Күні кеше бұқаралық ақпарат құралдарында Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры топ-менержерлерінің миллиондаған сыйақы мен бонус алғаны туралы жаңалық шықты. Басқасы басқа, бұл жаңалық қордағы ақшасының қызығын көре алмай жүрген халықтың ашу-ызасын тудыруы заңдылық.
Жүйе жүйесіз болып шықты
667
оқылды

Жағдай ушығып кетерін білген қор басшылығы ақпараттың жалған екенін жариялапты. Олардың түсіндірмесіне сенсек, қордағы басқарманың әрбір мүшесінің, оның ішінде төрағаның сыйақы мөлшері Үкімет Қаулысымен 10 ең төменгі жалақы деңгейінде шектелген. Яғни, 600 мың теңгені олар медицина қызметкерлері және Республика күні қарсаңында алған. Қордың жылдық есебінде көрсетілген 93,8 млн теңге – осы басқарма мүшелерінің бір жылдық жалақысы, демалыс және ем-шара жәрдемақыларына жұмсалған. Сондай-ақ қордың Басқарма төрағасы таза қолға 1,39 млн теңге жалақы алады. Жөн екен. Десек те, 600 мыңдап сыйақы алатын қор жұмыс істемей тұрған жүйеден кейін жүйкесі жұқарған халыққа келгенде қаражаттың шекті шкаласын белгілеп, дәрігердің әрбір уақытын үнемдеп жатқандарын айтып ақталады. Ал әрбір минуты алтыннан қымбат науқастың өмірі үшін бас қатырмайтын қордың «қызығы» мұнымен бітсе жақсы...

Жақында Мәжілістің жалпы оты­­рысында да өзге министрлерге қара­ғанда елдің бас дәрігеріне бағытталған сұрақ көп болды. Сол кезде депутат­тардың дені дәрігерге жетемін дегенше жан тап­сырып, медициналық мекеменің есігін көргенше мәңгілік мүгедек болып жатқан науқас­тардың көбейгенін айтып ашынды. Бұл сауалды бұған дейін де депутаттар Үкімет басшысы мен ми­нистрлікке талай рет жолдаған. Алай­да мәселенің шешімін іздеуден гөрі ақ халаттылар мен қара­жаттың жетіс­пеу­шілігін айтып ақталған жауаптан ары аспай отырмыз. Әйтпегенде МӘМС жүйесіндегі міндетті әлеуметтік сақтан­дыру мен кепілдендірілген әлеу­меттік көмектің де қолжетімсіз екенін айтып жатқалы қашан. Шыны керек, ай сайын төлейтін жарнасын іздеп шарқ ұрған­дардың қасында кепілдендірілген тегін қызметті ала алмай сандалған науқас­тардың жағдайын айтудың өзі қиын. Мә­селен, Алматы қаласының тұрғыны, зейнет жасындағы Бекболат Әбсеме­товтің басы ауырып жүргеніне жарты жылдың жүзі болған. Бейінді мамандары қат тұрғылықты жердегі медициналық ұйым­­ның жолдамасын күтпей бір қа­былдауы 30 мың тұратын жекеменшік клиникаға барған. Науқастың жағдайын ауыр деп бағалаған ондағы дәрігерлер дереу опера­ция жасатуға кеңес берген. Осы уақытта дерті дендеген науқасты ота залы­на жібе­руі тиіс мемлекеттік меке­медегі дәрігерлер зейнеткерге жолдама­дан жолдама беріп, әр есікті күзеттіріп қойған. Қазір басының ауруы асқынған зейнеткердің миындағы қан тамыры күннен күнге қысылып, екі көзі айқасып кетіпті. Соған қарамастан бейінді ма­мандардың кеңесін тыңдау үшін жолда­маның соңынан жүгіріп, екі ортада аяқ добына айналып келеді екен. Жар­тылай жекеменшік медициналық меке­­медегі дәрігерлердің әрекетсіздігін жер­гілікті жердегі Денсаулық сақтау бас­қар­­­­масы мен жауапты министрлікке жет­кіз­­­гені­мен, жағдай өзгермепті. Олар­дың жұмы­сына бақылауды қаражат беріп отырған сақтандыру қоры жүргізеді. Бір қызығы, қор басшылығына науқастың өмірінен гөрі дәрігердің кәсіби қызметіне дақ түспегені маңызды секілді. Себебі ха­лықтың арызы бойынша ескерту берілсе, келесі жекеменшік медици­на­лық клини­каның есігі ашық.

