрсетеді. Осы тұста банктер бұрынғы кредиттері жабылмаған азамат­тарға неліктен несие береді деген сұрақ туындайды», – деді Ерлан Жақанұлы.

«AMANAT» партиясының Төрағасы осы ретте бұл проблеманы шешудің бір­не­ше жолын ұсынып отыр. Олар – несие бе­ру талаптарын заңнама деңгейінде қа­­таңдату, соның ішінде: төлем қабілеті тө­мен азаматтарға несие беруге тыйым салу, онлайн несие беруді қатаңдата түсу, кредит беру шарттарының қанаушылық си­патын қайта қарау, жеке тұлғаларға ар­налған сыйақы мөлшерлемесінің ше­гін төмендету және оларды коллекторлық ұйым­дарға сатуға толық тыйым салу. Осы ретте кәмелетке толмаған балалары бар отбасылардың жалғыз баспанасынан айы­рылып, далада қалуына жол бермеу керек. Расында да, бұл заңнаманың ар­тын­да қаншама миллиондаған адамның тағ­дыры тұр. Өйткені оңай ақшаға қол жеткізу үшін ойланбай қадам басқандар көп ретте ажырасып, ішімдікке салынып, лудоманияға ұрынып, суицидке барып жатады. Қарыз тұзағынан шығуға ұмтыл­ған адамдардың қаржы пирамидасы немесе өзгедей де алаяқтық схемалардың құрбаны боп жатқанын көріп жүрміз. Алаяқтықтан қарапайым жұртшылық та қатты зардап шегіп жатыр. Сондықтан да нақты іске көшетін уақыт келді. Ол тек партияның ғана қолынан келмесе керек, бұл тұста Үкіметтің де атқарар рөлі зор. Ол туралы Премьер-Министрдің орын­ба­сары – Қаржы министрі Ерұлан Жа­маубаев айтып берді.

«Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі қарыз алушылардың құқық­тарын қорғауды күшейту мақсатында банк­тер мен микроқаржылық ұйымдарды пру­денциалдық реттеуді қайта қарас­тыра­тын заңнамалық түзетулерді пы­сық­тауда. Түзетулер топтамасы халық­тың шамадан тыс кредит алуын төмен­детуге және борыштық жүктеменің өсуін шек­теуге, алаяқтыққа қарсы іс-қимылға жә­не қаржылық қызметтерді тұтыну­шы­лардың құқықтарын қорғауға, банк ом­будсменінің қызметін күшейтуге бағыт­талмақ. Проблемалық кредиттері бар қарыз алушылар үшін қарызды реструк­ту­ризациялауға көмек көрсетілетін бола­ды. Заңнамалық деңгейде тұтынушылық кредиттер бойынша азаматтардың борыш­тық жүктемесін шектеу қарас­ты­рылады. Мысалы, азаматтардың мерзімі өткен кредиттеріне сыйақы есептеуді шектеу, проблемалық берешегі бар қарыз алу­шыларға жаңа кредиттер беруге тыйым салу ұсынылады. Сондай-ақ ке­піл­сіз онлайн кредиттеу сегментінде тәуе­келдерді азайту мәселелері пысық­талу­да. Азаматтар өз мәселелерін банк­рот­тыққа жүгінбей шеше алатындай етіп, сотқа дейінгі реттеу аясында құқықтарын қорғауды күшейту маңызды. Бұл тұрғыда банктік омбудсмен маңызды рөл атқаруы тиіс», – деді ол.

