Бай болу дегенді көбіне әсіреқызылға құмарлық, дүниеқоңыздық се­кілді материалдық ұғым ретінде қарастыруға болмайды. Бай болу – ақыл-парасат иесі болу әрі ілім-білімге ұмтылу, жомарт болу. «Ақылды болсаң, неге бай емессің?» деген мәтелді жиі естиміз.
Инфобизнес: Байлық білім арқылы келеді
949
оқылды

Бірақ мұ­ны қисынсыз тіркес деп немесе ақыл арқылы білімге ұмтылып, байлықты ба­ғындыру деп те түсінуге болады. Дегенмен қазіргі өркениеттің даму са­ты­сында байлық көзі ақпарат пен білімде екенін мойындау керек. 

Бүгінгідей ақпарат тасқыны бас кө­­­тертпей тұрған уақытта кез кел­ген адамның өзіне пайдалы ақпаратты ек­­шей білуінің, пайдасына жарата білуінің маңызы зор. Ал интернет ресурстар се­кунд сайын әр алуан, сан салалы ақпа­рат­тар тізбегін бірінен кейін бірін жар­на­ма­лап, уақытты ұрлайды. Сондықтан тұ­тыну­шының сұранысына сай қысқа уа­қыт­та сапалы өнім ұсыну қызметі алға шы­­ғады. Мұны қазір инфоөнім, ин­фо­биз­нес деп атайды.

Инфобизнес – аты айтып тұрғандай, ин­фоөнім жасап, оны сату. Егер инфо­биз­несмендердің тілінде айтсақ, инфор­ма­циял­ық монетизация. Яғни, кез келген адам­­­­ның кез келген салада өзі білетін ақ­­паратты немесе білімді сатуы арқылы қа­ра­­жат табуын инфобизнес деп атайды. Қазір Тik-tok, Instagram-да курс жасап, ма­­рафон өткізіп, тренинг-коуч, ақыл-кеңес сататындар қатары өте көп. Мұның бәрі – ақпарат немесе білімін сатушы ин­­­фобизнесмендер.

Нарықтық экономика заңы – сату бол­ғанымен, классикалық нарық – бә­се­кеге қабілетті болуды қалайды. Сол сияқ­ты инфобизнестің де өзіне тән крите­рий­лері бар. Сондықтан алдымен Шынайы ин­фобизнес деген не? Инфобизнесмен болу үшін адамға қандай қасиет немесе қан­дай білім керек? деген сұрақтардың жауа­бын іздеп көру керек. 

Экономист, сарапшы Айбар Олжай: «Ин­фобизнестің нақты анықтамасы бар. Ол алғаш АҚШ-та пайда болған. Белгілі бір пайдалы ақпаратты тауар ретінде сату. Әлеум­еттік желі, цифрлы технология да­мы­май тұрған кезде инфобизнес офлайн түр­де, яғни кітап түрінде, курстар, ақыл-ой бәрі қағазға басылып сатылды. Көп­те­ген кітаптардың сатылуы, семи­нар­лардың өт­кізілуі онлайнға өткелі бері бәрін ға­ламтор арқылы сату дамыды. Инфо­биз­нес­пен айналысу үшін ең бастысы адам­ның айтары болуы керек, өзінің қоғамға, ау­ди­торияға ұсынып тұрған тақырыбының экс­перт, сарапшысы, маманы болу керек. Со­нан кейін айтқанын адамға өткізе ала­тын қасиеті болу керек», – дейді.