Қордың күні қорға қарап тұр

Мәжіліс депутаты Асхат Аймағам­бетовтің сөзінше, жүйедегі бюрократия қаржыландыру жүйесімен де байланысты болып тұр. Мәселен, емханалар іс жү­зінде ай сайын квота арқылы қаражат алады. Осыны ескере отырып, ай са­йын­ғы қар­­жыландырудан бас тарту керек. Көрсе­­тілген қызмет фактісі бойынша қаражат төленуге тиіс. Пациенттерге ме­­дициналық ұйымды таңдау еркін беріп түсініспеу­­шілікті болдырмау үшін тегін медици­­налық көмектің кепілдендірілген көлемі мен медициналық сақтандыру пакеттерін нақтылауды ұсыну қажет. Осылай деген ол: «Қазақстандықтардың ай сайынғы жалақысынан МӘМС-ке төлейтін жар­­насының ставкасы 2 пайыз деңгейде сақ­талады. Ал мемлекеттің төлейтін жарнасы бастапқы ставкаларға қарағанда 3 есеге азайтылды. Осы ше­шім­ге байланысты МӘМС қорына, яғни азаматтардың еміне, бюджет есебінен жүздеген миллиард теңге түспеген. Бюд­жеттегі қаражаттың жеткі­­ліксіздігіне бай­ланысты шұғыл шешім­­дерді қабыл­дау үшін МӘМС қорында жиналған 700 млрдқа жуық қаражат пан­де­­­миямен күрес үшін жұмсалып кеткен. Сондай-ақ зейнеткерлер, балалар сияқты 15 әлеу­меттік санат үшін МӘМС-ке бюджеттен төлейтін жарналарын қыс­­қартып тас­тады. Мысалы, заңның 26-ба­бына сәй­кес, бюджеттен бұл жарна орташа жала­қы бойынша есептеліп, қорға ауда­рылу керек болса, іс жүзінде Қаржы ми­нистр­лігі оны медициналық жалақы мөл­шері есебінен төлеп жатыр. Заңға қайшы ши­кі шешімнің кесірінен Қаржы ми­нистр­­лігі келер жылдың өзінде 275 млрд теңге­ні МӘМС қорына, яғни азамат­тардың емделуіне аудармай отыр. Бұл жағ­дай үш жылдан бері жалғасып келе жат­қанын есепке алсақ, МӘМС-ке 600 мил­­­­­­­лиард­тан астам қаражат бюджеттен түспей тұр», – дейді. 

Бұл ғана емес, медицина қызмет­­­кер­­лерінің жалақысын көтеру үшін де ми­нистрліктің күні қордағы қаражатқа қара­ған. Ол да МӘМС-і қазақ­стан­дық­тардың еміне тікелей жұмсалуы тиіс жүз­деген миллиард теңге. Салда­рынан МӘМС қо­рына кем дегенде 1 трлн теңгеге жуық қа­ражат түспеді. Бұ­ған қоса, 1 трлн теңгеге жуық қаражат алғашқы қойылған мақ­сат­тардан тыс, мысалы пандемиямен кү­реске, әлде ГОБМП, бюджет арқылы төленуі керек бағыттарға жұмсалған. Осы­­­­лайша, ден­­саулық сақтау саласындағы шы­ғын­дар­дың қаржылық ауыртпалығы азамат­­тардың қалтасына түсіп отыр. Сауат­сыз ше­­шім қордың да қаржылық тұрақ­­сыз­дығына әкелген. Дәрігердің сыйа­қысы мен айлығын өсіріп жатқанда, қазақ­стандық­тардың өз қалтасынан ем­делуге жұмсайтын қаражаты күннен күнге көбейіп барады. 

Салғырт қабылданған сызықтық шкала

Биылдан бастап барлық медици­налық қызметке шектік шкала енгізілді. Оған сәйкес, әр медициналық ұйымға шекті квота беріледі. Айлық пен сыйақыға кел­генде қордың жағдайына бас ауырт­пайтындар мұндай әдісті амал­дың жоғы­нан қаражатты үнемдеу мақсатында қол­­­­­данысқа енгізіпті. Оны айтамыз, шек­тік шкаланы шұғыл меди­циналық көмекке де теліп қойдық. Осы­­лайша, ауруханалар травматологияға жедел түскен науқас­тарды да бекітілген квотаға сәйкес алуы тиіс. Егер науқас  бе­­­­кітілген шкаладан артып кетсе, ауру адамды ешкім қабыл­дамайды деген сөз.

 «Интертич Медицинский Ассистанс» ЖШС-нің Бас директоры Ерік Бай­жү­нісов МӘМС жүйесі әлемнің білікті сарап­шыларының кеңестеріне сүйеніп жасалғанын айтады. Бірақ қордың кей­бір міндеттерін орындауға қаражат же­тіспей қалған. Бұл туралы сарапшылар да алдын ала ескерткен. Өкінішке қарай, ол уақытта айтқанға құлақ салмадық. Осылай деген ол: «Қалай десек те МӘМС жүйесі ен­гізілгеннен кейін салаға бұ­рын­ғымен салыстырғанда екі есе көп қаржы жинал­ды. Соның арқасында қыруар қаржы тұратын технологияларды кеңі­нен дамыта бастадық. Бұл технологиялар үнемі қаржы бөлуді қажет етеді. Теңге құнсызданған сайын дәрі-дәрмек пен құрал-сайман­дардың барлығы қамбат­тады. Осының барлығы қаржы тапшы­лығын туындатты. Медицина саласына қыруар қаржы бө­лініп жатыр десек те, басқа мемлекет­­тер­мен салыстырғанда біздің бөлген ақша жет­кіліксіз, – дейді. Сол себепті бүгінде кепілдендірілген кө­мекке науқастардың қолы жете алмай келеді екен. Маманның айтуынша, сақ­тандыру қағидаларын халық тұрмақ ден­саулық сақтау саласында қызмет етіп жүргендердің өздері де түсінбей жүр. «Бү­гінде бөлінген әр тиын емдеген нау­қастың диагнозына қарай беріледі. Неғұрлым күрделі науқасты емдесең, соғұрлым көбірек ақша табасың. Ол үшін білікті мамандарды жинау керек. Оларға қажетті жалақы беруің керек сияқ­ты көптеген талаптар бар. Оны орын­­дамасаң, қаржысыз қаласың немесе қа­рызға батасың. Нарық деген – осы. Бейін­ді мамандарға қол жеткізе алма­ғандықтың негізгі себебі – осы. Сызық­тық шкалаға келсек, бұл шара тек ста­цио­нарлық ме­кемелерге ғана қол­­­­да­­­нылуы керек. Ол – дүниежүзілік тәжірибе. Ал сызықтық шка­­­л­аның амбулаториялық жүйеде қол­­данылуы – үлкен қателік. Біз қазір нау­қастардың стационарға ғана емес, ем­ха­наларға да баратын мүмкін­­діктерін шек­­теп тастадық», – дейді Ерік Әбенұлы. 