Қаржыгерлердің айтуынша, елімізде 90 күннен аса мерзімі өткен қарыздар дең­гейі 5,2%-ды немесе 0,5 трлн теңгені құра­ған. Мерзімі өткен кредиті бар қарыз алу­шылар саны 516 мың адам немесе қа­рыз алушылардың жалпы санының 7 пайызы. Микроқаржы секторын­да қарызының жалпы сомасы 98 млрд теңгені құрайтын проблемалық қарыз алушылар саны – 347 мың адам. Мұндай деректі Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің Төрайымы Мәдина Әбілқасымова келтірді. Қаржылық ке­зеңін мерзімін айтпағандықтан, бұл ста­тис­тиканы жыл басынан бергі көрсеткіш деп топшыладық. Өз кезегінде ҚНРДА бұл бағытта 7 басым бағытты ал­дына мақсат етіп қойып отыр екен. Алғаш­қы басымдық – банктер мен мик­роқаржы ұйымдары тарапынан тұтыну­шылық кредиттерді шамадан тыс беруді шектеу. Мәселен, кепілсіз тұтынушылық кредиттер бойынша орташа борыш жыл ба­сынан бері 913 мың теңгеден 1 млн тең­геге дейін өскен. Тұтынушылық кре­дит­тердің шамадан тыс өсуін азайту үшін агенттік тұтынушылық кредиттің ең жо­ғары сомасына заңнамалық деңгейде шек­теу енгізуді ұсынады. Екінші бағыт – қарыз алушылардың кредит қабілеттілігін тиісінше бағалауды қамтамасыз ету. Қа­зіргі қолданылып жүрген 12 өлшем­шарт­тан қарыз алушыда тұрақты кірісінің болуын көрсетпейтін қосымша 4 өлшем­шарт­ты алып тастау жоспарлануда. Олар: коммуналдық қызметтер шы­ғыстары, ин­тернет дүкенде сатып алу, мү­ліктің жә­не депозитте ақша қалдығы сома­сы­ның болуы. Тағы бір талап: 21 жас­қа тол­маған азаматтарға кредиттер беру­ді шек­теу үшін кредиттер ресми к­іріс­тері рас­талғаннан кейін ғана бері­ле­тін болады.

«Үшінші негізгі бағыт – онлайн мик­рок­редит беру сегментінің шамадан тыс өсуін шектеу. Бүгінде онлайн мик­рок­ре­дит­тердің көлемі 197 млрд теңгені құрай­ды, қарыз алушылар саны 1,09 млн адам­ға жетті, оның ішінде 297 мың адамның 37 млрд теңге сомаға проблемалық мик­рокредиттері бар. Нарықты заңнама та­лаптарын орындамайтын жосықсыз субъектілерден тазарту мақсатында он­лайн микрокредит беретін компания­лардың ең төмен меншікті капиталына қойылатын талаптар 100 млн теңгеден 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап 200 млн тең­геге дейін көтерілмек. Ең төмен мен­шікті капиталға қойылатын талаптарды одан әрі кезең-кезеңімен көтеру жос­пар­лануда. Төртінші басымдық – проб­ле­малық берешекті қайта құрылымдау бойынша жағдайлар жасау. Бесінші ба­ғыт – коллекторлық ұйымдардың қыз­ме­тін реттеу. Нарықты жосықсыз субъек­ті­лер­ден тазарту бойынша тұрақты жұ­мыс жүр­гізу. Банктер мен МҚҰ жеке тұл­ға­лардың қарыздарын коллекторлық агент­­тіктерге айтарлықтай жеңілдікпен са­­тады. Өз кезегінде коллекторлар бере­шек­­ті қайта құрылымдауды жүргізбей, борыш­тың тұтастай сомасын өндіріп ала­ды. Осыған байланысты Мемлекет бас­­шысының Жарлығына сәйкес агент­тік коллекторлық агенттіктерге аза­мат­тар­дың тұтынушылық банктік кредиттері мен микрокредиттерін сатуға тыйым салуды ұсынады», – деді ол.