Жалпы, инфобизнес тарихына тоқ­талсақ, АҚШ-та сонау Бенджамин Франк­­лин (1706–1790 ж.ж) дәуірінен пай­да болып, кейін Дейл Карнеги зама­ны­мен жалғасып, 1960 жылдары бизнес тре­нинг ретінде дами түскен. Яғни, Аме­рикада түрлі ғалымдар мен жазушылар зерт­теп, зерделеп жазған өзінің еңбегін кі­тап қылып шығарып, адамдарға тара­тып, сол арқылы табыс тапты. Ал Қазақ­стан­да 2000 жылдары аракідік психо­ло­гия­лық арнайы жиындар ұйымдасты­ры­лып, кәсіпке баулитын немесе діни кітап­шалардың сатылуымен көрініс бере бас­таған. Қазір Қазақстанда қатты дамып кетті. 2020 жылы пандемия салдарынан ка­рантин басталғанда, үйден шықпай бі­лім алу, сауда жасау трендке енді. Сол кез­­д­е түрлі сала бойынша онлайн курстар сату дами бастады. Инфобизнестің де он­лайн, офлайн түрлері бар. Соңғы уа­қыт­тары онлайн түрі тез дамып келеді. Қол­дағы телефон арқылы клиентпен кез­де­суге, клиенттерді табуға, оқытуға, үйретуге бо­лады. Сұранысқа ие СММ маманы, ко­пирайтер, рерайтер, таргетолог, мар­ке­толог, сторимейкер, мобилограф сияқты ма­мандық иелері де қолдағы телефон ар­қы­лы барлық жұмысты жүргізе береді. Олар­дың ұсынатын негізгі өнімі – ақпарат және білім. Бұл бизнеспен айналысқан адам­дарды эксперттер және продюсерлер деп бөледі. Эксперттер – өз саласын жетік бі­летін мамандар. Олар сапалы білім бере ала­­ды. Продюсер – егер эксперттер өз өні­­мін сатудың жолын білмейтін, мар­ке­тингтен хабары жоқ адам болса, оған про­­­дюсерлер көмекке келе алады. Олар экс­перттерді жарнамалайды. Адамдарға пай­далы ақпарат береді. Сәйкесінше, олар­дың табыстары да жоғары. Осы орай­да, елімізде инфобизнес туралы заң бар ма? Инфобизнесмен табысынан салық тө­лей ме? Инфоөнімнің шынайылығын қа­лай ажыратуға болады? деген сұрақтар туын­дайды. 

«Қазақстанда таза инфобизнеске ар­нал­ған заң жоқ. Бірақ ол «Онлайн плат­фор­малар туралы» заңмен реттеледі. Ал елі­мізде инфобизнестің ауқымы (обо­ро­ты) қанша екені, менің ойымша, әлі есеп­телген жоқ. 2024–2025 жылдары ғана тиіс­ті октет пайда болатын болса, сол бойын­ша салықтар жүретін болса, есеп­теуге болады. Әзірге ақпарат, цифрлар кез­­­дестірген жоқпын», – дейді Айбар Ол­жай. 

Қазір елімізде инфобизнеспен ай­на­лы­сып, миллиондап табыс тауып жүрген адам­дар бар. Қазақтілді инфобизнесмен-дер 3 не­гізгі сала – психологиялық, он­лайн курс­тар, бизнес ашу курстары (стар­тап), СММ марафондар (әлеуметтік желі ар­­қы­лы табыс табуды үйрететін мара­фон­дар) өт­кізу арқылы ақша жасайды. Олар кө­біне өзін жарнамалап, табысы туралы айтып, жарияға жар салып жатады. Бірақ құзырлы ор­гандар елдегі инфобизнес­мен­дердің са­ны қанша, нақты немен айна­лы­сады, айы­на немесе жылына қанша табыс та­­ба­ды дегендей нақты статистика, белгілі бір цифрларды қарастырмайды. Тиісінше, ин­фотабыстың бәрі көлеңкелі айна­лым­ның үлесін арттырады десек қате­лес­пей­міз. Салдарынан түрлі тренер-коучтарға ал­данып, опық жеп жатқандар өте көп. Олар арыз-шағымдарын айтып, сотқа жү­гініп те жүр. Бірақ кімнің қаншалықты үмі­ті ақталды, ол да беймәлім, «жабулы қа­зан» күйінде. 

Белгілі заңгер Айман Омарова: «Ақ­ша­ға білімін сататын адамдарды заң­мен қудалап, тоқтау сала алмаймыз. Бұл жерде басқа мәселе бар. Ақшасы тө­лен­ген сабақтың мазмұны, сапасы маңыз­ды. Бірақ мотиватор-тренердің ақпараты са­пасыз болса, ол – қылмыс емес. Сон­дық­тан инфобизнесте ұсыныстан гөрі сұра­ныстың, тұтынушының ақылды, бі­лім­ді болуы көп рөл ойнайды», – дейді. 