Былтыр Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына 9 айдың ішінде  24 011,  биыл 19 711 шағым мен өтініш келіп түскен. Оның ішінде жекеменшік меди­циналық мекемелердің сапасыз көрсе­­тілген медициналық көмегіне, медици­­­налық көмектен бас тартуға қа­тысты және оны ұзақ күтуге байланыс­ты шағым саны 5 188, ал былтыр 6 098-ы құрады. Арыз-шағымның басым бөлігі медициналық көмек көрсетуге қатысты болып отыр. Бұл арқылы қор өкілдері медициналық ұйым­­дағы қызметтің сапасына қатысты арыз азайғанын айт­қысы келеді. 

Түйткілдің түйінін кім тарқатады?

Алайда депутат Нартай Сәрсенғалиев «Қағазға салсақ, бізде барлығы жақсы» деп отыр. Бірақ іс жүзінде МӘМС-ке қатысты түйткілдің түйіні тарқайтын емес. Әлемде медициналық сақтандыру жүйесін жемісті жүзеге асып жатқан ел­дер бар. Біздің елге келгенде жүйе жүйе­сіз болып шықты. Осылай деген ол: «Өйт­кені бізде жүйені жылдам қабы­л­дады. Түсіндіру жұмысы да мардымды жүргізілген жоқ. Салдарынан тар бейінді мамандардың болмауы үлкен мәселеге айналды. Ревма­толог, невропатолог мамандарының же­тіспейтінін халық жиі айтады. Жұрт жеке клиникаларға барып емделуге мәжбүр. Бірақ ондағы баға­лар­ды естігенде адам ауруын ұмытып қала­тын жағдайға жет­ті», – дейді. Ал өңірге жіберген маман­дарды жергілікті әкімдер құшақ жая қарсы алуға дайын емес. Қалада электронды қағаз толтырумен уақыт өлтіретін қазіргі жүйедегі жалғыз жәбірленуші – халық. «Мысалы, жылдар бойы кезегі келіп біт­пей­тін кейбір аппараттар жекеменшік клиникаларда қолжетімді. Осындайда МӘМС жүйесін жекеменшік клиникаға ақша түссін деп жасап қойған секілді болып көрінеді. Себебі қолдан жасалған қиындықтан қи­налған халық айналып келіп жеке­меншік клиникаға барады ғой. Олай болса, ақыры жеке клиникаға жіб­е­реді екен. Онда бағаны реттеуге жұ­мыс істе­йік. Сөйтсек, министрлік мемле­кеттік ауруханалардағы ақылы қызмет­тердің құнына 20 пайыздан асырмауға кепілдік бергенімен, жекеменшік клиникаларға құзыры жүрмейді. Сонда жұрттың жағ­дайын жасап бере алмай отырып олар­дың баға саясатына араласа ал­маймыз. Соны білетін олар да халықтың қалтасын қағып жатыр», – дейді депутат.

Осындай олқы тұсы көп жүйеге осы күні елдегі 3,3 миллион адам тіркелмеген. Оның арасында жұмыссызы да бар, ай сайын айлық алатын 800 мыңдай адам да кіріп отыр. Жарнаға аударатын жалақы­сы жоқтарды қойшы, тұрақты айлығын қорға беруге құлықсыздықтың себебі де осы, жүйенің жұмыс істемеуінде жатыр. Өкі­ніш­ке қарай, «ақша енді пациенттің ар­тынан жүреді» деп сендірген МӘМС іс жүзінде келгенде пациентті ақшаның артынан жүгіртіп қойды. Тіпті, дерті ден­деген науқастар бұрынғы күнге зар болғаннан ай сайын ұстайтын ақшамыз­ды өзімізге беріп, медициналық мақсатта қол­данатын карта аштырып берсе деп күндіз-түні тілейтін болды. 

Жадыра МҮСІЛІМ

© коллаж: Елдар ҚАБА