Осы ретте алтыншы бағыт – кәме­лет­ке толмаған балалары бар отбасыларды жылу беру маусымында жалғыз баспа­на­сынан шығаруға тыйым салу, өндіріп алу нәтижесінде банктердің меншігіне өткен баспананы жалға беру мүмкіндігін беру, қарыз алушының шотында ең төмен жа­лақыдан кем болмайтын ақша қалдығын өн­діріп алудан қорғау және тағы бас­қа­лар, ал жетінші бағыт қаржылық алаяқ­тық­қа қарсы іс-қимыл екенін атай кет­кен жөн. Десе де, бұл туралы Ішкі істер ми­нистрінің орынбасары Игорь Лепе­ха­ның баяндамасында көңілге қонымды жайлар көп болды. ІІМ бұл бағытта екі факторға назар аударып отыр. Біріншісі – кибер­қыл­­мыс­тың, соның ішінде интернет алаяқ­­тық­тың халықтың тым көп несие алуына әсер етуі. Екіншісі – өз-өзіне қол жұмсау жә­не азаматтардың қарыздарын тө­лей алмауына байланысты қылмысқа бару тенденциясының көрініс беруі. Оның айтуынша, интернет алаяқтықтың 90 пайызы шетелде отырып жасалады екен.

«Шетелдік интернет алаяқтардың» транс­шекаралық қылмыстық әрекетін тер­геу мен жолын кесудің қиындығы олар­дың орналасқан жерінде ғана емес, яғни елден тыс жерлерде, сонымен бірге олар­дың «хакерлік» бағдарламаларды пай­далануында. Өз кезегінде бұған қара­мастан, біз олармен күресуде біраз тә­жірибе жинақтап жатырмыз. «Көлең­кеде» қалу үшін алаяқтар Telegram арн­а­лар­дан тапқан Қазақстан азамат­тарының арасынан «дропер» деп аталатын адам­дар­ды пайдаланады. Оларға жәбір­лену­шілердің ақшасы түсетін бірнеше банкте шот­тар ашуды тапсырады, олардың бел­гілі бір бөлігін «дроперлер» өзіне қал­дырады (10% дейін), ал қалғандарын алаяқ­тар көрсеткен банктік және өзге де электронды шоттарға аударады. Осы­лай­ша, ұрланған ақшаның шамамен 90%-ы елден шығарылады.

Ұрланған қаражат қозғалысын уа­қытылы бұғаттай алмаудың негізгі фак­торы – жәбірленушілердің полицияға «кеш» жүгінуі. Азаматтар алаяқтардың «құр­банына» айналғанын түсінгенше ұрлан­ған ақша шоттардан алынып, шет­елге жіберіледі. Орташа алғанда, қылмыс жа­салған сәттен бастап ішкі істер о­р­ган­дарына жүгінуге кететін уақыт 3 күн­нен бірнеше айға дейін созылады. Ұзақ уақыт бойы полиция бұл мәселемен жалғыз қал­­ды деп айтуға болады. Бұл мәселенің географиялық және техникалық күр­делілігі, сондай-ақ азаматтардың саналы жауапкершілігінің төмен деңгейі де өзін­дік рөлін ойнап отыр», – деді ол.

Вице-министрдің айтуынша, кибер­қыл­мыстың заманауи сын-қатерлеріне қар­сы тұру үшін биыл шілде айынан бас­тап барлық өңірде CyberPol маман­дан­дырылған жедел тергеу топтары (же­дел уәкілдер, тергеушілер және кри­ми­налистер) құрылған. Олар «бір терезе» қа­ғидаты бойынша жұмыс істейді, банк­термен және ұялы байланыс опе­ра­тор­ларымен тікелей өзара іс-қимыл жасай­ды, бұл жәбірленушілер полицияға уа­қы­тылы жүгінген кезде ақшаны жоғалту тәуе­келдерін елден тыс шығару саты­сын­да азайтуға мүмкіндік береді. Одан бөлек, Ұлт­тық банк базасында қаржы сек­то­рын­да алаяқтыққа қарсы күрес бойынша бар­лық мемлекеттік органды тарта оты­рып, алаяқтыққа қарсы Антифрод-ор­талық құру мәселесі шешілуде екен. Ор­­талықтың қызметі жедел мониторинг жүргізуге, алаяқтық операциялардың бел­гілерін анықтауға және қажетті шара­лар қабылдауға мүмкіндік береді. Игорь Лепеха, мұның сыртында шетелдік әріп­тестерімен де тығыз жұмыстар жүргізіліп жа­тқанын жеткізді.