Интернет ресурс ұсынған түрлі ақпа­рат­­ты, инфоөнімді пайдалану немесе тұ­тыну үшін адамда саналы ақыл-ой, сапа­лы білім, өтірік пен шынайы дүниені ажы­рата білетін қаржылық ішкі имму­ни­тет, медиасауат, сыни ойлау секілді қа­сиет­тер болу керек. Адам ақыл-парасаты мен білімі арқылы баюды ғана емес, бай­лық­ты бағындыру арқылы, өзіне, еліне пай­далы бола білуді мақсат етуі керек. Қа­зақ «Білімдінің күні жарық, білімсіздің күні ғаріп» деп бекерден бекер айтпайды. Шала сауат «Көп айтса көнді, жұрт айтса болды» көнбістік, адамның ойын шатас­ты­рып, адастыратын, алдайтын инфоө­нім­­нің құрбанына айналдырады. Кері­сін­ше, біліктілікті арттыратын инфобизнесті таң­дай білсе, оның пайдасына да кенеледі. 

«Инфобизнесте табысты болу негі­зі­нен адамның өзіне байланысты. Егер мар­кетинг бойынша білім алып, сол алған бі­лімді дұрыс қолданса, еріншектікке са­лын­бай, еңбектенсе, білімді монети­за­ция­лауға болады. Адамдарға пайдалы ақ­парат беріп, ақысын алудың зияны жоқ. 

– Инфобизнестің екі жағы бар. Жақсы әрі жаман деп қарау керек. Ауа сататын­дар­ды өзім де жиі байқап жүрмін. Бұл жер­де бізге сүзгі керек. Ал ол сүзгіні тек бі­лім ғана қалыптастырады. АҚШ бұл дәуір­ді артқа тастады. Бізге енді келді. Ке­зінде Америкада инфобизнестің неше түрі болған. Қазір оларға ауаны сату қиын­дау», – дейді танымал трейдер-инвестор Ду­ман Ерқанат. Сондықтан «бәлен жерде бақыр бар» деген әсіреқызылға алданбай, әр адам сауатты болуы, бәсекеге қабілетті болуы керек. Қазақстанға негізінен на­рық­тық экономика тән дейтін болсақ, на­рық­тық экономика – бұл ең алдымен бә­секелестік. Нарық заңы – сату. Оның не­гізгі элементтері – құн, баға, бәсеке, сұра­ныс пен ұсыныс. Бірақ мұндай клас­си­калық нарықтық экономика негіздерін сақтау үшін сапалы өндіруші мен саналы тұтыну­шы қалыптасуы керек. Сондай-ақ қазір ин­фобизнесмендер өз шығарған өнімін өзге­лерден ерекшелеп, өзіне тиісті еке­нін ай­шықтап тұруы үшін жеке бренд қа­лып­тас­тыруға көшті. Клиентті клиент алып ке­леді деген түсінік – инфобизнестің са­па­лы болуы туралы түсінікті күн тәрті­біне шығарды. Ал бұл саланың қоғамға, ұлтқа пайдасы бар ма деген сұраққа Мейір­бек Бердібай:

«Инфобизнес адамдарға табыс табуға кө­мектесіп қана қоймай, тіліміздің да­муы­на көмектеседі. Яғни, қазір қазақ ті­лін­де кітаптар шығарып, YouTube пен Instagram-да қазақша контент жасап, қазақ тілін­де курстарды өмірге әкеліп жатқан жан­дардың барлығы инфобизнесмендер. Демек, біз тек қана адамдарға көмектесіп қана қоймай, табыс таба отырып тіліміздің де дамуына үлес қосып жатырмыз», – деп уәж айтады. 

Қоғам дамып, адамдардың санасы өс­кен сайын кез келген сала да дамып, үне­мі өзгеріп отырады. Сол сияқты бүгінгі күні инфобизнес ақпарат пен білімді са­тып қана қоймай, үйде отырып-ақ әлем­нің кез келген жерінен бизнес жүргізуге, тәжірибе жи­науға, адамның мақсатқа же­ту қабілетін арттыру, өмір сүруге құл­шын­дыру секілді мін­деттерді де қоса ат­қара бастады. Сонымен қатар «Білгенге мар­жан, білмеске арзан» деп Абай хакім айт­қандай, шын білімнің құны ақыл-па­ра­сатпен өлше­не­тінін, алдау-арбау ар­қы­лы табыс табу бос әуре­шілік екенін, бә­се­кеге қабілетті болу дегеннің не екенін ұқ­тырады десек қателес­пейміз.

Тілекгүл ЕСДӘУЛЕТ