Бүгінгі жиыннан түйгеніміз: дәл қа­зір тек проблеманың ауқымы мен сипаты ай­қындалып отыр. Ал атқарылар жұмыс өте көп. Оған жауапты органдардың ша­бан­дығы көңіл көншітпейді. Осы ретте де­путаттар жиын барысында жауапты ор­гандардың жұмысын сынға алды. Мә­селен, «Банкроттық туралы» заң күшіне ен­гелі 68 мыңнан астам өтініш түскен бол­са, оның 55 мыңының банкроттық рә­сімге сәйкес келмейтіні анықталған. Оның негізгі себептері: борышкерлердің мүлкінің болуы, қарыз сомасы мен төлем мерзімі бойынша сәйкессіздіктер және кредитормен борышты дұрыс реттемеуі. Нәтижесінде, бүгінде тек 8 млрд теңгеден астам борыш сомасына 5,6 мыңға жуық азамат банкрот деп танылды. Осы қолдан жасалып отырған кедергіге наразылығын білдірген депутаттар, шұғыл шаралар қа­былдауды талап етті.

Бір сөзбен айтқанда, бұл парламенттік тыңдау шақырылғандар тізімі бойынша да, қатысқандар саны бойынша да маңы­зы едәуір зор жиын болды. Тіпті, тыңдауы емес, сұрауы көп тыңдау болды деуге болады. Өйткені баяндама бөлімі біткен шақ­тағы сұрақ қоюға кезекке тұрған депу­таттар саны 28-ге бір-ақ жетті. Әр сұрақ­тың нысанасы дәл, жүгі ауыр еді. Оған берілген жауаптардың сырғытпа­лығы да, нақтылығы да жауап берушілерді жауапкершіліктен босатпасы анық еді. Өйткені мұның артында халықтың әл-ау­қаты тұр. Ендеше парламенттік тың­даудың қорытындысы бойынша Қа­зақ­стан Үкіметіне ұсынымдар әзірленетін бо­лады.

Партиялық жобадан жалпыхалықтық бағдарламаға дейін

Естеріңізде болса, биыл «AMANAT» пар­тиясы «Қарызсыз қоғам» жобасын бас­таған болатын. Қысқа уақыт ішінде өз тиімділігін көрсеткен бұл бастаманы Пре­зидент те Жолдауында ерекше атап өтіп, жалпыхалықтық бағдарламаға ай­нал­дыру керектігін айтқан еді. Қазір бұл жоба Үкіметпен, құзырлы органдармен жә­не жергілікті әкімдіктермен бірге бү­кіл ел бойынша іске асырыла бастады. Биыл «Қарызсыз қоғам» бағдарламасы ар­­қылы 60 мың адамды оқыту жоспар­лан­ған болса, бүгінге дейін 52 мың адам бі­лім алған. Қатысқан адамдардың 64,1 пайызы – әйел адам, 56,9 пайызы – көп­ба­лалы отбасы өкілі, 10,7 пайызы – жұ­мыс­сыздар, 13 пайызы – 60-тан асқан зей­неткерлер. Оқыту шараларына 60 са­рап­шы, 18 заңгер тартылған. Сарап­шылар 45 адамға банкроттыққа өтуге кө­мектесіп, 1 181 адамға несиесін рес­трук­­­туризация жасап, 2 551 адамға де­по­зит консультациялық көмек жасаған. Бағ­дарламаның өзектілігін және уақы­тын­да қолға алынған шара екенін жұрт­шы­лық та мойындап отыр. Парламенттік тыңдау кезінде «AMANAT» партиясының Хатшысы Эльдар Жұмағазиев «Қарызсыз қоғам» бағдарламасы аясында жүзеге асы­рылған шаралар жөнінде ақпарат бер­ді. Оның айтуынша, негізінен қазақ­стандықтар несиені той, тұрмыстық тех­ника сияқты қажеттіліктер үшін, сон­дай-ақ көпбалалы отбасылар оқу жылы бас­талар алдында балаларды киіндіру мақ­сатында алады екен.

«Біз сөйлескен жағдайы қиын аза­маттар «Мешіт, партия, әкімдік кө­мек­тесіп жатыр, бірақ жетпейді» деп шағым ай­­тады. Ал өздері несиеге күн көруге мәж­­бүр. Қыс жақындағанда көмір алу үшін несие алады. Балалардың саны кө­бейген сайын үйдің ауқымы да өседі. Үй­дің жанына құрылыс қосу керек, тағы­сын тағы деген сияқты. Той-салтанат, тағы да басқа шығындар бар. Тағы да қо­­­сымша айтатын нәрсе: көпбалалы отбасылар дүкеннен нан сатып алмайды екен. «Күніне он таба нан басамыз, сөй­тіп балаларымызды асырап отырмыз» дейді. Біз қаржылық сауаттылық бойын­ша сабақ өткізу барысында олар­дың үнем­деу мәдениетін қалыптастырып жа­­тыр­мыз. Сусын, шемішке, чипсы алған­­ша, ондай керексіз шығынға жұм­саған ақшаны депозитке салыңыз деп үйретеміз. Әрине, мардымсыз қаржы, бірақ теңге тиыннан құралатынын түсіну керек. Мәселен, көпке үлгі боларлық кейс жайлы айтып өтсем. Бір отбасы ба­ласы 1-сыныпқа барғанда ата-анасы де­позит ашқан. Күйеуі құрылысшы, әйе­лі еден жуушы. Екеуі бірігіп, артық ақ­шасының бәрін депозитке жинай бер­ген. Қазір бала 8-сынып оқиды, шотында 15 миллион теңге бар. Осы отбасын мы­сал етіп, бә­рі­не айтып жүрміз. Одан бө­лек, 2 000-нан көп адамға жеке кәсіп­кер­лік ашуға кө­мектестік. Нағыз сұранысқа ие болған ша­рамыз – отбасының бюд­же­тін қалып­тас­тыру мәселесі. 15 908 те­гін бизнес жос­пар жасауға көмектестік. Мәселен, Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы Бәйдібек ауылының тұрғыны, көп­балалы ана, жасы – 37-де. Күйеуі жұ­мыс істейді, жалақысы – 128 мың теңге. Мойындарын­да жеті кредит бар. Оның төр­теуін шама­сы келіп төлеп отыр. Үшеуін төлеп отыр­ған жоқ. Қазір біздің кү­шімізбен өзі ша­ғын наубайхана ашып, та­бысын кө­бей­тіп отыр», – деді Эльдар Ты­нышбайұлы.

Келтіре берсе, халықтың қарызға батуы туралы мысал көп. Соның ең ауы­ры – Батыс Қазақстан облысы Теректі ау­данында тұратын зейнеткерлермен бай­­ланысты. Олардың атынан балалары мен немерелері несие алған. Бірі – 72, бірі 69 жастағы ата мен апаның ортақ та­бы­сы 150 700  теңге болса, қазір зейне­та­қысының 85 пайызы несиені жабуға кетіп отыр. Тағы бір мысал – БҚО Бөрлі ауданындағы 22 жастағы студент қыз. Әке-шешесіне айтпай, «оқуға төлеймін»  деп 2,5 млн теңге қарыз алған, бірақ оқудан шығып кеткен. Айлық төлемі – 285 мың. Ал өзінің тауып отырғаны – бар болғаны 70 мың теңге. Соған байланысты «Қарызсыз қоғам» өкіл­дері банктермен келісіп, төлема­қы­сын 80 мыңға төмен­де­тіп берген. Пар­ла­менттегі жиынға «Қа­рызсыз қоғам» жо­басының қатысу­шысы, Түркістан об­лысы Түлкібас ау­да­ны­ның тумасы, төрт баланың анасы Мөл­дір Тұрысбекова да арнайы келіп қа­тысты. Ол өзінің басынан өткен оқи­ғаны бөлісіп, жобасының өзіне пайдасы зор болғанын айтып берді. Көп­ба­лалы ана­ның төрт несиесі бар екен.

Осы ретте Эльдар Жұмағазиев жобаға қа­­тысқандардың 63,1 пайызы банк не­сие­сі жайлы ақпарат білмейтінін, 69 пайы­з­ының ертеңге күнелтетін ақшасы жоқ екенін айтып отыр. Азаматтар алған жалақысын алғашқы аптада-ақ сауып тас­тайды. Сондай-ақ оқудан өткен аза­мат­тардың 38 пайызының мойнында екі-үш кредиті бар. 13 пайызының 10-нан аса несиесі бар.

«Бұдан шығатын қорытынды: азамат­тарда үнемдеу мәдениеті жоқ, қаржылық сауаттылық деңгейі төмен. Бізге сыныпқа келген халықтың 80 пайызы «табысты қалай көтеру керек, соның жолдарын айт­саңыздар» дейді. Дұрыс емес дағдылар адам­дардың табысын көтеруге кедергі бо­лып тұр. Сондықтан да халықты жап­пай сауаттандыру үшін қаражат бөлінуі тиіс деп есептейміз. Соған байланысты «Ауыл аманаты» бағдарламасының мәр­тебесі өсіп жатыр. Ауыл шаруашылығы ми­нистрлігі мен әкімдіктер осы бағдар­ла­ма шеңберінде несие алу үшін тұрақты не­гізде кеңестер беретін болады. Біз, мә­селен, биыл 60 мың адамды оқытсақ, ке­лесі жылы бұл көрсеткішті он есе арт­тырып, 750 мың адамды оқытамыз деп жоспарлап отырмыз. Оның ішінде мек­теп, колледж, университет оқушылары және 200 мыңнан аса ауыл тұрғыны бар. «AMANAT» партиясының жанынан Сall-center ашылады. Тек кабинеттермен шектелмей, бүкіл халыққа қызмет ететін онлайн платформаны іске қосамыз», – деді Эльдар Жұмағазиев.

Бұл ретте Үкімет те мүдделі мемле­кет­тік органдармен бірлесіп қажетті жұ­мыс­тар жүргізуде. Атап айтқанда, арнайы Жол картасы әзірленіп, бекітілген. Ол 6 не­гізгі бағыт бойынша 25 іс-шараны қам­ти­ды. Сон­дай-ақ бірігіп іс-қимыл жасау үшін мем­лекеттік органдар мен «AMANAT» пар­тиясы арасында Ынтымақтастық тура­­лы меморандум жасалған.

«Жол картасының әрбір бағыты бойын­ша жұмысты үйлестіру үшін әкім­діктерде жауапты лауазымды тұлғалар бе­кітілді. Республикалық маңызы бар 3 қа­лада және еліміздің 17 өңірінде халық­пен тікелей жұмыс істейтін өңірлік Жо­ба­лық кеңселер құрылуда. Жобалық кең­­селердің негізгі міндеті – кредиттер бойынша мерзімі өткен берешекті реттеу, қаржылық алаяқтықтан қорғау, сондай-ақ азаматтардың банкроттық мәселелерін шешуге, жұмысқа орналастыруға жәр­дем­десу және бизнесті қолдау шараларын ұйымдастыру. Әкімдіктер жобалық офис­тер­дің жұмысы үшін қажетті ғимараттар мен материалдық-техникалық базаларды бөлетін болады», – деді Премьер-Ми­нистр­дің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев. 

Жобаның тағы бір маңызды бағыты – азаматтардың, оқушылар мен сту­дент­тердің қаржылық сауаттылығын арт­тыру. Өйт­кені елімізде жастардың 85%-ы смартфон, басқа да гаджеттерге әуес. Осыған байланысты жиі несиеге ұры­нады. Сол себепті бүгінде жоғары оқу орын­дарының студенттері үшін қаржы­лық сауаттылық курстарын енгізу пы­сықталуда. Оқушылар үшін арнайы курс әзірленуде. Ол үшін әдістемелер мен оқу құралдары дайындалатын болады. Нәти­жесінде, осы бағыт шеңберінде 550 мың оқушы мен студенттерді оқыту жос­пар­лануда.

Нұрлан ҚОСАЙ